Ертеңі үшін елеңдеген ел өседі

Үстіміздегі жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялаған болатын.  Өңірде келешектің қамын ойлап қыруар шаруаны қамтыған шаралар ұтымды жүзеге асырылуда.

Балалар жылында көрсетілер қамқорлықтың жай-жапсары таразы басына тартылып, атқарылатын жұмыс жеті бағытта өрбитін болды. Әрине, кез-келген маңызды шара қыруар қаражатты қажет ететіндігі белгілі. Бұл орайдағы қарастырылған қаражат көлемі де айта қаларлықтай. Межеленген жоспарды мүлтіксіз жүзеге асыру үшін барлығы 16,6 миллиард теңге бөлініп отыр.

Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік  қорғау, спорт және мәдениет салаларына жұмсалмақ. Президент пәрменінен кейін ерекше екпінмен қолға алынған саналуан жұмыстар легі мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өңірлік штаб құрылып, бар жұмыс жүйеленді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында әртүрлі форматтағы 1608 ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылса, бұл жұмыс барысында 485 мыңнан астам бала қамтылған.

Енді «Жайлы мекен» бағыты бойынша атқарылған шаруаны талдап көрелік. Балалық шақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста 25 білім беру, 3 денсаулық сақтау нысанының, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, балаларға арналған 39 спорт алаңының жабдықталуы жүргізілуде. Қаңтар айынан бастап облыс орталығында еліміздің балаларына кешенді оңалту көмегін көрсететін ірі «Қамқор» орталықтарының бірі өз жұмысын бастады.

Сөз арасында орталық балаларды медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалту қызметімен қамтитындығын айта кетсек артық болмас. Әр жыл сайын бұл орталық 650-ге жуық балаға көмек көрсетеді. Үстіміздегі жылдың басынан бері Степногорск қаласында 3 айдан 3 жасқа дейінгі аралықты қамтитын «Ерте араласу орталығы»  өз жұмысын бастады. Бұл жерде балалар кешенді оңалту көмегін алуда. Есепті кезең ішінде 5 жекеменшік  мектепке дейінгі білім беру ұйымы пайдалануға берілді. 2022 жылы Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешені балалардың демалысы мен сауықтыру бағдарламалары бойынша жұмыс істей бастап еді. Бұл мекеменің бұрнағы жылы «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы меншігінен алынып, облыстың коммуналдық меншігіне берілгендігін де айта кетелік. Орталықтың жобалық қуаты 200 орын. Табиғаты тамылжыған өңірде орналасқан орталық 140 мыңға жуық баланы тынықтырып, дем алдырды.

Оқытудың заманауи жағдайларын жақсарту үшін ағымдағы жылы алты білім ошағын пайдалануға беру жоспарлануда. Мектептер оқушыларға есіктерін айқара ашқан кезде үш ауысымдық және орынның тарлығы тәрізді өткір мәселелер сәл де болса сейілетін болады. Өңірдегі кейбір тозығы жеткен білім ошақтарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу шешімін күткен шаруаның бірі еді. Бұл бағытта да айта қаларлықтай жақсылық шарапаты бар.

Мәселен, республикалық және облыстық бюджет есебінен 63 білім беру ұйымында жалпы құны 2,4 миллиард теңге болатын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі 551 жалпы білім беретін білім ошақтарының барлығы жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін кеңжолақты интернет желісіне қосылды. Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жайы да жақсартуды тілейтін. Мәселен, бір компьютерді үш оқушы пайдаланатын.

Бөлінген қаражаттың есебінен бұл орайда да ілгері жылжу бар.  Облыстағы білім ошақтарында 45 мыңнан астам компьютерлік техника пайдаланылуда. 205 білім беру ұйымында робототехника кабинеттері жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар он мыңнан астам баланың да жайы ескерілді. Бұл санаттағы балаларды да қолдау мақсатында 28 арнайы білім беру ұйымы ұтымды жұмыс жүргізуде. Үстіміздегі жылы Жақсы ауданының Қима орта мектебінде қолдау кабинеті пайдалануға берілді.

Балалардың денсаулығы басты назарда. Бұл орайда «Дені сау бала» бағыты бойынша атап айтарлық шаруалар қолға алынған. «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделімен 6300-ге жуық нәресте қамтылған. Бұл барлық балалардың 93,5 пайызы. Сонымен қатар, ағымдағы жылы  қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуға 339 миллион теңге қаражат қарастырылды. Жаңадан медициналық құрал-жабдықтар алынды. Жеті ай ішінде профилактикалық тексеруден 47845 бала өткізілді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде денсаулығында ақауы бар 395 бала диспансерлік есепке алынды. Орфандық дәрі-дәрмекті сатып алуға 312 миллион теңге қаражат бөлінді.

«Бала қорғау»  бағыты бойынша да жүйелі жұмыс қолға алынған. Балалар мен мектепке дейінгі білім ошақтарында жұмыс істейтін қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық ұйымдарды бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Шалғайдағы шағын елді мекендерде тұрып жатқан мектеп оқушыларын өзге ауыл-селолардағы білім ошақтарына тасымалдау үшін жалпы құны 366 миллион теңге болатын 65 көлік сатылып алынды. 207 елді мекеннің 5,5 мыңнан астам оқушысын тасымалдау кезінде қиындық тумайды.

Аз қамтылған отбасылардың 15 мыңнан астам мектеп оқушыларын әлеуметтік қолдау үшін тегін мектеп формасымен қамтамасыз ету ұйғарылған болатын. Бұл шараны жүзеге асыру үшін 692 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 1 сыныптың 15074  оқушысы және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың 15 мыңнан жуық баласы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл мақсатқа 3,6 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Өңірде 3151 мүгедектігі бар балалалар қамқорлық аясынан тыс қалған жоқ. Осы санаттағы 388 бала арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған, 204 бала үй жағдайында білім алуда. Үйде оқитын балаларды материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатына арнайы қаражат бөлініп отыр. Үстіміздегі жылдың басынан бастап Бурабай, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында әлеуметтік оңалту орталықтары ашылды. Көкшетау қаласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Жергілікті өкілетті органдардың шешіміне орай ай сайын АИТВ инфекциясы бар 13 балаға ең төменгі күн көріс деңгейінің есі еселенген мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Күні бүгінге дейін 3,7 миллион теңге төленді. Қалалық бағыттағы жолаушылар көлігіндегі 1371 көп балалы ана мен көп балалы отбасылардан шыққан балаларды жеңілдікпен жол жүруін қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 41,5 миллион теңге бөлініп отыр. Аутизмі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу және психологиялық, педагогикалық сүйемелдеу үшін де облыстық бюджеттен 35,5 миллион теңге бағытталған. Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтерді көрсету үшін 4,5 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр.

Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің кешенді жүйесін қалыптастыру мақсатында облыстық бюджеттен 3,9 миллион теңге бөлініп отыр. Балалардың қосымша біліммен қамтылуы да назарда. Бұл бастама аясында 12 мыңға жуық бала шығармашылық үйірмелермен және әрқилы секциялармен қамтылған.

Аудандар мен қалалардың орталық көшелерінде Балалар жылының логотипі бар 36 баннер орнатылған. Көз салып қараған адам ел болашағын еске алады. Болашақтың құндағын жанашырлық лебімен жылытып, ұлы көштің бойындағы ұрпақтың жаз гүліндей жайнап өсуіне тудырылып жатқан қыруар жұмыстың бір парасы осындай.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар