— Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды тапсырғаны белгілі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы тіркеу және утилизацияға жіберу үшін төлем құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс екенін атап өтті.
Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге азаматтарға әкелінген шетелдік автокөліктерін өздері үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіп жатыр. Сондай-ақ оны жүргізу тетіктері әзірлену үстінде.
2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген (кірген) барлық көлік құралдары бойынша Ішкі істер, Мемлекеттік кірістер және Ұлттық қауіпсіздік органдары (Шекара қызметі) арасында ақпарат алмасу мәселелері пысықталды.
Мұндай мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген көліктерді заңдастырмас үшін жинақтайды.
1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заң немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, рулі оң жақта орналасқан, сондай-ақ тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ автокөліктер заңдастырылмайды.
Сондай-ақ «криминалдық» автокөлік тіркеліп кетпес үшін көлік бойынша ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылады.
«Азаматтарды автокөлік сатып алу кезінде заңнаманы сақтауға, олардың заңды «тазалығын» міндетті түрде тексеруге шақырамыз» дейді полициядан.