Белгілі журналист-жазушы, жерлесіміз Жайық Бектұровтың туғанына – 110

Шындық пен зұлматтың шежірешісі

«Тұралаған шаруашылықты аяғынан тіктұрғызармыз-ау, ал  ел-жұртымның тапталған рухын көкке көтерер кім бар?!» деген екен үндінің ұлы перзенті Джавахарлал Неру. Дәл осындай жағдай Кеңес билігі кезеңінде қазақ халқының да басына түскен. Осы аса қиын да күрделі, ұлтты ояту, сананы жаңғырту, рухты  көтеру мәселелерін шешуге  қомақты, сүбелі үлес қосқан қайраткерлердің қатарында Жайық Бектұровтың орны ерекше.

Бұл азамат  Сталиндік зұлматтың қанды шеңгелінен  көп жылдар азап шеккен қарт жазушы. Және сол қасіретті шыншыл тұрғыдан, өз кезінде қаймықпай бейнелеген бірден бір суреткер деуге әбден болады. Өйткені,дер кезінде бұл тақырыпқа біздің ақын-жазушылардың бірде-бірінің қалам тартпағаны  белгілі.

Жақаң НКВД карцерінің азабын тартып, ату жазасына кесіліп, каторгада болып, үнемі  қуғында, айдауда, бақылауда жүрсе де қарымды, жемісті, өндіріп жазған азамат. Өзінің өткір де шыншыл шығармаларында қоғамдыққұрылыстың әділетсіздігін, тоталитаризмның озбырлығын, ұзақ жылдар қыспақта болған халқының  шеккен азабының сырын ашады. Ел тағдырының қисынсыз, жат  идеологияға  сәйкес бұрмаланғанын әшкерелейді. Көзі тірісінде  жарық көрген жалғыз   шығармасы «Таңба» кітабында, тәуелсіздік кезеңінде қайталанбауға тиіс өткеннің қателіктерін айқындап, таңбалап көрсетеді.

«Алаш» көсемдерімен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің  биік тұлғаларымен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен замандас, қызметтес, сырлас, мұңдас болып тығыз араласқан Жақаң, шығармаларында олардың тағдыр-талайын барынша шыншылдықпен, көркем тілмен көрсете білген қаламгер.Өкінішке орай, Жайық Бектұровқа тағдырлас інісі Нұрмақан Оразбектің құрастыруымен көлемді етіп қайта басылған «Таңба» және  «Енеден ерте айрылған төл секілді…» атты  кітаптырын көруді Алла тағала нәсіп етпеді.

Ең алдымен  Жайық Кәгенұлын біз,  халық аяулылылары  Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров  тағы да басқа мыңдаған, миллиондаған репрессия құрбандарының қатарында болып,дозақ азабын басынан өткеріп, каторға зұлматынан аман келген азамат ретінде білеміз.

Сонымен қатар, Жақаң, сол ағаларының, замандастарының еңбегін, өмірін, арман, мақсат, мүдделерін, көрген қорлығы мен азабын бірге тартып оны, елге, халыққа жеткізген қайраткер.Сондықтан Жақаңды  Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, тағы басқақоғам қайраткерлерінен бөліп қарауға болмайды. Олай болса Жайық Бектұровты аталған арыстарымыздың тар жол тайғақ кешуінен аман өткен  рухани  інісі ретінде қабылдаған ләзім.

Орыс жұрты репрессиямен ГУЛАГ-тың  тарихшысы, оның ерекшеліктері мен табиғатын алғаш ашушы ретінде бүкіл әлемге Александр Солженицынды жариялап келеді. Ақиқаты олай емес сияқты. Өйткені, іс жүзінде журналист, тарихшы Жайық Бектұров қызыл-қырғын қиянаты мен каторга зұлматын зерттеуді, жазуды  Солженицыннан әлдеқайда ерте бастаған. Фактіге жүгінсек, орыс зерттеушісі «Один день Ивана Денисовича» деген шығармасын 1969  жариялаған. Ал Жақаң, өзінің «Төгілген ар» атты көп тараулы көлемді,эпикалықроманын өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында, 1958-1960 жылдарда-ақ жазып тастаған.Бұл шығарманы сол тұста еліміздің бірқатар көрнекті жазушылары, қоғам қайраткерлері, партия, совет басшы қызметкерлері іштарта, ұнатып оқыған.Ал енді, бұл еңбектің жарық көрмей, тұншығып қалуына әрине, қаламгер емес, заман айыпты екені түсінікті жағдай.

Кім біледі, егер ғайыптан көмек болып, аталған жылдары  Жақаңның «өзінен өзітығылып, оңаша отырып қағаз бетіне түсірген шығармасы» баспадан шықса, орыс тіліне аударылып әлем жұртшылығының көзіне түссе, мүмкін Нобель сыйлығының иегері біздің ақсақал болар ма еді?! Олай дейтінім, шығармада, «ГУЛАГ» деп аталған сұрапыл азаптың  нелер  сұмдық түрлері көрініс тапқан. Атап айтар болсақ, «штрафной лагпункт», ыстық, суық карцер, титығына жетіп, көтерем болған тұтқындарды масыл етпей есептен шығаруүшін колхоздыңарық-тұрақ малдарындай «актировка» жасау, тұтқындағы әйелдердің ауыр жағдайы, мүшкіл хәлі, қашқындарды итке талату, тағыда сондай көптеген жантүршігерлік қиянат-қысастықтар.

Осы тұста Жәкеңнің өмірбаянына тоқтала кету әрі қарайғы уақиғаларды түсіну үшін өте қажет. Мына ресми құжатқа көңіл аударайық:«Мен, Бектұров Жайық Кәгенұлы, 1912 жылы Ақмола облысы, Сталин ауданында кедей-шаруа отбасында дүниеге келдім.Әке-шешемнен жастай айрылдым. 1927 жылы комсомол қатарына өттім. 1931 жылы партия мүшелігіне  кандидат болып қабылдандым. 1936 жылдан ВКП(б) мүшесімін. Комсомолда әртүрлі басшылық қызметтерде болдым

Сталин аудандық комсомол комитетінде, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері, Жамбыл облыстық газетінің редакторы болып еңбек еттім. 1942 жылдың ақпан айында Совет Армиясының қатарына шақырылдым және осы кезеңнен бастап қызыләскерлік дивизия газетінің редакторы қызметін атқардым.

1942 жылдың мамыр айының соңында ҚазССР НКВД-ісі тарапынан тұтқындалдым…Сізден тиісті органдар мен ұйымдар арқылы күнәмнің деңгейін анықтап, өтірік жабылған жаладан ақтап, саяси және азаматтық хұқықтарымды орнына келтіруіңізді сұраймын.»

Бұл Жайық Кәгенұлының КПСС Орталық Комитетінің хатшысы П.К.Пономаренкоға 1954 жылдың 18 мамырында жазған өтініші.  Дегенмен, өкінішке орай, Жақаңа жабылған айып пен жалалардың негізсіз, тіпті күлкілі екенін анықтау үшін әлі де, табаны күректей 34 жыл қажет болғанын атап өткен жөн.

Сонымен, 1942 жылдың мамыр айында Жайық Бектұров аяқ астынан қамауға алынып, сырттай РСФСР қылмыстық істер кодексінің  58-ші бабына сәйкес халық жауы деген күнә тағылады. Әрине, Берияның қазақстандық қанқұйлы жендеттерінің негізгі мақсаты қолға түскен азаматтардың бәрін аталған статья бойынша айыптап, ату жазасына кесу болатын. Осы мақсатта олар өте кең ауқымды, айыптауларды жүзеге асыруды қолға алады. Орысша түпнұсқадан аударғанда айыптау мазмұны былай тұжырымдалады: «Рысқұлов, Қожанов, Құлымбетовтіңбасшылығымен құрылған қазақ буржуазиялық ұлтшылдарының аса ірі қозғалысы,«Алаш-Орда» контрреволюциялық бандасы идеологиясының заңды жалғасы болып табылады…»,  «…ҚазақССР-і ішкі істер наркоматы тарапынан, қазақ ұлтшылдарының совет үкіметіне қарсы белсенді әрекет етіп келген  ұйымы ашылып, оның басшыларыншұғыл түрде тұтқындау нәтижесінде  жойылды.»Аталған құжат бойынша, тұтқындалып сырттай сот үкімі шыққандардың жалпы саны сегіз адам. Алтауы Қостанай, Ақмола облыстық сот-прокуратура, партия қызметкерлері. Екеуі «Социалистік Қазақстан» газетінің журналистері Аманжан Сәрсенов пен Жайық Бектұров.

Қызыл жағалы жендеттер, сырттай тағылған айыпты мойындатып, қажетті құжатқа қол қойғызу әрекетіне кіріседі. Тергеушілердің жыртқыштық әдістеріне төтеп беру өте қиын. Оны жоғарыда аталған хатында  Жақаң былай суреттейді: «…Мені  ҚазақССР НКВД-сының ішкі түрмесінде ұстады. …Үш ай бойы ыстық тамақсыз, сөткелеп ұйқысыз болдым… Жүйелі түрде, күнде түнгі сағат 11-де тергеуге алып кетіп, таңертең сағат 6-да бір кісілік камераға алып келеді.Ізінше сағат таңғы 7-ден тағы да кешкі сағат 8-9-ға  дейінтергеуге алып кетеді. Сонымен 6 ай бойы, сөткесіне 18-20 сағат тергеуде болдым. Шындығында мұны тергеу деуге келмейді. Іс жүзінде үш-төрт тергеуші  кезегімен, біріненсоңбірі жер-жебіріме жете сөгіп, дөрекі сөздермен қорлап, жәбірлеп, азаматтық арымды таптап, тағылған жаланы мойындауымды талап етеді. Тергеу конвейерлік әдіспен атқарылады. Тергеушілер маған ұйқы бермеу мақсатында бірін-бірі ауыстырып отырады. Ақырында әрине, олар діттеген мақсаттарына жетті. Мен түрме режимін бұздым. Өйткені, екі аяқта тұра алмай, жығыла бердім. Осы жағдайды пайдаланып Халық комиссарымені бес күнге  карцерге жіберу жайлы бұйрыққа қол қойды.

Карцердегі екінші сөткеде, бойымдағы терім жидіп түсе бастады. Себебі бұл ауқымы өте тар, тастан жасалған қапшық сияқты, бөлме деуге келе қоймайтын қуыс.  Шілде айының ыстығына қоса, отты аямай жағып қабырғаларды қол тигізуге болмайтын дәрежеге дейін қыздырады. Сөткелік азық-түлік паегі – бір кружка лайсаң су мен 150 грамм нан.»

Жақаң бұл қиыншылықтарға  төтеп береді. Осыншама жан азабы мен тән қиналысына қарамай, жабылған жалаларды  мойындамайды.Жалпы, әйгілі 58 статьяның 10-11 және 2 тарауы дейтін сұмдық заң тармағына сай Бектұровқа ату айыптау қорытындысы шығарылып қойылған болатын. Тек бір істегі сегіз айыпталушының алтауын Жақаңның мүлдем бімейтіндігі.Өтірік айыптаулары бар тергеу қағазына қол қоймауы.Шамасы келгенше қарысып, адалдық үшін күресіп баққаны. Әрі өзі айтқандай «құрметті тізімнің» соңында жазылуы сияқты жағдайларайыпталушы Жайық Бектұровтың  өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.

Біраз азаматтар тергеушілер ұсынған құжатқа қол қоюға  мәжбүр болады. Әрине, оларды, табандылығы, ерік-жігері жоқ деп айыптауға еш негіз жоқ. Алла сақтасын, ондай тозақ қияметіне  қаншалықты төтеп бере алатынымыз белгісіз. Сол қиын күндерде, кейіннен отызға толар толмас, атылып кеткен Аманжан Сәрсенов былай депті: «Мен барлық жағдайға дайын болатынмын… Тек азаптың тезірек бітуін қаладым».

Жалпы тергеудің қорытындысы бойынша, үш азамат–Қостанай облыстық прокурорының орынбасары Хабибулла Есжанов, Ақмола облыстық прокурорының көмекшісі Төремұрат Көкеманов, «Социалистік Қазақстан» газетінің, бөлім меңгерушісі Аманжан Сәрсенов көп кешікпей атылады. Қалған бес кісі, оның ішінде, Сәрсеновтен басқа ешқайсысын көрмеген, білмеген, кездеспеген, тіпті  Қостанай жерінде болмаған Жайық Бектұров он жыл мерзімге «Ивделлагқа» каторгага айдалады. Өкінішке орай, лагерьге аман жеткен бес азаматтың екеуі барысымен аштан өледі.

Жақаңа  жабылған жала тек қана 1955 жылы ҚазақССР Жоғары соты Президиумының шешімімен күшін жояды. Ал, түбегейлі ақталу 1989 жылы ғана мүмкін болады.Осы қудалау, түрмеге тығу, ит қосақтап тайгага айдаудың бірден бір себебі не десеңіз, ол «Қазан төңкерісіне дейін  қазақ халқы ұлт болып қалыптасқан жұрт»-деген пікірді мақұлдағаны. Анығында, алдыңғы толқын Алашшыл,төңкерісшіл аяулы ағаларының саяси тұжырымдары мен әрекеттерін ашық түрде қолдағаны.

Ал енді, сол үшін «ұлтшыл» ретіндеагентуралық тергеуге алынып, сырттай сотталған, Алматыдағы әйгілі  НКВД карцерінде жатып өлім жазасын күткен, көз көрмес, құлақ естімес қиырдағы, өзі жазғандай «ит байласа тұрғысыз лагерьде» тозақ өмірді бастан өткеріп келген азаматтың компартияның қылышынан әлі де қан тамып тұрған  кезінде  «Төгілген ар» романын жазуы ерлік емес пе?!

Топырақтың тоң батпағы аяқ алғызбайтын, шөбіндегі шыбын-шіркейі көз аштырмайтын тайгадан оралғанда Жақаң, кеңестік қазақ қоғамында көп өзгеріс болғанын байқайды. Адамдарда қайырым жоқ. Бұрынғы достар, жолдастар, әріптестер тілге келмейді. Қол ұшын бермейді.Сәлемдесуге жарамайды. Бәрі тас бауыр. Соғыстың зардабынан елі іші жүдеп отырғаны да байқалады.Соған қарамай, Жақаң алдымен Қарағандыға орналасуға әрекеттенеді. Бірақ оны, үлкен өндірісті қалада көп тұрғызбайды. Содан көп уақыт Жетісуды, оның  Талдықорған қаласын паналайды. Бірақ мұнда да ешкім  жұмыс бермейді. Тайгадан елім-жерім, Отаным деп келген азаматмұнда да  баспанаға қуыс күрке таба алмай, қор болады.Жұмыссыз адамға кім үйін, бөлмесін жалға бере қойсын.

Өзінің айтуынша, екі баласы жататын  жаман бір кереуетінен өзге түк те жоқ.Отыратын орындық, жазатын столға зар.Енді бір жеркепені жалдауға тұра келеді.Бірақ, жаңбыр жауған сайын, тамшы сорғалап, екі кішкене балаларын Жәукен анамыз екеуі қойындарына тығып, құдайға қараған көршілеріне барып түнеп шығады.Жұрттың көпшілігі жер кепеде отырады. «Біз үшін бір жақсылығы деп еске алады Жәкең сол күндерді – ондай ыбырсыған тар үйде отырған адам, біздерден жиіркенбейді, қомсынбайды. Аяса да, бұрынғы қазақ дағдысы бойынша, әйтеуір, үйлеріне қондырып шығады». Әрине, мұндай жағдайда жазушылық жайлы ойлаудың өзі күлкілі.Істейтін жұмыс, қалтада ақша, баста пана болмаса, қалай, не жаза алады? Өлермендікпен жазған күннің өзінде де, кешегі каторжниктің шығармасын кім баса қояды?

Ең қиыны арнайы Сталиндік режимнің қысымы.Сол тәртіпке сәйкес, Бектұровқа астанаға,яғни, Алматы қаласына жүз шақырымдай жақын келуге тиым салынған. Сонымен қатар іргелі қалаларда да бір сөткеден артық тұруға болмайды. Әдетте, жолаушылар билет болмаған жағдайда теміржол вокзалында немесе әуежайда түнеп қала беруіне болады. Жақаңа осының бәріне тиым салынған. Ағамызға уақытша берілген паспорттың 39 арнаулы тармағына сай, жоғарыда аталған талаптардың қайсы бірінің бұзылуын милиция байқаса, режимді бұздың деп  ала жөнеледі, неқаладан қуып шығады. Ең сорақысы әрине, концлагерден босап шығарда, онда көрген-білгеніңді жазу былай тұрсын ешкімге тіс жарып айтпаймын деген қаһарлы құжатқа қол қоюың.

Құдай қолдағанда, әуелде ескі досы Жүсіп Алтайбаев газетте редактор болып тұрғанда Жақаңды аудармашы ретінде қызметке алады. Бірақ, көп өтпей бір қулар Бектұровтың тайгадан келгенін айтып жұмыстан шығартып тастайды. Сонда да қысылтаяң бір кездерде, ТАСС-тан асығыс материалдар келгенде күні-түні демей шақыртып аударма жасаттырады. Енді біреулер «Прессбюроның» мақалаларын тең ортаққа аудартып, қаламақыларынан қарасады. Біреулерге арыз жазып беріп сексеуіл, көмір  алады.

Өмірде қайғымен күлкі қатар жүрмей ме? Бір күні түнде үйге өмірі бас сұқпайтын облыстық газет редакторы орынбасарыРымтай Дәулетовтыңжұбайы терезе қағады. Тездетіп есік аштым: «Рымтай ағаңыз сізге жіберді. Бір үйде қонақта болып едік, көбірек ішіп қойыпты.  Газеттің бетін оқуға үйге әкеліп еді, соған шамасы келмей отыр. Оқып беріңізші» – деп жыламсырайды жеңгеміз. Бардым, Рымтай байғұс қисайып жатыр. Ыржаңдап күлмекші болады. Үйелеген малдай орнынынан тұра алмайды. Газетті оқып, «Басылсын» – деп Дәулетов жолдастың қолын қойып бердім.Ләтипа жеңгем түн ішінде алдыма бірдеңе қойып, тымпыңдап жүр. Кетерімде уысыма он сом ұстатып жатыр. Бұрын ауылда, селода үй-күйі жоқ жалғыз басты, әркімнің шаруасын істеп беріп, тамақ ішіп кететін бейсауат жандар болатын. Оны ас-су беріп, керегінде әркім шақырып, не отын жарғызып, не қорасын күретіп алатын. Мен де дәл сол сияқты болып жүрдім», – деп мұңая еске алады сол кезеңді Жақаң.

Өзі осындай қиын-қыстау жағдайда жүріп, партиялық-советтік жүйенің хайуандықтары туралы қалам тербеген азамат батыр, жаужүрек, өжет деген атаққа әбден лайықты. Әрине, бұл кезеңде газет беттерінде «халықжауы» дейтін үрейлі айғай тоқтаған. Бірақ оның орнына, «колхоз құрылысының жаулары», колхоздан астық алды, ет жеді, ат мінді деген жаламен біраз жұрт сотталып жатты. Саяси өмірде  «космополит» деген түсініксіз сұмдық шығады. Осындай айып тағылып орталықта, облыстық аймақтарда көрнекті әдебиетшілер, музыканттар, ғалымдар, жалпы зиялылар қуғын-сүргінге ұшырап жатты. Қазақ қоғамы да еш өзгермеген. Баяғыдай бірінің үстінен бірі арызды қарша боратуда. Неміс фашистерінің күлін көкке ұшырған,  Еуропа халықтарын гитлеризмнен азат еткен, күні кешегі ержүрек жауынгерлерді жаудың үйінен ас ішті, неміс қыз-келіншектерімен ойнап-күліп қойды, соғыста жау әскерінің қолына түсті деп айыптап, туған туысқандарымен де кездестірмей Сібірге, тайгаға қуып жатты.

Осы тұста тағы да бір ерекше көңіл аударатын жағдай бар. Жәкең «Қыл  салып ескен арқанды да қатты ширата берсе, түбі  бір үзілмей қоймайды»-деп жазады. Бұл сүреттеудің қаламгердің өз өмірінен алынғандығында еш шүбә жоқ.1956 жылы Талдықорғанда іссапармен жүргенде, аяқ астынан екі қолы қалтырап, қалам ұстатпай жатып қалады. Бұл ұзақ жыл түрмеде, лагерьде болып, одан кейін бала-шағаны асыраймын деп жүріп, бойдағы ауруды асқындырып алудың нәтижесі еді.Сонымен, қырық төрттегі қамал бұзар шағында, екінші топтағы мүгедек болып шыға келеді. Тек құдайға қараған, қайырымды, жаны таза дәрігерлердің көмегімен ғана бұл қиыншылықтан аман шығады.

Елуінші жылдардың ортасына қарай жалған жаладан ақталуына байланысты Жақаң Қарағандыға ауысады. Өмірінің көп бөлігін осында өткізеді. Осы қалада тамаша поэтикалық, прозалық шығармаларын жазды, керемет публицистикалық дүниелерін өмірге алып келіп, көсемсөз жанрының шебері атанды.

1958 жылдың 1 қаңтарында Ғабит Мүсірепов  Жайық Бектұровты Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің  жауапты хатшысы қызметіне тағайындайды. «Халық жауы» қатарына ілінген кісінің қайда, қандай жұмысқа барса да, алдынан жабылған жала атойлап шығып тұратынкез емес пе? Каторжандарға қызмет беру түгілі, сәлемдесуден қашып жүрген заманда, бұл Ғабеңнің үлкен ерлігі мен көрегендігі екенін атап өткен жөн.Осы қызметте Жақаң өмірінің соңына дейін, отыз екі жыл жемісті еңбек етті. Алғашқыда бұған Қарағанды, Целиноград, Павлодар, Көкшетау,Солтүстік Қазақстан облыстары қаламгерлері түгел қарайтын. Аса күрделі қиын кезеңде басшылыққа келуіне қарамастан, Жақаң жұмысты өзіне тән ыждаһаттылықпен, жандандырып, үйіріп алып кетеді. Онымен қоса, елдегі партиялық-саяси бақылаудың күшеюіне, орын алып отырған әртүрлі айтыс-тартыстарға қарамай, көлемді роман жазуды қолға алады. Бұл шаруа үлкен батылдық пен өжеттілікті қажет ететінін айтпаса да түсінікті.

Жазушылар одағының ең үлкен бөлімшелерінің біріне Жайық Кәгенұлының тағайындалуын кездейсоқ деуге де болмайды.Өйткені, ол бұрыннан-ақ өзінің қайсарлығымен көзге түсіп жүрген азамат еді. Бір мысал. 1937-1941 жылдары Сәбит Мұқановтың белгілі себептермен партия қатарынан шығып қалғаны көпшілікке мәлім.  Осыған байланысты өзі де көңіл-күйі болмай жүрген классик жазушымыздың 1939 жылы Сталиннің алпыс жасқа толуына  арналған мақаласын «Социалистік Қазақстан» газеті баспай қояды. Бұл жағдайды естіген Жақаң ағасының «Ұлы көсем» жайлы мақаласын өзі редактор ретінде қол қоятын Жамбыл облыстық газетіне бастырады.Жақаңның  жүректілігі мен тәуекелшілділігінің бір көрінісі ретінде оның КГБ-ның бейресми бақылауынан әлі арыла қоймаған 50-ші жылдардың өзінде Мағжан туралы жазылған көлемді мақаласы мен жеті-сегіз жүз жолдай өлеңдерін  1965 жылы Ғабит Мүсіреповке табыс етуін де айтуға болады.

Қайта құру заманы әкелген шалажансар жариялылықты алғаш және ұтымды пайдаланған  жазушының бірі Жайық Бектұров болды. Ең алдымен Шәкәрім трагедиясын арқау еткен «Ақын және арамза» поэмасын жариялады. Ол ертеде жазылып, жарыққа шығуын ұзақ күткен шығарма болатын. Сондықтан, онда имене сөйлеу, тартына айту,  ишаратпен меңзеу әдістерін кеңінен кездестіреміз. Сонымен қатар бұл туындыда  жариялылыққа әлі бойы үйрене қоймаған,  азап пен бейнетті   басынын молынан өткізген автордың жан толғанысын байқаймыз.

Жайық Бектұровтың 1988 жылдың қырқүйегінде жазылған «Айыбы не, абзал ағаларымның?» атты еңбегін оқу барысында ерінбей қолға қалам алып, қуғындалған, атылған, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің,  ғалымдар  мен жазушылардың аты жөндерін жазып отырдық.Осы отыз беттік шағын еңбегінде автор,өзі тікелей араласқан бірінен сабақ алған, үйренген, енді біреулеріне қол ұшын беріп көмектескен, тәрбиелген, араласқан жүз елуден аса қайраткерлердің аты-жөні аталып, олар тұралы көрнекті, маңызды, көпшілік біле бермейтін ақпараттар мен материалдарберілген!

Осы кең ауқымды зұлымдықтың басында тұрған Сталинді біздің жұрт тіл жеткенше мақтады. Тарихта ешбір пайғамбар, әулие, шадияр, сахаба дәл осылай дәріптелмеген шығар дей келе, бұл құбылыстың табиғатыжайлы Жақаң былай ой толғайды: «Біраз жұрт кейін «Біз Сталинге сендік, ол ел ішінде болып жатқан нақты жағдайды білмеді»– деп жалтарысады. Әрине, сенген, білмеген, өрісі тарлар, тоғышарлар аз болмаған шығар. Бұлардың көбісі қараңғы, өй өрісі тар не мансапқор, қайсыбірі арамза, жалақор, жәдігөй жандар.Біразы қамалып «әшкереленіп» жатқандардың босаған орындарына, үйлеріне таласты.  Біраз жұрт өздерінен білімі, дәрежесі қызметі жоғары адамдарды аяққа басқысы келіп тұрды. Сөйтсе де парасаты бар көп адамдар озбырлықты, қиянат-қысастықты сезіп, көріп, біліп отырды. Сталинизм жеңеді, тап жаулары құрыды деп айғайлап жатқан елде тарихи жұмысты тындырып жатқан басшы қызметшілерді шеттерінен абақтыға жабу, ату ненің ызғары,  кімге көрсетілген қыр-айбат?»

Түптеп келгенде көптеген ардақты, аяулы, абзал ағалардың қоғам, адам алдында ары таза, ешбір кінәсі жоқ. Бәрі де қиянат-қысастықтан қыршын күндерінде, қаскүнемдер қолына қаза тапты. Бұл азаматтарымызды, өрендермізді қас-жау дегендердің өздерінің совет құрылысына қас екендігі кейін айдан анық мәлім болды. Сондықтан, күнделікті саяси, қоғамдық, тәрбие жұмыстарымызда да, әдебиетімізде де, бұлақтың көзін ашқандай, азаматтарымыздың қөңіл кірін, жүрегін тазарту жолында әлі көп еңбек етуіміз керек – деп түйеді абыз ақсақал.  Аталған маңызды міндетті жүзеге асырудаЖайық Бектұровтың еңбектерінің алар орны ерекше екені дау тудырмас шындық.

Жақаңның ертеректе жазылып 1976 жылдың 3 желтоқсанында «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған бір мақаласы «Дәлел мен дерек» деп аталады. Бұл осы мерзімнен  бір жеті бұрын, аталған газет бетінде жарық көрген «Авгейдің қораларынан бастайық» дегенҒабит Мүсіреповтың мақаласына орай жазылған дүние. Бір қарағанда ана тіліміздің тазалығы мәселесінен бастау алған сияқты мақала, өрби келе кең ауқымды, панорамалық сипат алады. Жақаң қадірлі ағасының Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Хан Кене» кітаптарына көзқарасымен келісе алмайтынын, жалпы, хан Кене тағдыры аса күрделі екенін айтады. Біз, 1837-1847 жылдары, яғни он жыл бойы,  аса ірі әскери академияларда білім алған Ресей империясы  генералдарының Кенесары Қасымовты қалай жеңе алмағандығын талқылайын деп отырған жоқпыз. Бұл өз алдына бір мәселе. Мақсат, Жақаңның  академик-жазушы ағасына айтқан уәжі.

Жайық Бектұровтың түсінігінше, Кенесары жайлы Ілияс Жансүгіровтен асып  ешкім орынды пікір айтқан емес. Осының дәлелі ретінде Жақаң, ақынның «Күйші» поэмасында ханның жорығын сипаттайтын мына шумақтарды келтіреді: «Ауылы Бақанастың өлкесінде, Арқадан Алатауға ауған беті! «Ел қандай, Арқа қандай, дұспан қандай, Ауған ел арт жағымен жауласқандай», «Болғанда бүгін мұнда, ертең қайда, мекені Кене ханның бір көшкен жұрт, артында орыс барда, Аулына Кенеханның қоныс бар ма?». Арқадан, қазақтың ұшы қиырсыз кең жерінен қоныс таппай, тұрақ таппай, тығылатын, паналайтын қуыс болмай, Кенесарының бүкіл қолы болып бір домбыраға мінгескендей қан жылап, жер ауғанын, тығырыққа қамалғанын бұдан артық қалай айтып дәлелдеу керек! – дейді Бектұров ағасына.

Міне осыдан келіп, ақыры Кененің табан тіреп, қамалған жері қырғыз Алатауы болды. Орынбор түбінен, Көкшетаудан, Зерендіден, Торғай саласынан, Сарыарқаның сары даласынан, Жетісудан оның ізіне түсіп қуған патшаның қарулы әскері. Ата қонысы, қазақтың жүрегіндей, халықтың көзінің ағы мен қарашығындай әсем Бұрабайдан Кенеге оншақты адамғана әрең сиятындай, бір тар үңгір ғана аз уақытқа тигені кімге мәлім емес? –деп күйінеді Жақаң.Осы тұста поляк Янушкевичтің өзі күнделіктерінде генерал Вишневский бастаған, іштерінде қазақтың өз байлары, бектері, шонжарлары  бар әскерінің хан Кенені Жетісудағы Қараталдан, Іле-Үшбуырылдан асырып, Шу өзені бойына қуып салғаны туралы жазғанын еске салады.

Байқағанымыз, мұндай жағдай қай заманда да, елге танымал тұлғалардың басына түсіп тұратын жағдаят сияқты. Бірде, жалған жаладан әлі ақталмаған  Жайық  Бектұров, жасырын Алматыға келеді. Түн ішінде жолдасымен кездесу сәтінде сөзден сөз шығып: «Апырай, Шәкәрімді айдалада, баяғыда бір қулар, жазықсыз атып тастады-ау» – дейді. Сонда жолдасы бетіне таңырқай қарап: «Сен Шәкәрімді қу далада аңдай қуып жүріп атып кеткеніне таңданба, Шәкәрімдей ғажап ақынның, ел-жұрт аузына қараған ардақты адамның, қазақтың күллі жалпақ даласынан, Алатаудан Атырауға дейін созылған Сарыарқасынан бір басына тығылатын пана таба алмағанына таңдан»– дейді.Мен мына сөзге қатты таң қалдым – дейді Жақаң. Еліміздің біртуар ақыны, қайталанбас талант, «Қазақтың Маяковскийі» атанған Қасым Аманжоловтың Батыстан-Орал, Арқадан-Қарағанды, Жетісудан-Алматысая таппай: «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды…» деп налып өтуі де осы құралпы дүние емес пе? Тіпті сол кезеңде бұл жағдаят Солтүстіктен Оңтүстікке кезек қуылып жүрген Жақаңның  өз басындағы  да жағдай ғой.

Өзі тайгада айдауда жүргенде Жақаң, Қарағандыға қарындасы Фатимаға болмашы жыртық қағаздарға, газет қиындыларына, қайыңның қабығына, цемент орайтын жарғақтай сары қағазға, күйеден жасалған сиямен жазған хаттарын, мүмкіндігін тауып жолдап  отырады.Ағасынан көрген  дағдыны сақтап.Қарындасыоларды жеке бөлек папкаға  мұқият тігіп сақтайды.Лагерьден босап келгенсоң, НКВД күнде шақырып тыныштықбермейді. Туыстарына, достарына, қызметтестеріне залалы тимесін деген мақсатпен сол папкені қаланың Киров көшесінің нөміржетінші үйінде, өз қолымен отқа жағуға мәжбүр болады.

Айналасы ат шаптырым, тіпті бір күнде көлемін орап шығуға болмайтын қаладан, бір папкені тығуға орын табылмайды.Қиналғанда ақын Доскей ақсақалдың зиратын іздейді. Ол қаланың сыртында болып шығады. Оған көлікпен баруға мүміндік те жоқ  әрі бұлай көзге түсу аса қауіпті. Сонымен, «Алыстан өзім жазған хаттарым отқа жағылып  қара күлге айналған кезде, көзімнен жас шықты, өкіндім. Бұл хаттарда нелер көкірек сыры, көз жасы, қасірет шері бар еді. Бәрі де көз алдымда  отқа жанып кетті.»– деп қайғырады ақсақал.

Міне, бұл адамға ғана емес, оның ойына, пікіріне, сеніміне, арманына да кең-байтақ  Отанынан тоқымдай жер табылмауының қайғылы көрінісі.Мақталған, мадақталған Совет заманында да өз еліне, өз жеріне, сыймай қашып қуылып жүрген Кенесарының тағдыр-талайының жалғасып жатқанының мысалы. Қазақ халқының өткені мен бүгінінің астасып жатуының белгісі.

Шоқан Уәлиханов Кенесары хан опат болған жерге араға көп уақыт салмай келген. Ол Кененің көтерілісінің сәтсіз болуының  себебін былай түсіндіреді. Жетісудың шұрайлы жерінен қоныс алған полковник Абакумов, Қарқаралының құнарлы етегінен орын тепкен капитан Карбышевкөтерілісшілер қолын ұзағырақ,көбірек қууды әдейі кәсіп-нәсіп еткен.Сол себепті, Кенесары қолына жете тұрса да көбіне қасақана әдейі шегініп, көтерілісшілердің ізіне түсуді қазақ елін емін-еркін талаудың, бейғам жұрттың күлін көкке ұшырудың,ойрандаудың, сөйтіп, мал табудың себеп-сылтауына айналдырады. Қаны бір туыс ағасына бауырының жаны қатты ашығаны түсінікті. Оқымысты-ағартушы Шоқан Кененің кім екенін, оның өлтірілу жағдаяттарын әрине, жақсы білген. Бірақ, оны ашық айта алмаған. Ол тіпті Кенені «Отважный мятежник» – «Ержүрек көтерілісші»деп атаған. Одан әрі тереңдуге оның дәті бармаған. Себебі өзі орыс офицері, жоғарыда патша ағзамның әкім-қаралары…

Хан Кене көтерілісін басуға ерекше ынтамен араласқан Орынбор қаласының бастығы Среда Ресейде шығатын ірі баспаның бірі «Вестник Европы» журналына аталған көтеріліс туралы көлемді тарихи очеркбереді.Орыс жұртшылығы үшін жазылған осы еңбегінде Среда Кенесарыны біздің заманымыздан жүз жылдай бұрын өткен Қаратеңіз патшасы Митридатқа  теңейді. Бұл патша осыдан екі мың жылмұғдарындай, аталған теңіз аймағын алаңсыз билеп тұрған. Бірақ, ол өзінен күші әдеуір басым, Рим империясына қарсы соғыс ашып, жеңіліске ұшырайды.Сол жеңілістен кейін Митридат өзін өзі өлтіріпті. Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз Алатауында жеңіліске ұшырап, ерлікпен қаза болуы да осыған ұқсас құбылыс. Бұл халық үшін он жыл арпалысып қан төгіп, кең-байтақ елінің  «саясынан сайғақ құрлы сая таппай», жиырма мыңдай қолына қоныс таппай, қандастарынан қолдау таппай, жапонның камикадзесі сияқты өзін саналы түрде өлімге қию еді. Бұл  ымырасыз айқаста, ет қызу сәтінде, ар-намыс үстінде, сол шет аймақта, жат елде, бөтен жерде, арпалысып өлуді артық көру еді. Ескі ұғымда бұл шәйіт болу. Оны Кенесары мен Наурызбайдың ерлігі, жүректілігі әрі білгірлігі деп ұққан жөн деп жазады Жақаң.

Биылғы наурыз айынан «Қазақ әдебиеті» газеті Мұхтар Әуезовтың «Хан Кене» драмасының мәтінін жариялай бастады. Осыған байланысты Жақаңның кейбір ой-пікірлеріне тоқталып өтуді жөн көрдік. 1934 жылдың жазында Алматыда өлкелік комсомол комитетінде қызмет істеп жүргенде          Жақаң аталған пьесаның алғашқы қойылған байқау-ойынын көреді. Ал, пьесаның негізгі қойылымынан жұрт үндеспей, іштен тынып шығады. Халықпен бірге  Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Ілияс Жансүгіров,Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, тағы басқалар болады.Премьераға сол кездегі басшы қазақ қызметкерлерінің, іске татыр зиялыларының  төрт көзі түгел қатысады.Кейін жабық талқылау болады. Бірақ, Жақаң оған қатыса алмаған. Сырттай естуі бойынша: «Советтік бір ту астындағы іргелес тату-тәтті отырған екі ел арасына, әлі мәдениеті, санасы жетіліңкіремеген  адамдар арасына от түсуі, араздық тууы мүмкін. Ескі реніш, кекке дем беріп, алакөздік тудырып жүрмейік.»деген сыңайдағы пікір айтқан көрінеді    ақылды адамдар. Сол күндердегі, тіпті қазіргі уақыттағы нақты жағдайларды ескергенде, орындыпікір. Егер Кенесарының өліміқытайда,ауғанда, иранда, тіпті ішкі-сыртқы  қалмақ-торғауыт, моңғол арасында болса, пьеса сахнада қойылып кететін еді. Әрі жазушы оны, бұдан гөрі мықтырақ сомдай түсетін еді, – деген ойға келеді Жақаң.

Түптеп келгенде, Сәкен Сейфуллин тағы басқалар бұл пьесаға қарсы шығады. Кешікпей ақынның «Социалды Қазақстан» газетінде «Хан Кене» туралы көлемді мақаласы басылады. Әрине, ол Қасымды, Кенені, заты Абылай әулетін тұқырта жазған мақала болды. Бұл мақала тіпті қазір Сәкен жинағына кірген де жоқ,–деп арнайы ескертеді Жақаң. «Хан Кене» мәтіні  Мұхтар Әуезовтың сол кезеңдегі өз томдарына да кіргізілмеген сияқты. Көп ұзамай, аталған пьесаға ризалық  білдірмеген Ғабит Мүсіреповтыңда мақаласы басылады.Бір байқалғаны, басылымның көлемі онша үлкен емес. Соған қарағанда, аталған сыни мақалалардың, ресми тапсырыспен немесе жабық байқаудың қорытындысы негізінде жазылуы да ғажап емес деп топшылауға болады.Тек біраз үзілістен кейін, бұдан бірер жыл бұрын абақтыдан шығып, әдебиетке жақында ғана қайта оралған Мұхтардың  өз басын арғы бергісін сөккен, қазбалаған сарын әсте болмағанына, Жақаң қатты қуанады.

Жоғарыда Абылай әулетін тұқырту туралы әңгіме болды. Жақаңның  табиғаты, осындай сыңаржақ бағалауларға мүлдем қарсы болғанын байқаймыз. Ол Ғабит ағасын қатты сыйлай отырып, білімді, терең  суреткер ағасының аузына, қаламына халық жақсы еді, тек оның хандары, бектері, басшыларыжаман болды дейтін сөздің көбірек түсетінінеренішін білдіреді.

Тегінде, халқы жаман болып, ханы жақсы болған, патшалары корольдері, хандары, княздары жақсы болып, елі-жұрты жаман болған тарихи кезеңдерді кездестіру оңайға түспейді деп жазады Жақаң.  Өйткені әр елдің басшылары да, халық-қауымы да әдетте бір-біріне лайық, теңдес келетіні мәлім.Орыс халқының тіпті озбыр патшаларын суреттеген  жазушыларыда солардың өз елі үшін пайдалы істерін, өз жұртына, өз ұлтына келтірген жақсылықтарын, тіпті өзге жұрттың жерлерін жаулап алушыларының өзін дұрыс деп баса айтып отырады. Өз елінің іргесін кеңіткен, байлығын молайтқан патшаларды халықтың қайсысы да жек көрмейді.Ал әлемдік  тәжірибе,  ертедегі ұлттық халықтық қозғалыстарды бастағандардың, басқарғандардың көбісі хан, патша, болғанын аңғартады. Бұлардың төңірегінде, беделді адамдардың айналасында  қаратаяғы бар, ақсүйегі болсын,халық жиналады. Ол кезде таптық принцип деген түсінік түбірімен жоқ,-деп түйіндейді ойын Жақаң.

Ашығын айтқанда, Абылайхан ұрпақтарына, бұрын соңды ел билеген хан,төре, би, болыс, батырларға таптықкөзқарас тұрғысынан баға беру тәжірибесі қазақтарихына көп кесірін тигізді. Бұл аурудан арылмасақ Абылайдан Абайға дейінгі рұхани құндылықтарымыздан  маһрум болуымыз әбден мүмкін. Ерте кездегі ел билеген, қол бастаған, хан, би, батырларымыздан бастап  «Алаш» арыстары, ақын-жазушы, мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткерлеріміздіңбасым  көпшілігібай-қуаттыортадан шыққандар. Жайық Бектұров «Үш Әлекең» атты еңбегін өзі тығыз араласқан, текті ортадан шығып бүкіл саналы өмірін халық  бақыты үшін сарп еткен қайраткерлерге арнаған.

Әлихан Ңұрмұхамбетұлы Бөкейханов бала кезінде Семейде оқиды. Кейін Омбыда техникалық училищені бітіреді. Осы қалада орыс генералының қызына үйленеді. Онан соң Петербургте орман шаруашылығы институтын тамамдап, эконмика саласынан диплом алады. Сол кезден әдеби, ғылыми, қоғамдық мемлекеттік  жұмыстарға белсене араласады. Патша өкіметінің алғашқы Думасына  депутат болады.Ресейдегі кадеттер – Конституциялық демократтар партиясының жұмысына, іс-шараларына  қатысады. Өткен ғасырдың бас кезінде Думаның өзге мүшелерімен бірге патша үкіметі шараларына наразылық білдіріп, қарсы қол қояды. Кейін патша билігі құлаған кезде, Александр Керенский басқарған Уақытша үкіметтің қазақ даласындағы Комиссары қызметін атқарады.

Әлихан Бөкейхановтың қазақ үшін атқарған еңбегі ұшан теңіз, жан-жақты,сан-салалы. Біз мақала көлемін және биыл ұлы ойшылдың 175 жылдық  мерейтойын ескере отырып, Әлекеңнің өткен ғасырдың  басындаАбай мұрасына қатысты атқарған еңбегіне ғана көңіл аударумен шектелуді жөн көрдік. Бөкейханов 1904-1907 жылдары қазақхалқының данышпан ұлы Абайдың өмірбаянын сол кез үшін, және алдағы болашақ үшін терең мағыналы етіп, алғаш рет орыс тілінде жариялайды. Осы еңбегінде, Абайды Европаның ұлы ақындарының қатарына қоюы ерекше көңілаударарлық жағдай. Ресми әдебиетте, Абай поэзиясын бүгінге жеткізген ұлы ақынның жерлесі Мүрсейіт молда деген пікір қалыптасқан. Ал негізінде күні бүгінге дейін қалың жұрттың оқып, жадына берік тоқып келген Абай өмірбаянын алғашқы  рет орыс тілінде, Әлихан Бөкейханов бұдан 115 жылдан аса  бұрын тасқа басып кеткен екен. Сонымен қатар, ұлы ақынның біраз өлеңдерін данышпанның көзі тірі кезінде-ақ, Омбыдағы «Дала уәлаяты» газетіне бастыртқан. Абайдың асыл мұрасын оның ұрпақтарының көмегімен жұрттан бұрын жинап, бір жүйеге келтірген де Әлихан Бөкейханов көрінеді.

Жақаңның айтуынша, ұлы ақын қайтыс болғанда Әлекең орысша жазған мұнаһип-некролог мақаласында Абайдың көп өлеңдерін  түпнұсқасында келтіріліпті.Оларды Бөкейхановтың өзі қара сөзбен орысша еркін аударып отырған. Абай қайтыс болғаннан кейін арадан төрт-бес жыл өткенде, яғни 1909 жылы ақынның алғашқы жинағын  Әлекең өзі басқарып жарыққа шығарыпты. Ұлы Абайдың 175 жылдығы жалпы халық болып тойланып жатқан бүгінгі күні, Әлихан Бөкейхановтың жоғарыда аталған еңбектерін кезінде данышпанды толық тани білу, оның мол мұрасын халыққа жеткізу жолындағы, сіңірген ерекше еңбегі деп бағалау керек.

Жайық Бектұров ақсақал туған ағасындай жақын араласқан, сырласы, мұңдасы болған Әлімхан Әбеуұлы Ермеков жайлы да тамаша естеліктер қалдырған.Әлімхан Әбеуұлы  қалада бала оқытуға жағдайы бар, бірсыдырғы ауқатты, әлді, беделді отбасында дүниеге келеді, Әкесі Әбеу ақсақал бірер сайлауда болыс болып та сайланады. Сонымен қатар, қазақ қоғамында кең орын алған бақталастық, ата, ру таластықтың жәбірін көріп тұтқындықтың да ащы дәмін татады.

Әлімхан ЕрмековЛенинмен, Сталинмен тең  дәрежеде сөз, ой пікір,таластыра алған қайраткер. 1920 жылдың тамыз айында  Халық  комиссарлары кеңесінің төрағасы Лениннің қабылдауында болып, кеңейтілген мәжілісте қазақ өлкесіндегі жағдай, әсіресе шекара мәселесі тұралы баяндама жасайды. Мұқият дайындалған өз сөзінде ол Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқанд, Ферғана жалпы көлемі үш жарым миллион шаршы километрге жақын аймақтағы облыстар мен губернияларды Қазақ республикасының құрамына беру тұралы ұсыныс жасайды. Аталған территорияның  81 пайызында 5,5 миллион қазақ тұрады. Бұл жалпы тұрғандардың 54 пайызын құрайды. Және олардың арсында терең тарихи, рухани, экономикалық қатнастар барын алға тартады.Міне осындай келелі, ауқымды, маңызы зор мәселелерді шеше отырып Ермеков соншалықты қарапайымдылығы ментабиғи ұстамдылығын сақтап қалған. (Турсын Журтбай. Боль моя, гордость моя – Алаш, Астана, 2016, с.466)

–Біз осал болдық. Саясатқа жетік болмадық, – дейді Әлімхан ақсақал. –Біздің бұл осалдығымызға уақыт, халқымыздың  қараңғылығы кінәлі. Революция орнады. Жалпы дүние жүзі бірінші  империалистік соғыстан, Россиядағы пролетериат революциясынан кейінгі жұрт бірін-бірі біліп болмайтындай аумалы-төкпелі, әлем-тапырық тұсқа кез келдік  Мұның әсері әсіресе шет аймақтағы  бізге көбірек тиді. Біріқызыл, бірі ақ, бірі бай, бірі кедейастан-кестен болдық.Халық  қараңғы. Оқыған, көзі ашық азамат аз. Білек күшін, саналы тілек білдіретін, жұмысшы  табы жоққа тән. Жұртқа бірдеңе десең, маңырағанқойдай, жамырағанқозыдай, тек ауыздарын ашады.Сөзіңе түсінбейді, жөнге көнбейді. Әркім өзі билеген терісінің пұшпағын уқалайды.

Ол кезде жалпы білікті адамдар көзге түрткі болатын. Үстіндегі орысша киімдері де жұртқа құбыжық көрінетін Ертеде данышпан Абайымыздың өзі де, ең бір ел қазағы қалың елде өскен ұлы ақынның өзі де, ел ішінен етек бастыны көп көріп, қор болған жоқ па еді? Қараңғы надан жұрт біздерді де құбыжық көреді.Көп қарғаның арасында адал құс жүрсе, көзге ерсі көрінеді. Аққу, қаз, үйрек, сұңқар, бүркіт, қаршыға  қарға-таған арасында жүре алмаса керек. Жалпы бидайық, бүркіт, лашын, арам құсқа, қарға-тағанға түспейді. Көп қойдың ішінде бір жылқы жүрсе, бұл да ерсі. Міне аздаған зиялылар біз де, томаға тұйық жатқан қазақ ауылдарына келгенде, дәл осындай болдық.

Нансаңыздар, біз, әсіресе, Әлихан Бөкейханов, ел іші қазақтары алдында тұтығып сөйлей алмайтын едік. Қалай, не деп сөйлейді?  Жер, ел, мал сенікідегенді біледі. Ал қалай ел басқаруды, ілгері халықтарман қалайша қарым-қатынас жасауды білмейді. Әрқилы саяси партияларды, сан-қилы, шым-шытырық, ойы-жолы бөлек ағымдарды қалай түсіндірмек?

Міне, содан да біз көзге түрткі болдық. Шүу дегенде, дүбірге қосылып, «Алаш» дейтін атқа ие болдық. Ақыры соның күйесінен құтыла алмай  қойдық. «Алаштың» не екенін білмейтіндердің  өздері де бізге тікірейе, шұқшия қарасты. Сонсоң құрлыққа лақтырған балықтай тыпырладық та қалдық. Елге, халыққа пайдамыз тимек түгіл, сол ел өзімізді жүндей түтті– дейді абзал азамат інісі Жайық Бектұровқа айтқан естеліктерінде.

Қазақ зиялылары, халықты азат ету үшін жанын да, қанын да, өмірін де қиғанын білеміз. Ал сол оқығаны, тоқығаны мол, көзі ашық көңілі ояу қайраткерлердің өз елімен, жұртымен, туған халқымен  қатынас, түсінік орнатуының қаншалықты қиын болғанына мән бере бермейміз. Ұлы Абайдан кейін, осы маңызды мәселені көтерген Алаш қайраткерлері. Араб, түрік тілін айтпағанда, орыс, ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген, ПетербордыңДумасын, Мәскеудің үкіметтік жиындарын аузына қаратқанда, мүдірмейтін ардақтыларымыз «қазақ арасында тұтығып сөйлей алмай қалады». Міне қазақ зиялыларының, кезінде Абай айтып кеткен қасіреті, трагедиясы.

Шынында да, экономикалық, саяси жағдайды, қазақ қоғамының болашағы мен даму бағыттарын ғылыми тілмен түсіндіруқиын. Өйткені буржуазиялық қоғам даму заңдылықтары қазақ даласында көрініс таппаған. Оның экономикалық негіздері, өнеркәсіп орындарына жеке меншік пен жұмысшы табы жоқтың қасы. Таза түрде феодалдық қатынастар да дамымыған. Ауылдағы негізгі өндіріс құралдары жер және мал байлардың меншігінде болғанымен, олар шаруаларға жалғаберілмейді. Дегенмен кедей – шаруалар кіріптарлықта. Осындай, анықталған, ашық-айқын  таптық қайшылықтар болмаған, жағдайда, экономикалық қанау процесі, жерлестік, руластық, ағайындық, қандастық қатынастармен бүркемеленеді.Яғни Петерборда, Мәскеуде, айтқан сөздерің қазақ даласында мүлдем түсініксіз болады. Бұл бір мәселе.

Екіншіден. Патша шенеунігі сияқты мұздай киініп, галстүк тағып,  мұрынға алтындалған пенсне іліп, жылтыр түймелі кительмен жүрген зиялыны қара халықтың қабылдауы мен түсінуі әрине қиын.Сондықтан жоғарыдағы Әлімхан Ермеков ақсақалдың жеңіл, ұғынықты, қарапайым тілмен суреттеген проблемалары «Қазақстан тарихын» зерттеушілер мен оқытушылардың ерекше көңіл аударатын мәселелері. Қоғам дамуындағы ерекшелікзаңдары деп осыны айтады. Жалпы қазақ тарихы Әлемдік, Еуропа, Ресей тарихынан осындай, тек біздің елге, жерге, ұлтқа  тән ерекшеліктермен айшықталады. Әрине бұдан жалпы заңдылықтарды білу қажет емес деген түсінік тумайды. Бүгін біздің жалпымен әуестеніп, жалқыны, ұлттық ерекшелікті кенже қалдырып жүрген жағдайымыз бар. Мен мұны бірнеше оқулықтың авторы ретінде айтып отырмын.

Кезінде Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары болған,халық  арасында беделі орасан биік, Әлімхан Ермековты, коммунистік-тоталитарлықүкімет өз мақсатында пайдалануға тырысты.Әртүрлі қызметтер берді. Бірақ кеңестікжүйе біршама нығайып алғаннан кейін, алаш зиялыларын құрту ісіне кіріседі. Ермеков 1920 жылдардың аяғына қарай саяси өмірден аластатылады. 1932 жылы тұтқындалып үш жылға сотталады. 1938 жылы екінші рет қамауға алынып, он жылға кесіліп, кейіннен жаза алты жылға қысқартылады. 1948  жылы үшінші рет тұтқындалып, тағы он жылға қамауға кесіледі. Тек Сталиннің өліміне байланысты 1955 жылы бостандық алады. Қандай қиыншылық,  жүйелі түрде қудалау көрсе де Әлімхан  Ермеков ақкөңіл, жайсаң жаратылысын сақтап қалған көрінеді.

Бірде Жақаңмен әңгімесінде: «Бұрын аз уақыт «Алашта» болған бізге өмір бойы жабылмаған жала жоқ. Қазақстанның бір түкпірінде әлдекімдер бұзақылық жасаса да, Қарақұмда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Бақтыда, Бақанаста ашыққан жұрт ереуілдеп атқа қонса да, Жетісу жұрты Қытайға көшсе де, бір  ауылда колхоз малы ұрланса да, тіпті біреу әмеңгерлік жолмен қос қатын алса да, газет-журналдарда бір ауыз оғаштау сөз жазылса да, осының бәрін бізден көре бастады.» – дейді сабырлы үнмен. Оқырмандаросы айтылғанжағдайлардың Бектұровтыңдабасынанмолынан өткенінің куәсі болып отыр. Мақаланы үлкен ой салатын Жақаңның бір естелігімен аяқтағанды жөн көріп отырмыз.

«Мен өзім Солтүстік Оралда қуғында жүргенімде Ертіс бойының Сәбит Нұрғазин дейтін бір кәрі адамымен, суық қараңғы барақта бір жылдай болдым, –деп еске алады Жақаң. Ескіше ұғымы мол адам.  Көптен бері түрмеден, лагерьден шықпаған кісі. Жағының қу сүйегі шығып тұрса да, әлі ширақ, нар үстіне отырып, саулатып  аят оқиды. Ол екі қабат ағаш нардың дәл менің үстімдегі қабатында, жұрттан қалған бұралқы иттей шоқиып отырады. Ауру-сырқаулардың, аш-арықтардың күн көріс кәсібі-қайыңның қабығынан шәрке тоқу. Қанша үйретсем де Сәбит ақсақал шәрке тоқи алмай-ақ қойды. Өмір бойы ат үстінде жүріп, жұртқа қамшы сілтеп үйреген бұрынғы ауқатты адам, әбден ызаланады да, желі тоқпақтың басындай шәрке қалыбын,былапыт сөздерін айтып, жоғарыдан жерге дүрс етіп лақтырады. Маған шүңгіл көзін қадап, төбемнен шұқшияды. Абақтыға мен айдап әкелгендей өзімді жеп жібере жаздап, балағаттайды. Ащы тілін тигізіп бағады.

–Сендерде ұждан жоқ, құдай жоқ! Баяғыда Колчактың «Азап вагонында»Сәкен, Абдолла ағаларың ажалдан әлдеқалай аман қалып еді. Солар қызылдыңқызыл туын желбіретіп, бәріңе жаңа үкімет құрып беріп еді. Сөйткен көзі ашық, білімді коммунистерің  Совет үкіметіне жау болып атылды.Ал, әне бір көтерем малдай тұралап, бөстегінен тұра алмай үйелеп жатқан, оңы-солын білмейтін қараңғы, хат танымайтын, бір қайнатым шәй берсе, досың түгіл қасыңдыда, шүршітті де мақтай беретін өңшең алжыған  шалдарыңды халық ақыны деп астына көпшік қойып, сөйлетіп бақтыңдар. Мұрындарына түктің де иісі бармайтын          батырақ көздерің совет үкіметінің ең жаны ашитын досы болады, ал революционерлерің қас боп шығады. Жарқыным, осыған кім нанады? Мұндай өтірік, ит құйрығын берсе ешкім нанбайтын алдау кімге керек? Өңшең қаратабандар сұмдар,толып жатқан  жалдап-жендеттер билеген үкімет кімге дәрікер?Қарағым, сен өзің күні кешегі коммуниссің, елді, жұртты кеңес үкіметін жақтап  ауыз жаппай, қалам құрғатпай жазып та, сөйлеп те бақтың. Даусың қарлыққанша айғайладың. Енді міне, қу ағашты құшақтап, екі тізеңді кеміріп, қазақ сағыз қайнататын қайың қабығынан шәрке тоқып, тырнағыңның көбесінен қаныңды шығарып, мал да жемейтін шіріген капостаның қара суын ішіп, ісіп-кеуіп, ернің кезеріп, екі иығыңды  жұлып жеп отырсың! Сендер дәл осындай кеңес үкіметінкөксеп пе едіңдер? Мына лагерьдей қу дозақ кімге керек? Еліңнің жеріңнің көркі болған Әлиханды, Ахметті, Мағжанды, Міржақыпты ненің төлеуіне бердіңдер?– деп Сәбит шал мені табалап, әрі аяғандай болып, қара борандатып кететін.Адамды жылататын сөз. Кеуде, көкірек саудырап бос қалған, көзде жас та болмайды.Мұндайда мен  ақсақалға ауыз ашып түк те айта алмаймын»–дейді Жақаң. Шындығында Сәбит ақсақалдың осыдан сексен жыл бұрын қойған сұрағына, бүгін де жауап табу қиын…

Ақиқаттың шежірешісі Жайық  Бектұров үстіміздегі жылы 110 жасқа келеді. Бүгінде, әртүрлі жағдайға байланысты тарих көлеңкесінде  қалып отырған ардақты Жақаңды еске салу мақсатында, көз көрген, жақсы араласқан, терең сыйласқан, өз қолыммен бақиға жөнелткен азамат ретінде,  ұшан-теңіз еңбегінің бір парасына шолу жасауды азаматтық борышым деп ұқтым.

Әбдіжаппар ӘБДӘКІМОВ,
тарихшы, профессор.

  1. Құрметке лайық тұлға

Жайық ағамыз ежелден моншақты атанған Ақкөл ауданының Амангелді ауылының іргесінде Қопа қыстауы деген жерде 1912 жылы қазан айында дүние есігін ашты. Ол кезде Амангелді ауылы  жоқ, ру-ру болып әр жерге қоныстанған халық.

Содан 27 жыл өткенде  сол  Амангелді ауылында қазан айында меніңде кіндік қаным тамды. Соңдықтан, осындай шежіреші жазушы Жайық Бектұров туған жерде сол қазан айында дүние есігін ашқанымды мақтаным ете аламын. Осының да әсері болған  шығар, Жайықтанушылықпенайналысуым,жақсының есімін туған елінде мәңгілікке қалдыруға жиырма жылға тарта еңбек еткенім. Қорытындысы, Ақкөл қаласында бір көшеге және қазақ орта мектебіне есімі беріліп, 100жылдығын атап өтуіміз. Енді 110жылдығын атап өтуге Ақкөл  ауданының әкімдігі (әкімі Ю.В. Курушин) қызу дайындалу үстінде. Қарағандылықтарда Жайық Кәгенұлын өз дәрежесіне жақсы құрметтеп, жасөспірімдер кітапханасына есімін берді,  қаланың құрметті азаматы атандырып,100жылдығын кең көлемде атап өтті. Биыл 110 жылдығына Жайық оқуларын өткізіп  жатыр.  Кезінде ғалым профессор  Тұрсынбек Кәкішев біздің елдің бір азаматы Жақсының еңбектерінен кандидаттық диссертация қорғағанда сөйлеген сөзінде  айтып еді: Жайық Бектұровтың еңбегі докторлық диссертацияныда көтере алады-деп. Жақаң алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастап,  Сәкен ағасы еңбек еткен Ахмет  ауылында  (Нұра ауданы) мұғалім  болған.  Осы қызметтен бастаған ағамыз комсомол,  бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызметін жалғастыра береді. Өзінің туған Ақкөл  (Сталин) ауданында Кеңес жұмысшы жастар мектебінде оқып, аудандық Комсомол комитетіндеқызмет атқарады. Кешегі Алаш зиялыларының көзін көріп,  қолын ұстаған, олармен мүдделі,  қызметтес болған. Алматыда істегенде Сейфуллинмен бір ғимаратта қызмет атқарып, бір есіктен кіріп шығып жүрген.

1934 жылдың жазында Қазақстан Үкіметі республикамыздың ашаршылыққа ерекше ұшыраған екі аумағына нақты көмек  көрсету  үшін  арнаулы екі бригада шығарған. Сол бір бригаданың құрамын Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешев басқарады. Сол құрамға өлкелік  комсомол  комитетінде істеп жүрген  Жайық Бектұровта кіреді. Сонда  екеуі  суретке түсіпті (суретте сол жағында  С. Мендешев оң жағында  Жайық). Ол кезде  Жақаң небары жиырма екі  жаста екен. Жайық Кәгенұлы өткен ғасырдың төл перзенті. Бала кезінде қазан төңкерісінің куәгері. Жиырмасыншы жылдардың аяғында байларды кәмпескелеудің куәгері. Отызыншы  жылдардың басындағы ашаршылықты басынан кешті. Отыз жетінші  жылдардағы  қазақ  халқының  бетке ұстар азаматтарын қырып жою немесе ит жеккенге айдағандарды өз көзімен көрген азамат. Жақаң ұлт зиялылары Әлихан, Міржақып, Ахмет, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Әлімхан, тағы басқаларымен тағдырлас болған. Бұл кісілер туралы айту мүмкін болмаған кезеңде  ол кісілердің  еңбектерін жасырып,  үйде  стау нағыз  батырлықпен пара-пар еді.  Бірде  Кәкімбек Салықов сондай  кітаптардың  бар екенін Серік Қирабаевтан естиді. ЖақаңнанМағжанның «Батыр Баян» поэмасы алып оқып,  иесіне қайтарып береді.  Осы зиялыларымыз ақталғаннан кейін олар  туралы  шындықты халыққа алғашқылардың бірі болып жеткізген Жайық ағамыз еді.

1942 жылы мамыр  айында Жайық Бектұров қамауға алынып, Солтүстік  Оралға жер аударылды. Жабылған жала тек қана 1955 жылы күшін жойып,  1989 жылы толықтай ақталды  Жақан  Сталин «шипажайынан» оралғаннан кейінде көп қиыншылықтар көрді. Ол кісіні Алматыға жолатпады, үлкен қалаларда ұзақ уақыт  тұруға рұқсат бермеді. Талдықорған сияқты кішігірім елді  мекендерде өмір  сүруіне тура келді.  Онда да пәтер,  отбасын асырайтын қаржы  мәселесі шешімін таппай жүрді. Бұрынғы дос журналшылар да теріс айналып  кетті.  Бұл кісіге қол ұшын берген қазақтың көрнекті  жазушысы,  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсірепов. Ғабең Жайық ағамызды Қарағанды облысаралық жазушылар Одағаның төрағасы етіп  тағайындады. Осы мекемені ұзақ жыл басқарып, біраз жас жазушыларды  тәрбиелеп өсірді. Онымен  қоса, өзіде көз көргендері туралы шындықты жазып, оқушыларына тың материалдар  бере бастады. 1977жылы «Жол жоралғысы» атты кітабы шықты. Онда Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, тағы басқа туралы тарихи  көркем очерктері енді. Кейінгі жылдары  «Өткел» өлеңдер  жинағы жарық көрді. Бұл кітапқа шолу жасап,мақалада жаздым. Өткен ғасырдың аяғына қарай, өзі өмірден өтерден бір жыл бұрын «Таңба» романы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған  30-40-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында.Бұл кісінің әр шығармасы  туралы баяндауға  болады. Ол бір мақаланың көлемінде мүмкін емес.  Жайық   ағамыздың туған інісіндей болып кеткен, сол кездегі «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы марқұм Нұрмахан Оразбек Жақан қайтыс болғаннан кейін архивтен ол кісінің еңбектерін алып, «Енеден ерте айырылған төл секілді…» атты кітабы шығарды.

Жақаң өмірден  өткенімен Абай атамыз айтқандай, «өлді деуге болама, өлмейтұғын артында сөз  қалдырған» деп жазды. Ол кісінің қалдырған мұралары көзі ашық,  көкірегі ояу азаматтардың жадында мәңгі сақталады.

Биыл Ақкөл ауданының халқы қадірлі жерлестері Жайық ағаларының 110 жылдығын өз дәрежесінде атап өтеді  деген үміттеміз. Ол кісінің өмірі, еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі,  өнеге боларлық, тарихымызды танып білуге,  тағылым алуға тұрарлық қазыналы дүние. Осындай жерлесімізді қалайша құрметке лайық дей алмаймыз.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

  1. Жақаңның «Өткел» жинағы

 Биыл туғанына 110 жыл толғалы отырған қаламгер Жайық Бектұровтың есімі қалың оқырман қауымға жақсы таныс. Бірақ, ол кісінің ақындық жолын әркім біле бермейді. Соның айғағы, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Өткел» өлеңдер мен поэмалар жинағы.

Бұл жинаққа ақынның әртүрлі тақырыптағы шығарамалары енген. Менің байқағаным, өзінің айтуы бойынша, қазіргі Ақкөл ауданының Амангелді ауылының іргесінде 3-4 шақырымдай жерде Қопа қыстауында ата-аналары, ағайындары тұрған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында жаппай кәмпескелеу кезінде бұлардың жерлерін тартып алып, кедейлерге таратқан. Бұл кезде Жақаң небары жиырмаға толмаған азамат. Сол келешегін ойлаған жас жігіт білім іздеп, жолға шығады.

Кітап сол кезеңге арналған «Ауылдан ерте аттанғанда» деген өлеңмен ашылады. Өлеңнің жалпы мазмұнын мына жолдардан түсінуге болады: «…Білмеймін, алған бетім от па, су ма, көңілде үміт, күдік бірдей туып…». Екінші өлеңі «Көшеде». Бұл өлең мазмұнына қарағанда, жаланың құрбаны болып, айдаудан оралғанда өзінің қызмет істеп кеткен қаласына «бөтен» болып оралуы. Өзімен қызметтес болғандардың өздері теріс айналып кеткен. Ал «Қарындасыма хат» деген  өлеңінде жазықсыз жазаланып, тайгадан елге оралғандағы жай-күйі баяндалады. Бұл өлеңінде Жақаң айдаудан оралғаннан кейін көрген қорлығын, сол кездегі бастықсымақтардың өзіне деген көзқарасын, үйсіз-күйсіз жүрген жағдайын әдемі сипаттайды. Өлеңнің әрбір шумағын мысал қылып келтіруге болар еді. 143 шумақтан тұратын өлеңнің әр жолында мұң бар. Сонда да бір шумағын келтірейін:

Жендет –сұм қайда барсам қамалайды,

Жатсың деп иттей үріп абалайды.

Ізіме күні-түні аңдай түсіп,

Адамға тірі жүрген санамайды.

Жайық ағамыз қайда жүрседе туған жерін ұмытқан емес. Қопа қыстауында Желқызыл деген жер аты бар. Қазіргі жастардың көпшілігі, әсіресе, сол өңірде туып-өскендердің өздері білмейді. Оны білетін ескі көздер азайып барады. Кезінде сол жердегі қорымға тас қойғамыз, ол сақталды ма, жоқпа, оны білмеймін. Өлең мына жолдармен басталады:

Желқызыл, атың қандай, өлең дерсің,

Бір көрсең, тағы қайтып келем дерсің.

Баурайың тұнып тұрған көк майсадан,

Гүліңді, жидегіңді терем дерсің.

Өлеңнің негізгі мазмұны сол өңірді сипаттай келіп, ол жерде ата-бабалары екі  ғасырдай өмір сүріп, әкесінің кіндік қаны тамған жерідей келіп, сол қалың қайыңды орманның кейінгі жылдары селдірей бастағанын, басқа жерлердегідей табиғаттың жүдей бастағанын тілге тиек етеді.

Осылай әр өлеңіне сипаттама беруге болады. Бірақ, бір мақалада мүмкін емес. Өлеңдері «Кітап», «Сарыарқада темір жол», «Есенинге», «Ыстық карцерде», – деп тізбектеліп кете береді. Мұнымен қоса, Шәкәрім өмірінің соңғы жылдарын арқау еткен «Ақын мен арамза» атты поэмасы еніп отыр. Кітап шағын, сексен беттей ғана. Алып оқысаңыздар, қателеспейсіздер.

Өзім куә болған «Көкше» өлеңіне тоқтала кетейін. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында Оқжетпес шыңының іргесіндегі сонымен аттас шипажайда Жақаңмен бір мезгілде дем алдық (суретте). Сол кезде ем-дом шаралары біткен соң, түс ауа таза ауаға шығып кетеміз. Шыңның айналасында жүргенде ағамыз шыңның төбесіне қарап, ыңылдап айтып жүретін, өз бөлмесіне апарып, өлеңнің жазғанынан кейбір шумақтарын оқытатын. Өлеңді оқи отырып, кейбір жерлері есіме түсіп отыр. Мысалы мынадай:

Оқжетпес – асқар таудың бір иығы,

Түсетін кімде болса көз қиығы,

Тұрғандай айна көлдің күзетінде,

Көкшенің көктен түскен кермиығы.

Мақаланы жазудағы мақсатым, жазушының немесе ақынның шығармаларын елге таныстыру арқылы екінші өмірі басталды дейміз. Сол сияқты Жайық жерлесімнің жер қойнауына тапсырылғанына жиырма төртінші жыл. Міне, содан бері ол кісінің еңбектерін оқушылар онша көп біле қойған жоқ секілді. Мақала арқылы кейбір еңбектерімен елді таныстырып, қызығушылық тудыру. Жақаң көп жазбаған, бірақ, өмірінде өткен қиыншылықтарды шынайы түрде баяндайды. Шығармалары сонымен құнды.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
жайықтанушы.

Астана қаласы.

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар