Бір қарағанда атқарылған жұмыс көп, бірақ, әлі де болса, көңілдегідей нәтиже жоқ…

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде Біржан сал және Зеренді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары Әмина Жақыпова мен Алмат Балтағарин Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай, өз өңірлерінде тіл саясатын және ономастика жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған брифингке қатысып, осы саладағы жұмыстарды баяндап берді.

 Ауыл атаулары қазақшалануда

      Алдымен сөз алған Алмат Балтағарин Зеренді ауданында Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу аясында өткен іс-шаралар тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім» атты тілдер апталығының ашылу салтанатымен басталғанын, осы орайда жалпы, 5-16 қыркүйек аралығында 150-ден астам түрлі іс-шаралар өткізілгенін атап өтті.

Тарқатып айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай қазақ тілі мамандары арасында  «Ұлт ұстазы» атты аудандық байқау өткізіліпті. Сонымен қатар, аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арасында «Қазақ әліпбиінің атасы» атты интеллектуалдық ойын, ал, әлеуметтік желі парақшасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Ахмет атаны білесіз бе?» тақырыбында онлайн викторина ұйымдастырылған екен.

Мемлекеттік мекемелердегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілден сауаттылығын анықтау мақсатында «Жаңа ұлттық әліпби: сауатты жазуды қалыптастыру» атты байқау және тағы басқа мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілген. Шағын және орта бизнес субъектілері арасында «Мемлекеттік тілді ІТ жобалары арқылы үйренудің жолдары және көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде орналасуы» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны, сондай-ақ, тілдерді оқыту орталығының инстаграм әлеуметтік парақшасында кемеңгер ақын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай бейнесабақтар мен ұлт ұстазының  тіл туралы нақыл сөздері жарияланды. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Татулықты сақтаған тектіліктің белгісі» тақырыбында тақырыптық сағаттар өткізілді. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай,  ауылдық округтерде 20-дан астам кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауылдық клубтар арасында «Ана тілін ардақта» атты челлендж өткізіліп, тағы да  тілдер апталығы аясында 30-ға жуық түрлі іс-шаралар өткізілді. Бекітілген жоспарға сәйкес жоғары агротехникалық колледжінде студенттер арасында «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты интеллектуалдық ойын, «Тілі бірдің – тілегі бір» тақырыбында дөңгелек үстел, 1-2 курстар арасында «Ана тілім – құдіретім» атты шығармалар сайысы өтті.

Ауданның ауылдық мектептерінде «Дәуірдің жарық жұлдызы» тақырыбында диктанттар, «Ұлылықтың отын жаққан шырақшы» атты әдеби кеш, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған ашық сабақтар, «Ахмет – ұлт ұстазы» тақырыбына эссе, педагог-филологтардың қатысуымен «Ұлы педагог» атты дөңгелек үстел, бүлдіршіндер арасында «Бала тілі – бал» атты онлайн мәнерлеп оқу байқауы және тағы басқа іс-шаралар өтіпті. Бұл іс-шараларға қатысқан адам саны төрт мыңға жуық.

Ауданда ономастика саласы бойынша да бірқатар оң өзгерістер бар екендігі баса айтылды.  Аудан бойынша 22 ауылдық округ, 79 елді мекен және оның ішінде 430 құрамдас бөлігі бар.

– 2019-2020 жылдар аралығында аудан бойынша  5 елді мекеннің атауы және 30-дан астам көше ұлттық танымға сәйкес қайта аталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жергілікті халықтың қалауымен Симферополь және Уголки, Еленовка ауылдарында жергілікті қоғамдастықтың жиыны өткізіліп, жиын қорытындысы бойынша Симферополь ауылын Тұран ауылы, Уголкиді Орманды ауылы және Еленовка ауылын Самалтау ауылы деп қайта атау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Молодежный, Симферополь, Өзен, Шағалалы және Қарағай стансасының, құрамдас бөліктерін, 13 көше атауын ауыстыру бойынша шешім қабылданды. Жиын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына сәйкес жүргізіліп, құжаттар дайындалды, – деп атап өтті бөлім басшысы.

Зеренді ауданында ономастика саласы бойынша атқарылып жатқан ауқымды істер бар. Алда да бұл игі іс жалғасын табады деп сендірді бөлім басшысы. Осы орайда, атап өтерлігі, жалпы өңіріміздегі елді мекендердің атауын қазақшалау мәселесі бойынша атқарылып жатқан іс-шаралардың басы-қасында өңіріміздің зиялы қауым өкілдері жүргенін де, сол намысы найзадай жігіттеріміздің бастауымен көптеген игі істер жүзеге асып жатқандығын да баса айтуымыз керек.

 «Дауысты және дауыссыз дыбыстардың айтылуына ерекше назар аударып…»

Брифингте сөз сөйлеген Біржан сал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әмина Жақыпова  өз баяндамасында алдымен тілдер мерекесі аясында ауданда атқарылып жатқан іс-шаралар туралы тарқатып айтты. Айта кетпеуге болмайды, сол тізбектелген жұмыстардың арасында балабақшада өткен іс-шарадан бастап, кітап көрмесіне дейін барлығы баяндалды. Аудандық деңгейде арнайы жоспар бойынша өткізілуге тиісті іс-шараларды ауыз толтырып жетістік ретінде ортаға шығарудың қанша қажеттілігі бар деп ойлайсың осындайда.

Бірақ, тіл мәселесіне келгенде ұсақ-түйектің болмағаны да ләзім. Осыған байланысты біз де ден қойып, назар салып отырдық. Сөз арасында қағыс естіп қалдық па дегенбіз, сол себепті де баяндамашының баяндамасын сұратып алып, тағы бір мәрте көз жүгіртіп шықтық. Қағыс естіген емес екенбіз. Баяндамашы атқарылып жатқан іс-шараларды тізбектей келіп, аудандық балабақшаның бірінде бүлдіршіндер арасында мемлекеттік тілді құрметтеуге бағытталған «Балғын шақ» байқауы ұйымдастырылғанын атап өтті. Тарқатып айтар болсақ:

– Балалар өлең оқып, ән айтып, берілген тақырыпқа тапсырмалар орындады (менің отбасым, үй жануарлары, жыл мезгілдері және тағы басқа тапсырмалар). Қазылар алқасы  дауысты және дауыссыз дыбыстардың айтылуына ерекше назар аударды. Айта кету керек, барлық балалар өздерін мемлекеттік тіл білгірлері ретінде көрсетіп қана қоймай, берілген тақырыптарды ашуға деген талпыныстарымен көрермендерді қуантты, – дейді Біржан сал ауданындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әмина Жақыпова.

Міне, жаңалық! Білдей бір ауданда балабақшадағы бүлдіршін баланың дауыссыз және дауысты дыбысты ажыратып айтқандығын үлкен нәтиже санап, оны мемлекеттік тілдің дамуындағы зор көрсеткіш дегенге балар болсақ, жетістігіміз шамалы-ау деген ойға қаласың! Тіпті болмаса, дауыссыз және дауысты дыбыстарды ажыратқанын емес, қазақтың төл дыбыстарын дұрыс, анық айтып, ажырата сөйлегені бағаланса, құба-құп деп қуанар едік…

Бұл өңірдегі ономастика мәселесіне тоқталсақ, аудандағы 35 елді мекеннің  26-сы қазақша аталған, 9-ы орыс тілінде.  193  көшенің  132-сі  қазақша болса, 61-і орысша атауға ие. Атауы  ескіріп, уақыт талабына сай жаңартуды қажет ететін елді мекендер де баршылық. Олардың қатарына Макинка, Заурал, Яблоновка, Заозерный, Краснофлот, Карловка, Трамбовка және тағы басқаларын жатқызуға болады.

– 2022 жылдың ақпан айының 23 күні «Еңбекшілдер жаршысы» газетіне Баймырза ауылының  көшелерін  қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өтеді деп хабарландыру жарияланған болатын, бірақ, жергілікті қоғамдастық жиналысының отырысында барлығы қарсылық білдіргеннен кейін, бұл мәселе оң шешімін таппады. Биылғы жылдың тамыз айының 11 күні аудандық газетте Андықожа батыр ауылында ағымдағы жылдың 13 қыркүйегінде ауылдың 11 көшесін қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өтеді деген тұрғындардың назарына хабарландыру жарияланды, бірақ 9 қыркүйекте елімізде электоралды компаниялар жұмыстарының басталуына байланысты, көше, ауыл, ауылдық округ, қала атауларын қайта атау бойынша қоғамдастық жиналыстары өткізілмейді деген нұсқау келгесін бұл жұмыс тоқтатылды.  Мемлекеттік тіл аясында және ономастика мәселелері бойынша жұмыстар алдағы уақытта да әрі қарай жалғасын табады, – деп түйіндеді бөлім басшысы.

Иә, қазақ тілінің көкжиегін кеңейту, өрістету, дамыту, мәртебесін көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ал, мемлекеттік тіл елдің айнасы.  Халықтың сенімсіздігі селқос көзқарастан туады ғой…

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар