Мектеп алтын ұя болса, мұғалім– сол мектептің лүпілдеген жүрегі. Ұлы даланың күміс қоңырауы – Ыбырай Алтынсаринның ұлы жүрегінің соғысы бүгінгі мұғалімнің жүрек әуенімен үндесіп, жас ұрпақтың көңіл толқынын тербегендей. Осы дархан даламызды оятқан күміс қоңырау үнін бүгінге жеткізіп, жаңаша жаңғыртып отырған ұстаздардың бірі, бірі емес-ау бірегейі, біздің әріптесіміз– Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келе жатқан Балдықыз МұсақұлқызыСапарбекова.
Балдықыз Мұсақұлқызыөзінің тәлімі мен тағылымы, ғибраты мен өнегесі арқылы жастүлектерді үнемібілім нәрімен, мейірім шуағымен нұрландырып келеді. Ол алтын ұя мектепте балапан, балауса ұландарды тәрбиелеп қанаттандыратын, болашақ қырандарды баулитын бапкер де, саясына алатын бағбан да болып табылады.
«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да, аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік танытып, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл жүрек»деп ойшыл, дана Әл-Фарабидің айтқаны дәл Балдықыз Мұсақұлқызына арнап айтылғандай.
Ұлағатты ұстаздың алдынан талай шәкірттер, талай жеңімпаздар өнеге алып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті қызмет атқаруда. Бірі – ұстаз, бірі – журналист, бірі жоғары оқу орындарында білікті маман иесі болса, бірі мәдениет саласында елге абыройлы қызмет атқаруда.Ұстаздың білім саласына сіңірген ерен еңбегінің арқасында қазіргі таңда шәкірттері облыстық,республикалық,халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанып, мектеп абыройын асқақтатуда.
Балдықыз Мұсақұлқызы–«Өрлеу» БАҰО АҚ, ПШО, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ, КУАМ мекемелерімен үнемі ғылыми-практикалық байланыста, сондағы конференциялардың белсенді қатысушысы. Оның «Синтаксис сыры», «Жаңартылған білім мазмұны негізінде қазақ тілін оқытуда қолданылатын белсенді әдіс-тәсілдер»,«Абайтану» курсы бағдарламасы, қазақ әдебиеті пәнінен дидактикалық материалдары, «Зерде» Кіші ғылым академиясы курсы бағдарламасы аудан,облыс,республика көлемінде танылған.Ұстаз сан жылғы еңбегінің арқасында, министрлік, облыстық, білім басқармасының Құрмет грамоталарымен,Алғыс хаттарымен марапатталған.
25 тамыз күні өткен ұстаздардың облыстық конференциясында Балдықыз Мұсақұлқызы өскелең ұрпақты адамгершілік – рухани бағытта тәрбиелеу жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Мейірім – әлемге махаббатпен» медалімен марапатталды. Осындай қуанышты сәтімен құттықтай отырып, елеулі табыстарға қол жеткізген әріптесіміздің әлі де алар асулары мен биіктері мол болсын деген тілек білдіреміз.
Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының ұжымы.
Бурабай ауданы.