Он сегізінші ғасыр – халқымыздың азаттық тарихындағы қыры мен сыры мол аса бір күрделі кезең. Сайда саны, құмда ізі жоқ бытырап жүрген елінің басын қоссам деп ниеттенген асыл азаматтардың тарих көшінің қым-қуат, аласапыран, иірімді тұстарында жарқ етіп, халық есінде қалып қойғаны анық.
Қаракерей Қабанбай батыр – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы азамат соғысында атамекен жері, ар-намысы үшін аянбаған санаулы қолбасылардың ең көрнектілерінің бірі. Осы батырымыз жайлы халық аузында сақталып, біздің заманымызға жеткен, қағаз бетіне түскен жыр, әңгімелер қаншама.
Осы тұрғыдан алғанда, Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған «Қабанбай батыр – қазақтың хас батыры» атты ақпараттық сағат өткізілді.
Кеш барысында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманжол Есмағұлов пен Ш.Уәлиханов атындағы университетінің аға оқытушысы, магистр Ғалымтай Төлепбергенов сөз алып, Қабанбай батыр туралы мәліметтерімен бөлісті. Кешке қатысқан Қазақ гуманитарлық техникалық колледжінің студенттері өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сонымен бірге, Қабанбай батыр туралы слайд көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қаракерей Қабанбай батырдың тарихтан алатын орнын айқындау кештің негізгі мәні мен мазмұны болды. Алда да осынау батыр бабамыздың игі істерін дәріптеу, ойға түю ұрпақтар еншісінде.
Рустам ӘУБӘКІРОВ,
Көкшетау қалалық орталық үлгілі кітапханасының қызметкері.