Ұтымды ұйымдастырылған жұмыс ырысты молайтады

Облыс диқандары ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, барынша жіті қимылдап, жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізуде. Күні бүгінге дейін барлық егістік алқаптың 91 пайызы жиналып алынды.

Бар ғұмырын дархан даланың төсінде, ырыздық жорығында өткеріп келе жатқан аға буын өкілдері биылғы көктем мен жаз егістік үшін өте қолайлы болды деседі. Алқап төсіне тұқым сіңірілгеннен кейін көктен иіп, мол жауын жауды. Дәл керек уақытында. Егін масағы сүттеніп, дән толыса бастағанда да ылғал жақсы түсті. Күннің қызуы да аз болған жоқ. Табиғаттың жылы қабақ танытқан жомарттығынан Ақмола өңірінің едәуір бөлігінде ел ырыздығы молая түсті. Қазір гектар берекесі орта есеппен 11 центнерден айналуда. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, өткен жылы әр гектардан 8 центнерден өнім жиналған болатын.

Ала жаздай диқан қауымның көңілін күпті еткен жай – бидайдың бағасы болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтың айтуына қарағанда, күні кеше ғана Азық-түлік корпорациясы бидайдың бағасын жария еткен. Қамырлылығы 23 пайыздық 3 класты бидайдың бір тоннасы 121 мың теңгеден, қамырлылығы 25 пайыз болса, 123 мың теңгеден, қамырлылығы 27 пайыз болса, 125 мың теңгеден бағаланып отыр. Ал, бидайдың сапасына, яки қамырлылығына келетін болсақ, облыста биылғы жылы бұрын-соңды бола қоймаған сапалы астық жиналуда. Өңірдің батыс жақ беткейіндегі Жақсы, Жарқайың, Есіл тәрізді далалық аудандардағы кейбір шаруашылықтардың жайқалып өскен егістік алқабынан жиналған бидайдың қамырлылығы 34 пайызға дейін жетіп отыр. Ол дегеніңіз, алтынға айырбастамайтын ырыс.

Сарапшылардың айтуына қарағанда, диқандардың көктемгі және күзгі науқандық дала жұмыстарында шығарған шығыны биылғы бағаның деңгейімен есептегенде, гектарынан 6 центнерден өнім алғанда өзін-өзі толық ақтап шықпақ. Тұқым, дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, техника, жанар-жағар май, еңбекақы, салық тәрізді бар шығынды  толық жабады. Қалғаны таза пайда. Соның өзінде кейбір шаруашылық басшыларының биыл белгілі бір себептерге байланысты  қосалқы бөлшектердің бағасы тым қымбаттап кетті деп сары уайымға салынып жүргенін сән мәрте естіген болатынбыз.

–Шағын шаруашылықтарға оңай емес, әрине, – дейді басқарма басшысының орынбасары, – ал, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникасы жаңа. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетілген мол көмектің арқасында мұндай құрылымдар машина-трактор паркін жаңалап алды. Сондықтан, қосалқы бөлшектерді көп қажет етпейді. Оның үстіне 48,1 миллиард теңге көлемінде субсидия түріндегі көмек көрсетілді. Азық-түлік корпорациясы тарапынан 20 миллиард теңгеге келісім-шарт жасалды. Мемлекет ауыл шаруашылығы техникасына да, тұқым мен тыңайтқышқа да, қысқасы, диқан қауымға не қажеттің барлығына да көмектесіп жатыр емес пе?

Шынында да, бұрнағы жылдары өз қотырын өзі қасыған ауыл шаруашылығы құрылымдары бір сыдырғы күн көрді. Ал, мемлекет тарапынан субсидия беріле бастағалы қаржыдан қиыншылық көріп отырған жоқ.

Осы арада бір ғана мысал келтіре кетелік, кепілдендірілген дизель отынының әр литрі шаруаларға 218 теңгеден босатылды. Ал, жанар-жағар май құю станцияларында әр литр 260 теңгеден сатылуда. Дәл осы жерден-ақ қамқорлық көрініп тұрған жоқ па?

Жіті қимылдаған аудандар егін орағын аяқтап қалуға таяу. Есіл ауданы барлық егістік алқабының 94,5, Егіндікөл ауданы 93,9, Целиноград ауданы 90,3 пайызын жинап алды. Ашық күндері облыс диқандары тәулігіне 160 мың гектар алқаптың егінін бастыруда. Осы қарқыннан танбаса, бір аптаның ішінде ел ырыздығы ысырап болмай, халықтың игілігіне жаратылмақ.

Өңірдің элеваторлары мен астық сақтайтын қоймаларына 1 миллион 400 мың тонна бидай тасымалданды. Келер жылға 530 мың тонна тұқым қажет болатын болса, оның 344 мыңы іріктеліп, тазаланып, құйылып алынды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар