Көкшетау қалалық ономастикалық комиссиясы Көкшетау қаласындағы бір көшені Жанатай батыр Ақанұлының атымен атау жөнінде шешім қабылдады.Бұл-елдік іс болатын. Қазақтың жері мен елінің жат қолында қалмауы үшін жаугершілік заманында аттан түспей, сан шайқаста ерлік жасаған Жанатай батыр кім еді?
Жанатай батыр, қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың хас батырлары Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Батыр Баяндардың үзеңгілес серігі болған. Ел басына қауіп төнген қасіретті заманда қайсар рухымен, қайыспас жігерімен, қажыр-қайратымен ер қорғаған батыр.
Жанатай Ақанұлы 1723 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Чистополь ауданы Талсай ауылының тұсында туып, 1819 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданы Орловка ауылының жанында жерленген. Жанатай Ақанұлының руы – Қарауыл. Иә, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Өрнек ауылында тағы бір Жанатайдың жатқаны рас. Ол Жанатай Жәңкебайұлы. Руы – Атығай. Екеуі де бір дәуірде өмір сүріп, қазақ елінің бостандығы, жерінің тұтастығы үшін қан төккен батырлар. Өрнек ауылында жатқан Жанатай батырдың жеті ұлы болған. Олар: Тастемір, Таңат, Болат, Кешубай, Өнжет (кейде Онжеті), Бошан, Кенжеқозы. Қазір олардан тараған ұрпақтары Солтүстік Қазақстан облысында өсіп-өніп, түтін түтетіп отыр. Өз шежірелері мен тарихын түгендеп, Өрнек ауылының кіре берісіне батырдың ескерткішін де орнатып жатыр.
Ал, біз айтып отырған Ақанұлы Жанатайдың тоғыз ұлы болған. Олар: Ботанай, Тілеуберді, Құдайберді, Асылбек, Мұратбек, Досымбек, Құлибек, Жұмабек, Исабек. Осы Жанатай батыр Ақанұлының ұрпақтарының дені Айыртау мен Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларында тұрады. Тоғыз ұлдан тараған ұрпақ, бүгін іргелі ел болып отыр. Әр әулет өздерін Жанатай батырдан бері тарқатып талдап бере алатын шежіре ұстап отыр. Сондай-ақ, ұрпақтан ұрпаққа жетіп осы күнге дейін сақталып келе жатқан көне жәдігерлері бар. Ол – Жанатай батырдың кісе белбеуі.
Ақанұлы Жанатай батыр жайында жергілікті ақын-жазушылар Естай Мырзахметов, Көкен Шәкеевтер әр кезде баспасөз беттерінде мақалалар жазды. Оның ерліктері мен басынан өткерген оқиғалары бұрынғы «Көкшетау правдасы», «Көкшетау», «Бұқпа!», Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеттерінде әр жылдары жарық көрген болатын. Ол газеттердің PDF нұсқасы көшіріліп, цифрланды. Дәлел мен дәйек ретінде ұсынуымызға болады. Сондай-ақ, Жанатай батыр туралы қазақтың классик, заңғар жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» (Алматы – 2002, «Қағанат» баспасы) атты кітабында сөз етеді. Ол кітапта: «1753-1754 жылдарда Жанатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы, жазы демей әлденеше рет Жоңғарды шауып қайтады», — делінген. Тағы да сол кітапта: «XVIII ғасырдың үшінші ширегінде Дүрбін-ойратты тоздырған, Мәнжу-Цин басқыншылығына қарсы қайтпай күрескен, торғауытты талқандаған, қырғызды Алатаудан асырып, өзбек әміршіліерін тәубесіне түсірген, сөйтіп, жиырма жыл бойғы тынымсыз майданда алаш ұранын жаңғыртып, Абылай ханға үш жүздің тізгінін ұстатқан, Қазақ ордасын қайта көтерген, ең атақты қолбасылар: Қаракерей Қабанбай, Әбілпейіз сұлтан, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Қанжығалы Бөгембай, Ералы сұлтан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан, Жанатай, Баян, Малайсары, Олжабай, Керей Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Ақтамберді, Жәпек, Бердіқожа, Тілеуке, Сағымбай, Құлеке, Жауғаш, Дат, Көкжарлы, Барақ, Құлашбек, Тұрсынбай, Нарбота, Қожаберген…» деп қазақтың ұлт болып ұйысуына ұйытқы болған кіл саңлақтарды, ұлыларымызды тізіп шығады.
Алаштың маңдайына біткен асыл жазушымыз Мұхтар Мағауиннің Жанатай батырды бір кітабында екі рет сөз етуі тегін болмаса керек. Ал, Әнуар Әлімжановтың «Гонец» (Алма-Ата, «Жазушы» 1978 ж.) кітабында Жанатай батырдың ерлігі, батырлығы жайлы көп жазылған. Сонымен қатар, жерлес жазушымыз, бүкіл қазақтың жоғын жоқтап, жыртысын жыртып, тарихын түгендеген «Көкшпенділер» трилогиясының авторы Ілия Есенберлин де «Жанталас» романында Жанатай батыр жайлы айтады. (Алматы, «Жазушы» 1976 ж.)
Өткенін ұмытпай, батыр бабаларының ерлігі мен өрлігін, айбыны мен аруағын асқақтатып, мерейін өсіріп отырған Жанатай ұранды қалың елдің бүгінгі бір тілегі – Көкшетау төрінен бір көшені Жанатай батыр есімімен атау еді, ол да оңынан шешіліп келе жатыр. Тағы бір мақсат- Жанатай батыр жатқан Орловка ауылының тұсындағы зиратты қайта жаңғыртып, батырдың басына үлкен кесене тұрғызу еді. Қазір сол кесененің құрылысы аяқталып келеді. Бұл істі өз қолына алған батыр ұрпақтарының бірі- Жаябай Жаңабергеновке зор алғысымызды айтамыз. Қайырлы істің қайыры болары анық. Бүгінгі күні Жанатай батыр бабамыздың кесенесін тұрғызудың бар салмағын өзі көтеріп жүрген Жаябайды да өзге де ұрпақтарына баба рухы разы болсын!
Келесі, 2023 жылы Жанатай батырдың туғанына 300 жыл толғалы отыр. Қазіргі кесене салуды біз сол батыр бабамыздың сол 300 жылдық тойна әзірліктің басы деп қарастырып олтырмыз. Құдай қаласа, бабамызға арнап ас беру, әр жылдары жазылған мақалаларды жинақтап, ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерді қосып Жанатай Ақанұлының ерлігін баяндайтын кітап шығару, есімін Қазақстан Республикасы аномастикалық комиссиясының «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу сияқты игі шаралардың дайындығы жүріп жатыр.
Ұлан-ғайыр атырапты, шексіз-шетсіз даламызды сіз бен біз үшін жанын аямай жаудан қорғап, біздерге мұра қылып кеткен батыр бабамыздың есімі мен ерлігін ұлықтау қашан болсын ұрпақ парызы деп санаймыз!
Қайрат ҚОЖАХМЕТОВ,
Жанатай батырдың ұрпағы.
Көкшетау қаласы.