Емдеу мекемесін өзіңіз таңдайсыз

Халық өзіне ыңғайлы емхана  мен учаскелік дәрігерді таңдауға құқылы. Бұл жайында  «Халықты емханаларға тіркеу науқаны туралы» брифингте баяндалды.

Қазақстан Республикасының барлық аумағында 15 қыркүйекте емханаларға еркін тіркелу науқаны басталды. Екі ай ішінде қазақстандықтарға, оның ішінде Ақмола облысы тұрғындарына да медициналық ұйымды таңдау еркіндігі берілді.

Өңір бойынша биыл МСАК-тың 25 жеткізушісімен шарт жасалған, оның ішінде 18 мемлекеттік және 7 жеке ұйымдар бар.

Бүгінде облыс бойынша 785 035 адам  емханаға тіркелген, оның ішіндегі шетелдік азаматтар саны 8 109, ал, қандастар 240, ауыл халқының саны 335 379 адамды құрап отыр.

МСАК ұйымын еркін таңдау науқаны жыл сайын өткізіледі. Ол қазақстандықтарға, қазіргі дәрігер ұнамаған жағдайда, тіркелу ұйымын өзгертуге немесе өз емханасының ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік береді. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда ұйымнан тез әрі сапалы көмек көрсетілгенін қаласаңыз, тұрақты мекен-жайға жақын орналасқан ұйымға тіркелуге кеңес береді сала мамандары.

–Тіркеу немесе қайта бекіту кезінде емханаға тұрғылықты жеріне жақын – үйден 15-20 минуттық жерде таңдау ұсынылады. Бұл өте маңызды, өйткені емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсете алады. Яғни, қажет болған жағдайда учаскелік дәрігерді немесе мобильді топты үйге шақыруға мүмкіндік бар, – деп толықтырды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша директорының орынбасары, Талғатбек Тлеубердин.

Ендігі мәселе осы ұйымдарға қалай тіркелуге болады?

Бірінші тәсіл– электрондық үкіметтің веб-порталы www.egov.kz арқылы жүзеге асады

«Денсаулық сақтау» бөліміндегі «медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет.

Бұдан әрі электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауаптардың барлығы қабылданғаннан кейін, медициналық ұйымды бекіту туралы хабарлама аласыз.

Екінші тәсіл (халықтың жекелеген санаттары үшін) – емханаға еркін нысандағы өтінішпен және жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгіну арқылы жүзеге асады.

Бұл әдіс :

– зейнеткерлерге, мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге тағайындалған қамқоршыларға, қорғаншыларға немесе қамқоршыларға, патронат тәрбиешілерге, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандарға, студенттерге, мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне, шет мемлекеттерде туған балаларға, сенімхат бойынша тіркелуді ресімдейтін адамдарға қол жетімді.

Қорытындылай келе, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін  көмек  алу үшін өңірдің әр тұрғыны қандайда бір  бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымына  бекітілуі  тиіс.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар