Ағаш отырғызу бірнеше еселеп артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде 2 миллиард ағаш егу туралы тапсырмасы аясында облыста соңғы бес жылда 73 миллион түптен астам ағаш егілді.

Осы және орман қорын қорғау мен қалпына келтіру мәселелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы  басшысының орынбасары Батыржан Әбілпейісов айтып берді.

Ақмола облысының орман қоры 1,1 миллион гектарды құрағанымен, оның тек 3 пайызы ғана орманмен қамтылған. Осы көрсеткішті ұлғайту мақсатында 2021-2027 жылдарға арналған 150 миллион түп ағаш егу жоспары бекітілген.

2021-2025 жылдар аралығында облыс аумағында 11 мың гектар жерге 73,7 миллион түп ағаш отырғызылған. Бұл көрсеткіштен жыл сайын орта есеппен 16-17 миллион түп ағаш егілгенін байқауға болады.

Басты назар өңірдің климатына тез бейімделетін қылқан жапырақты (қарағай) және биологиялық әртүрлілікті сақтау үшін қайың, үйеңкі, қарағаш секілді жапырақты ағаштарға аударылуда. Алдағы екі жылда тағы 77 миллион түп ағаш егу жоспарлануда. Жалпы, облыс әкімдігіне ведомстволық бағынысты орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері бойынша ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемдерінің ұлғаюының оң үрдісі байқалады.

Жалпы, орманды қалпына келтіру үшін сапалы көшеттер қажет екені анық. Қазіргі уақытта облыста жалпы ауданы 190 гектарды құрайтын 11 орман тұқымбағы бар, олардың үшеуі базистік және сегізі уақытша питомниктер. Олар Ақкөл, Зеренді, Степногорск және басқа да аудандарда орналасқан. Көшеттер көлемін арттыру мақсатында   Зеренді ауданындағы «Бұқпа» орман шаруашылығы аумағында 61 гектарлық жаңа тұрақты тұқымбақ құрылысы жүріп жатыр.

– Біздің басты міндетіміз бүгінде орманды молықтыру ғана емес, оны тілсіз жаудан қорғау.  Ағымдағы жылы бұл бағытта материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайтылды. Лизингтік бағдарлама бойынша 3 миллиард теңгеге 85 бірлік техника, атап айтқанда, өрт сөндіру машиналары, тракторлар, кіші кешендер сатып алынуда. Сәуір айының соңына дейін жаңа өрт сөндіру машиналары толық жеткізілді. Бұдан басқа, «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі аумағында 2-інші типті орман өрт сөндіру станциясы салынды. «Ақкөл», «Бұқпа», «Кеңес», «Краснобор», «Куйбышев» орман шаруашылықтарында 21 бақылау мұнарасы мен заманауи камералар орнатылды. Бұл жүйе орман қорының 50 пайызын, шамамен 200 мың гектар аумағын бақылауға мүмкіндік береді, – деді брифингте басқарма басшысының орынбасары.

Спикердің мәліметінше, басқарма қарамағындағы шаруашылықтар тек орман қорын ғана емес, сонымен бірге ауыл-аймақтардың аумағын да жасыл желекке бөлеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. 5 жылдық өңірлік жоспар аясында елді мекендерде 500 мың түп ағаш егіліп, бекітілген жоспар толықтай орындалған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 305 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.

Батыржан Бауыржанұлы атап өткеніндей, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы облыстың табиғи байлығын сақтауға және болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалдыруға бағытталған. Орманшылар қауымы күн райының қолайсыздығына қарамастан, «жасыл желекті» қорғау жолында тәулік бойы қызмет етуде.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар