Бүгінгі таңда бұл салаға мемлекет тарапынан бірқатар қамқорлық жасалуда. Жергілікті жерде де атқарылып жатқан ауқымды істер бар.
Алдымен, балықтың өрісін тарылтып тұрған қыруар кемшілік туралы айта кетелік. Ерейментау ауданындағы Торғай селолық округінің аумағындағы Ащыкөл, Тайбай селолық округінің аумағындағы Үшмырза, Жарлыкөл тәрізді су айдындарын балықтандырып, ісін дөңгелетіп отырған шаруа қожалығының басшысы Жанмұрат Тілеубердиновтың айтуына қарағанда, жергілікті шаруалардың көлден мал суаруы ақылға сыйымсыз. Малсақ қауыммен арадағы келіспеушілік осы арадан туындап отыр. Мәселен, үш көл де Астана-Павлодар тас жолының бойында орналасқан.
Тіпті, қолсозым жерде. Жадыраған жаз айында бір шеті Астана, Екібастұз, Шідерті қалаларынан дем алушылар дүмеп келеді. Әуесқой спортшылардың да балық аулауға деген ынтасы жақсы. Дегенмен, айдынның іргесінде топырлап мал жүргендігін жақтыра бермейді әрі төрт аяқты мал көл жиегін ластайды. Ал, өздері болса қысы-жазы айдын маңайын тазалап, күтіп ұстауға ұмтылады. Жалғыз балық қана емес, туризмді де тәп-тәуір дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ, қолдың қысқалығы мүмкіндік бермей тұр.
–Қаражатымыз болса көл жиегіне келушілердің көңілінен шығатындай етіп үй жайларды сатып алар едік, – дейді Жанмұрат Айдарханұлы, – бұл шаруамен алдымен әкеміз айналысқан. 2005 жылы белгіленген тәртіпке сай осы үш көлді алып, балық өсіре бастады. Кейін інім екеуіміз әкеміз бастаған істі жалғастырып әкеттік. Алдымен су құрамын тексеріп, зертханадан өткіздік. Кейін Қарағандыдағы балық тұқымбағынан сазан мен тұқы балығының дернәсілдерін әкеліп, су айдындарына жібердік. Балыққа сұраныс өте жақсы, бағасы да қолжетімді.
Биыл ғана көл тауарлы балық шаруашылығы ретінде құрылған ұжым субсидия алып көрмепті. Қазір тиісті құжаттарын толтырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен дәметіп отыр. Барлық шаруаны өз қаражаттарымен атқарып жатыр. Көктемде Зеренді тұқымбағынан 300 мың рипус, дөңмаңдай балықтарының дернәсілдерін әкеліп, айдынға жіберген. Әсіресе, дөңмаңдай балығы көлді қоғадан тазарту үшін қажет. Қазір көл иелерінің айтуына қарағанда, алғашқы сынақ ретінде өрістеткен балық көбейе бастаған.
Балық шаруашылығының қарбаласы да шаш-етектен. Қырдағы тайыз көлдердің санатындағы су айдындары қыс қатты болса түбіне дейін қатып қалуы мүмкін. 2014 жылы қақаған аязда әупірімдеп жүріп, әзер аман алып қалыпты. Айдындардың тереңдігі 3,5-4 метр шамасында ғана. Сондықтан, қыс бойы көк мұзды ойып, оттегін жіберіп, қамқорлық жасайды. Көл суын молайту үшін қар тоқтату қажет. Бір кездегі бұлақ біткен бітеліп қалған, ендігі амал қар, жауын суымен көл кенересін толтыру.
Сөз арасында өңірде Жанмұрат Айдарханұлы тәрізді 330 табиғат пайдаланушы 452 су айдынына ие болып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұл біздіңше өте дұрыс қадам. Иесіздіктің қандай болатындығын көз көріп жүр. Егер көлге ие табылса, балық та молая түсер еді. Бұл тарапта айта қаларлықтай шаруа атқарылуда. Үстіміздегі жылы өңірдің 74 су айдыны көл-тауарлы балық шаруашылығы болып қайта құрылды. Биыл облыс бойынша тауарлы балық өсіру көлемі 952 тоннаға жетті. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін табиғат пайдаланушылар балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес 7 166 747 дернәсілді ақ айдынға тоғытты. Оның ішінде 7 150 000 дана пайдабалық, 2000 дана бір жылдық тұқы балығы бар.
–Осы дернәсілдерді сақтап қалу үшін облыстың табиғат пайдаланушылары өздеріне бекітілген су айдындарында қысқы мезгілде көп жұмыс атқарады, – дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Ақмола облыстық бөлімінің басшысы Мұрат Шалабаев, – бір ғана мысал келтіре кетейін, өткен қыста табиғат пайдаланушылар айдын үстінде 39505 шұңқыр бұрғылап, бұл жұмысқа 532 адам мен қыруар техника жұмылдырылды.
Иен байлықты сақтау да оңай-оспақ шаруа емес екен. Жыл басынан бері 440 рейдтік шара өткізіліпті. Осы шаралар барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 140 фактісі анықталған. Әкімшілік хаттама толтырылып, 2327880 теңге көлемінде айыппұл салынған, 165,5 келі балық тәркіленген. Сот орындарына үш әкімшілік материал жөнелтілген. Балық шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес облыс аумағында әр жыл сайын «таза су айдындары» акциясы өткізіледі. Аталмыш акция барысында су қоймаларынан 118 тор жиналған. Су қоймаларының жағалаулары тазартылып, жүздеген тонна қоқыс шығарылған. Бұл жұмысқа да 500-ден астам адам қатысып, қол ұшын берген.
Балық та бабын тапқанға өседі. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған қазіргідей кезеңде балықтың да дастарханның берекесін келтірер септігі бар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.