Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов Ақмола өңірі судьяларының кеңесінде облыстық соттың жаңа төрағасы Арман Жүкеновті таныстырды. Іс-шараға облыс әкімі Ермек Маржықпаев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері қатысты.
А.Жүкенов сот жүйесінде 16 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Жоғарғы Сотта, Алматы, Астана қалаларының соттарында қызмет атқарған. Оның ішінде елорданың ірі соты – қаралатын азаматтық істер саны бойынша Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола облыстары соттарының жүктемесіне тең Сарыарқа аудандық сотын 5 жыл басқарды.
2018 жылы «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының шеңберінде «Үлгілі сот», «Татуласу: сотқа дейін, сотта», «Сапалы нәтиже» жобаларын іске асыру үшін осы сот пилоттық сот ретінде таңдап алынды.
Ж.Асанов өз сөзінде: «Таңдау айқын болды. Арман Серіктайұлы – жаңашыл ойлайтын төраға. Оның үстіне ауданында 400 мыңға жуық адам тұратын ірі сот. Мен осы сотқа бірнеше мәрте бардым. Ұжыммен судья-медиатор, электронды сот шешімі, сот актілерін түсіндіру сияқты жобаларды талқыладық. 2018 жылы осында алғашқы фронт-офис ашылды. Бір сөзбен айтқанда, А.Жүкенов басқарған сот бүкіл сот жүйесінің зертханасы болды», – деді.
Анықтама. Арман Серіктайұлы Жүкенов 1983 жылы Абай облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтында білім алған.
Еңбек жолын Астана қаласының Алматы ауданында сот отырысының хатшысы болып бастаған. Жоғарғы Сот Аппаратының құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеген.
2009-2014 жылдары – Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы. 2015-2021 жылдары – Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы.
2021 жылдан осы тағайындауға дейін – Астана қалалық сотының судьясы.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі.