Білікті ұстаз білімді ұрпақ тәрбиелейді

Білім күні адамзат баласы үшін мерейлі мереке, зор қуаныш. Шәкірттер сыңғырлаған қоңырау үнімен, мектеп табалдырығын аттаған жаңа балдырғандармен  бірге алтын ұя – мектебіне оралып, арман қанатында білім биігіне қанат самғайды. Жаңа оқу жылы жаңашылдықтарға, тың өзгерістерге толы. Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі анық. Демек, мұғалім біліктілігі еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілі болып табылады. Білікті ұстаз – сапалы білім негізі.

Қазақстан мектептерінде оқу жылының ұзақтығына, негізгі пәндерді оқуға бөлінген сағат санына, оқушылар мен мұғалімдердің апталық жүктемесіне қатысты өзгерістер болып жатыр. Мұның бәрі балаларымыздың мектептегі жайлылық деңгейі мен білім сапасын арттыруға жұмыс істеуі керек.  Бұл білім беру жүйесінің алдында тұрған проблемаларды шешуде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрілігі   жоспарлап отырған  жалғыз шара емес. Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Г.Кәрімованың айуынша, «сапаны біз тек оқу күндері есебінен ғана емес, сонымен бірге, жалпы оқу жүктемесін  қысқарту, оқу бағдарламаларын жақсарту, мамандардың біліктілігін арттыру  есебінен жақсартатын боламыз».

Бұл міндеттерді шешуде 2022 жылдың 1 тамызынан пәндік біліктілікті арттыру курстарын бастап кеткен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы маңызды рөл атқарады. Бүгінде пәндік оқытудың қажеттілігі педагогтардың ұлттық біліктілік тестілеуден өтуімен байланысты аттестаттаудан өту кезіндегі кәсіби шеберлігіне қойылатын талаптардан туындап отыр. Осыған орай, EdCrunch Academy-мен бірлесе отырып, орталық өкілдері әзірлеген пәндік курстардың негізгі мазмұны басты  пәндердің күрделі тақырыптарын тереңдетіп зерделеу болды. Курстарда оқытушылар олимпиада есептерін шығарады, оқытылатын пәннің күрделі мәселелерін зерттеудің жаңа тәсілдерін зерделейді.

Мамандар 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірледі. Еліміздің барлық өңірлерінен 40 мыңнан астам математика, информатика, физика, химия, биология, география, тарих, жаратылыстану, қазақ, орыс, ағылшын тілі және бастауыш сынып мұғалімдері курстардан өтеді.

Курстарды бастамас бұрын, мұғалімдер цифрлық платформада диагностикалық тестілеуден өтеді. Бұл курстар басталған кезде олардың пәндік білім деңгейін анықтау үшін қажет. Тестілеу мұғалімдердің оқудағы қажеттіліктерін анықтауға және білім беру бағдарламасының тиімділігін бағалауға көмектеседі. Курс басынан сабақтың соңғы нәтижелеріне дейінгі барлық оқыту үдерісі талқыланатын болады. Курстан өту қорытындылары бойынша мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін оқытудың тиімділігіне, сонымен бірге, алынған білімді қорытындылап, бағалауға талдау жүргізіледі.

Халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, пәндік құзыреттіліктерді арттыруға арналған білім беру бағдарламалары педагогтардың  кәсіби дамуына және жұмыс сапасына оң әсер етеді. Бұл жалпы білім сапасына, оның ішінде оқушының біліміне де оң әсерін тигізеді.

Институт мұғалімдерге тек курстық дайындық бойынша ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес курстан кейінгі қолдау жобаларын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта «Өрлеу» орталығы мұғалімдерді курстан кейінгі кезеңде қолдауды күшейту бойынша белсенді жұмыс жасауда. 2022 жылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытудың инновациялық технологиясы ретінде Lesson study әдістемесі негізінде курстан кейінгі қолдау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Lesson study-ді  таңдау бұл әдістеменің мұғалімдердің тәжірибеде кәсіби өзара әрекеттесуіне оңтайлы жағдай жасауға көмектесетіндігімен түсіндіріледі. Сабақты зерттеу курстарда игерілген құзыреттіліктерді нақты педагогикалық қызметте қолдануды қамтамасыз етеді, жұмыста туындайтын қиындықтарды жеңуге көмектеседі және нәтижесінде мұғалімдерге өз оқушыларының оқу жетістіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Біліктілікті арттыру  курсы сабақтарында  пилоттық жобаны орындау барысында мұғалімдер Lesson study технологиясын зерттеп, көшпелі тәжірибелік сабақтардың аясында сабақтың  зерттелуін бақылап, мектепте Lesson Study бағдарламасын жүзеге асыру жоспарын құрды. Курстарды аяқтағаннан кейін мұғалімдер мектепте Lesson Study жүргізеді. Пилоттық жоба аясында педагогтарды курстан кейінгі сүйемелдеу формасы  ретінде Lesson Study-ді қолданудың тиімділігі туралы сапалы зерттеу жүргізу жоспарланған.

Зерттеу нәтижелерін жинау, талдау және интерпретациялау үшін мұғалімдерге не жасағандарын, не білгендерін, нені өңдегендерін, Lesson study-ді пайдалану нәтижесінде қандай практикалық білім алғандығын және әріптестерімен немен бөлісуге дайын екендігін көрсетуді қамтамасыз ететін фокус-топтар әдісі пайдаланылатын болады. Lesson Study -ді қолдану бойынша пилоттық жоба аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі биылғы тамыз конференциясының Ақмола облысы бойынша «Өрлеу» орталығы өткізген панельдік секциясында  жалпылай түрде қорытылды.

Педагогтармен жаңа оқу жылындағы жұмыстарды жоспарлауда, біздің орталық мұғалімдердің білім алудағы  қажеттіліктерін басшылыққа алады және заманауи талаптарға сай болуға ұмтылады. Білікті ұстаз – биік мәртебе. Бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шығара алады. Ал, білімді ұрпағы бар елдің болашағы да жарқын. Сол жолда тапжылмай жұмыс істеуіміз керек.

Әлия ИМАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық Орталығы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар