Өнегелі өмірдің абыройлы белестері

Соғыстың екінші жылы еді. Көкшетау облысы Қызылту ауданының Чапаев атындағы шалғай колхозында өмірге жас нәресте келді. Бұл бір үйдің тұңғыш баласы еді. Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін деп күні-түні тыным таппай майданға көмек беруге бір кісідей жұмылып жатқан кез.

Бас көтерер ер азаматтардың бәрі майданға кетіп, ауылда тек кемпір-шалдар, қыз-келіншектер мен әйелдер, жасөспірімдер мен балалар ғана қалған. Жау Отанымыздың астанасы Мәскеуге ауыз салып, оны қорғаған Қызыл Армияның тегеуірінен шыдай алмай, кейін сырғыған күндер еді. Сонда да үлкен-кішіде тыным жоқ. Майдан үшін ет пен өзге азық түрлері, киім-кешек, аттың жүгеніне дейін кәдеге асатынын жақсы білген колхозшылар құс ұйқымен бар күш-жігерлерін осы ортақ іске бағыттайтын.

Осындай қиын уақытта туған ұлды ата-анасы Еламан деп атауды жөн көрді. Ол кішкентайынан ширақ, елгезек бала болып өсті. Соғыстан кейінгі жылдарда бастауыш кластарда жүріп-ақ туған колхозына көмек қолын созды. Ол үшін қой мен жылқы да бақты, шөп науқанына да ат салысты. Мектепте барлық пәндерден математиканы жақсы көрді. Сөйтіп, оқу бітірген соң 1960 жылы Семей сауда техникумына оқуға түсті. Ол кезде Еламан ағай күндердің күні милицияда қызмет ететіндігі туралы ойлаған жоқ. Тіпті бұл жағы ойына да кіріп шықпайтын. Диплом алғаннан кейін тек «Чкалов» совхозы жұмысшылар кооперациясының бухгалтері деген қызметті ғана білді. Кейін өз мамандығы бойынша Чапаев колхозына ауысты.

Кеңес әскері қатарындағы үш жылдық қызметінен кейін туған ауылында оны комсомол жетекшісі етіп сайлайды. Ал, алпысыншы жылдардың соңында әжептәуір тәжірибесі бар қаржыгер әрі белсенді жастардың бірі ретінде Қызылту аудандық ішкі істер бөліміне инспекторлық қызметке шақырылады. Содан бастап қызмет сатысымен өсе отырып, Еламан Нұрланұлы жетпісінші жылдардың ортасында Свердлов заң институтын бітіріп, социалистік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы болып жоғарылайды.

Содан бастап Қызылту, Красноармеец аудандық ішкі істер бөлімдерінде осы саладағы талай қылмыстың бетін ашып, өз ісінің тәжірибелі де білікті маманы ретінде таныла түседі. Осы жетістіктері үшін Арықбалық аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Куйбышев аудандық ішкі істер бөлімі арнайы комендатурасының бастығы, облыстық ішкі істер басқармасының ВТУ бөлімшесінің бастығы болып тағайындалады. Кейін Красноармеец ішкі істер бөлімін, Көкшетау облыстық ішкі істер басқармасы экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бөлімінің бастығы болып жоғарылатылады. Сөйтіп, құрметті еңбек демалысына Көкшетау облыстық атқару комитеті ІІБ төлқұжат және визалық жұмыс басқармасының бастығы қызметінен полковник шенімен шығады.

Еламан Нұрланұлы Нұрлановтың ішкі істер органдарындағы қырық жылдан астам қызметінде жанында тілекшісі болып өмірлік жары Дәметкен Умина бірге жүрді. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, олардың елін сүйген азамат болуына да күш-жігерлерін аянбады. Үлкен қызы Шынар Көкшетау қаласындағы №13 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Ал, Гүлнары Уәлиханов ауданының бас архивариусы. Қуаныш болса әкесінің жолын қуып, ішкі істер органдарынан құрметті демалысқа да шығып отыр. Азамат – РК-2-де инженер. Екі немересінің бірі Әділ «Қазақтелеком» кәсіпорнында инженерлік қызмет атқарса, Азат атасының жолын қуып, қалалық полиция басқармасында тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқаруда.

Енді Еламан Нұрланұлының өзіне келсек, «КСРО милициясының үздігі» төсбелгісі мен көптеген медальдардың, КСРО және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрліктерінің Құрмет грамоталарының иегері. Министрліктің өзіне берген Алғыс хаттары да бір төбе. Демек, бұл кісіні өзінің ұл-қыздары мен немерелеріне үлгі ретінде ұсынуға болатын нағыз өнегелі өмір иесі десек артық емес.

Жуырда осындай абыройлы жолдан өткен Еламан Нұрланұлы сексен жастың сеңгіріне көтерілгелі отыр. Бар саналы ғұмырын тыныштық пен тәртіп күзетіндегі осы бір қиын мамандыққа арнаса да, сол баяғы өмірге құштар қалпы. Бұл күні полиция ардагерінің қара шаңырағы ақ тілекпен ағылған әріптестерінен, замандастары мен бауыр еті – балаларынан босамасы анық. Иә, ел үшін аянбай еңбек еткен жандардың қашанда жүзі жарқын, көңілдері көтеріңкі. Өйткені, олардың осы еңбегінен, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпке деген ынта-ықыласынан қоғамымыз да іргесі шайқалмай тұра берері анық. Сол үшін Еламан Нұрланұлына да алғысымыз мол.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар