Облыста 15 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады

Биылғы жаңа оқу жылында Ақмола облыс бойынша 15 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттап, алғашқы қоңырау соғылды. Облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, алғаш мектеп табалдырығын аттаған жас өрендерге сәт сапар тіледі. 

Көкшетау қалалық №1 мектеп-гимназиясында  2 мыңнан астам оқушы білім алады. Енді олардың қатары тағы 384 оқушымен толықты. Салтанатты шара барысында  мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге әліппе табыс етілді.

– Жаңа оқу жылына 100 пайыз дайындықпен келдік. Оқушыларға жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда оқушылар толық оқулықпен қамтамасыз етілді. Техникалық база жақсартылды, – дейді  Көкшетау қалалық №1 мектеп-гимназиясының директоры Сандуғаш Нұрқанова.

Жыл санап өңіріміздегі білім ошақтарының саны артып келеді. Осы оқу жылының өзінде облыс бойынша 6 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Ал, құрылысы басталған 9 мектеп келесі оқу жылында тапсырылады деп көзделген.

– Ақмола облысында 560-қа жуық білім ұйымы бар.  140 мыңға жуық оқушы жаңа оқу жылын бастады. Соның 15 мыңнан астамы бірінші сыныпқа қабылданды. Оларға сәттілік тілейміз. Жаңа оқу жылынан жаңа жетістіктер мен табыстар күтеміз, – дейді өз сөзінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Салтанатты шара барысында бүлдіршіндер өз өлеңдерін оқып, соңы көңілді әнге ұласты. 

  Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар