Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бурабайдағы Үлкен Шабақты көлінде балықтың қырылу себебі анықталды - АРҚА АЖАРЫ

Бурабайдағы Үлкен Шабақты көлінде балықтың қырылу себебі анықталды

«Бурабай» МҰТП дирекциясына Ақмола облысы Экология департаментінің және Балық шаруашылығы ғылыми-практикалық орталығының Солтүстік филиалының мамандары Үлкен Шабақты көлінде балықтың өлуіне қатысты зерттеу нәтижесін жолдады. Онда айтылғандай, балық көл түбінен шыққан табиғи газдан немесе суқоймадағы өсімдіктердің маусымдық гүлдеуінің әсерінен өлуі ықтимал.

Биыл 12 тамыз күні «Бурабай» МҰТП инспекторлары Үлкен Шабақты көлінде балықтың өлу фактісін анықтағанын еске салайық. Парк қызметкерлері 14-20 тамыз аралығында жағадан 250 кг балық өлексесін жинады.

14 тамызда «Бурабай» МҰТП мемлекеттік мекемесінің, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, сондай-ақ Ақмола облыстық Экология департаментінің мамандары осы оқиғаға  байланысты бірлескен комиссиялық тексеру жүргізді.

«Үлкен Шабақты көлінен 2022 жылғы 14 тамызда алынған сынамаларда тұз құрамы, рН мөлшері, фторид, химиялық оттегі көлемі жоғары болғаны анықталды. Балық өлген тұста және солға қарай 300 метр аумақта судың рН құрамы 9,06-9,08 болды (шекті мөлшер 6-9 деңгейінде болуға тиіс). Балықтардың өлігі табылған жерде және оң жағында химиялық оттегі көлемі 33-38 мгО2/л екені анықталды, қалыпты жағдайда ол 30 мгО2/л шамасында. Биохимиялық оттегі де шекті мөлшерден асып түсті. Фторид құрамы 7,31 — 8,52 мг/л, оның қалыпты нормасы –  1,5 мг/л. Алайда бұл көрсеткіштер табиғи сипатқа ие, суқойма ластанды дегенді білдірмейді. Тұздылығының жоғарылауы да табиғи құбылыс. Еріген оттегі мөлшерінің диапазоны қалыпты – 9,0-ден 10,9 мг/л (қалыпты норма – 4 мг/л кем емес). Аммоний азоты 1,40-1,98 мг/л аралығында, оның шекті концентрациясы – 2 мг/л. Аммоний азотының жоғарылауы жаз маусымында суқоймада өсімдіктердің гүлдеуімен байланысты болуы мүмкін. Балық қырылған аймақта антропогендік әсер анықталмады. Бұл аумақта өнеркәсіптік кәсіпорындар мен елдімекендер жоқ»,– деп хабарлады Ақмола облыстық Экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің бастығы Максим Шлымов МҰТП дирекциясына.

Суқойманы зерттеу барысында «Бурабай» МҰТП ихтиологымен бірге көлдің үш жеріне Марк-302м еріген оттегі анализаторы құрылғысы арқылы еріген оттегінің мөлшерін, қанығу деңгейін және температуралық жағдайларын анықтау үшін зерттеу жүргізілді. Үш сынамада да  көрсеткіш нормаға сай болып шықты, балықтың өлуіне әсер етуі мүмкін қауіпті деңгейге жеткен жоқ.

«Өлген балықтардың желбезегі мен ішкі ағзаларының патологиясын және өлуіне себеп болуы мүмкін басқа да белгілерді анықтау үшін тексеру жүргізілді. Ешқайсынан көзге көрінетін патология анықталмады, желбезектері қызыл, ішкі ағзаларында (бауыр, ұйқы безі, өт қабы және т.б.) көзге көрінетін өзгеріс жоқ, түсі мен көлемі табиғи қалпында. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, суқоймаға шаруашылық-тұрмыстық судың құйылмағанын, сондай-ақ көлдің тектоникалық табиғатын ескере отырып, балықтар су түбінен табиғи газдың шығуынан өлуі мүмкін деп болжауға болады», –  делінген«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Солтүстік филиалының ғылыми қызметкері Денис Бурковтың қорытындысында.

«Бурабай» МҰТП дирекциясы қол жеткізген келісім бойынша, көлді бірлесіп тереңірек зерттеу үшін және қосымша ғылыми жұмыс жүргізу үшін қыркүйек айында Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тобы келетін болды.

Ұлттық парк инспекторлары көлдерге тұрақты түрде экологиялық мониторинг жасайды. Үлкен Шабақты көлінде балықтардың өлуіне байланысты оқиғадан кейін бұл жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Балық қырылғаны туралы жаңа мәлімет жоқ.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар