Қабылдауға келгендердің шағымы қараусыз қалмайды

«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келушілер саны  соңғы 7 айда 5549 адамды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Оның үстіне, өтініштердің 58%-ы оң шешіліп отыр. Яғни, партия халықтың сенімін ақтағандықтан, соңғы үмітін арқалап келушілер саны да жыл санап артып келеді.

Жалпы, партияның өңірдегі аумақтық филиалдарына келушілер арасында жеке басының шаруасынан гөрі қоғамдық проблемаларға көңіл қоюшылар көбейгенін байқауға болады. Бұл әсіресе, көшпелі мобильді қоғамдық қабылдаулардан байқалды. Жыл басынан өңіріміздің шалғай жатқан елді мекендерінде осындай 33 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауға келген 300-ден аса адам негізінен, сумен қамту, жолдарды жөндеу, жайылым жерлердің тапшылығы, мектеп, мәдениет үйі мен медициналық мекемелер сияқты әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу және көшелерді жарықтандыру сияқты баршаға ортақ мәселелерді көтерді. Осындай көшпелі қабылдаулардың нәтижесінде 114 өтініш оң шешімін тапты. 156-сы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 39-ы қаралуда.

Мәселен, Атбасар ауданының Новосельское ауылының тұрғыны Татьяна Сафонова ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қажеттігін алға тартып, бұл сұрақты алға жылжытуда партиядан қолдау сұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық нысанның құрылысына биыл 126 млн.теңге бөлінген. Мердігері де анықталды. Ал екі жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 159 млн.теңге. Бүгінде жұмыстар басталып та кеткен. Қазірде іргетасы қаланып, қабырғасын көтеру жұмыстары жүзеге асырылуда. Сөйтіп, фельдшерлік-акушерлік пункті 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ақкөл ауданы Урюпинка ауылының тұрғындары қабылдау барысында хоккей кордын жөндеуден өткізу мәселесін көтерген болатын. Тұрғындардың өтініші қабылданып, облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 15 млн. теңге бөлінді. Бүгінде серіктестікпен 9 750 000 теңгеге келісімшарт жасалды. Жұмыстар 90 %-ға аяқталып та қалды.

Одан қалды Урюпинка ауылындағы демалыс саябағын ағымдағы жөндеуден өткізуге  5 млн.тг. бөлінген. Бұл қаржыға суағар қалпына келтіріліп, жарық бағаналары орнатылды.

Ал, Бұланды ауданының Вознесенка ауылының тұрғындары ауылдарында жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы үшін жағдай жасалмағанын алға тартып, бұл ретте спорт алаңын салуға қаржы қажеттігін айтқан болатын. Ағымдағы  жылы облыстық бюджеттен спорт алаңының құрылысына 14896,0 мың теңге сомасында қаржы бөлінді. Ауылдықтар сондай-ақ, елді мекендегі ескі, жартылай бұзылған ғимараттар мен үйілген қоқыстың ауылдың көркін бұзып тұрғанын айтып, шағымданған. Бұл мәселе де назарға алынып, құлағалы тұрған ескі клуб пен совхоз кезіндегі монша сырылып, қалдықтарын шығаруға 3 млн теңге бөлінді.

Жарқайың ауданының Отрадное ауылдық округінде өткен көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау кезінде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдағы мектепке жүргізілуі тиіс күрделі жөндеу жұмысы бойынша сұрақ қойылған болатын. Бүгінде мектепті жөндеуден өткізу барысын партияның қоғамдық кеңес мүшелері  өз бақылауында ұстап отыр. Екі жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарына 234,4 млн. теңге қарастырылған. Оның 100,9 млн теңгесі биыл облыстық бюджеттен бөлінді.

Жалпы, ауылдықтардың мектеп бойынша көтерген әр мәселесі назарға алынады. Оның бірден-бір дәлелі, Жамбыл ауылдық округінде өткен қабылдауда жергілікті тұрғындар мектепті жөндеу қажеттігін айтқан. Жазғы жөндеу жұмыстары кезінде бұл мәселе назарға алынып, облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 6,2 млн.теңге бөлінді.

Шортанды ауданының Научный кентінің тұрғындары елді-мекенде ауылшаруашылық тауарын саудалауға арналған алаң орнатып беруді сұраған болатын. Бұл мәселе де оң шешімін тапты. Ауылдықтардың Дамса өзенінен «Ягодка» саяжайына өту үшін көпір салып беру өтініші де қанағаттандырылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар