Түркіменстаннан Көкшеге қандастар көші келіп жетті

Сейсенбі күні түнде Түркіменстан мемлекетінен Ақмола облысына атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың жеті отбасын вокзал басында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов бастаған ақмолалықтар зор қошамет, ыстық ілтипат, ақжарма тілекпен қуана қарсы алып, атамекенде жақсы жайғасып, алаңсыз тұрып кетулеріне жүрекжарды тілектерін білдірді.

Атажұртты аңсап келген ағайынның жүздерінен алаулаған қуаныш айқын аңғарылып-ақ тұр.

– Шетелдегі біздің қандастарымыз өздерінің атамекеніне, тарихи Отанына оралып жатыр. Бұл үрдіс жылдар бойы өзінің заңды жалғасын табуда. Бүгін, міне, Түркіменстан Республикасынан біздің Көкшетау қаласына 30 адамнан тұратын жеті отбасы көшіп келіп жатыр. Біз қашанда өз ағайынымызды құшақ жайып қарсы алуға дайынбыз. Туған жерге табан тіреген қандастарымызға жергілікті билік барлық жағдайды жасайды. Ертеңнен бастап, жергілікті атқарушы органдардың көмегімен отандастарымызғақажетті көмектің барлығы барынша көрсетілетін болады. Құжаттарды рәсімдеу, жұмыспен қамту, балаларды білім мекемелеріне орналастыру, тағы басқа аса маңызды мәселелер жедел қолға алынбақшы, – деді қала әкімінің орынбасары.

Ал, Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың үйлестіру  басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Салыққызының айтуынша,біздің өңірге Түркіменстаннан барлығы 165 адамнан тұратын 51 отбасы көшіп келеді деп жоспарланған. Олар облыстың он өңіріне, атап айтсақ, Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Зеренді, Шортанды аудандары және Көкшетау қаласына қоныстанатын болады. Қазіргі таңда жоғарыда аталып өткен аудандарда этникалық қазақтарды қабылдау және орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы кезеңде олардың осы жаққа бейімдеу үшін көмек көрсету, кейін оларға қандас мәртебесін беру, жұмысқа орналастыру және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну көзделуде. Қандастардың әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. Олар квота алған соң ғана жеңілдіктерге ие бола алады.

Қандасымыз Ходжаберген Байбулатовтың айтуынша атамекенге оралу көптен бергі арманы болса керек.

– Алла сәтін салып, бүгін киелі Көкшетауға келіп жеттік. Қай ортада жүрсе де, қайда дүниеге келсе де, әрбір адам өзінің тегін, жұрағатын, туған-туысын, қандасын аңсайды. Бүгін мен де өзімнің отбасыммен бірге, киелі Көкше жеріне қоныс аударып отырмын. Жүректегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Ендігі меніңарманым, осы балаларым атамекенде өсіп-өніп, тамыр жайып, қазақ елінің дамуына өз үлесін қосса екен, – дейді ол.

Сонымен, Түркіменстаннан Көкшеге ата жұртты аңсаған көш келді.  Иә, алыста жүрген ағайынмен туған елде жүздескен қашанда ыстық қой!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар