Қоғамдық ұйымдарда
Көкшетауда Дүниежүзілік аутизм мәселелері туралы ақпараттандыру күніне арналған мерекелік шеруде ерекше балалар ашық аспан астындағы асфальтқа сурет салып, спорттық жарыстарға қатысты.
Қала тарихында алғаш рет өткізіліп отырған бұл мерекелік шеруді «Ерекше өмір» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қоры ұйымдастырды. Қаланың орталық алаңында, кинотеатр маңында өткен шараға 250-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында 70-ке жуық ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен 100-ден астам ата-ана, сондай-ақ, балалардың бауырлары мен жақындары болды.
Шара барысында ұйымдастырушылар жиналған қауымды аутизм туралы ақпараттандырудың маңыздылығына назар аударуға шақырып, ерекше балалардың да қоғамның ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Олардың да өзге балалар сияқты армандай алатынын, тек оларға сәл көбірек түсіністік пен қолдаудың қажет екенін баса айтып өтті.
–Біздің мақсатымыз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды біріктіру және қоғамда аутизм туралы дұрыс түсінік қалыптастыру болып табылады. Аутизм бұл үкім емес, бұл ерекшелік. Әрбір бала махаббатқа, қамқорлыққа және толыққанды өмір сүруге лайық. Осындай шаралар арқылы біз балаларымыздың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, ата-аналарға да қолдау көрсетеміз. Бүгінгі мерекелік шерудің қала тұрғындарына ой салып, мейірім мен түсіністікті арттыруға ықпал етеді деп сенеміз, –
дейді «Ерекше өмір» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Рақымбекова.
Сондай-ақ, шарада Көкшетау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Нүгертаева мен Қазақстан Халық партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Арман Тастамбеков құттықтау сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Алдын ала дайындалған мерекелік бағдарлама да мазмұны мен мәні жағынан әсерлі өтті. Шара қонақтарына концерттік нөмірлер ұсынылып, балалар мен ата-аналар бірлесе отырып флешмобқа қатысты. Сонымен қатар, асфальтқа сурет салу байқауы мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, балалар өз өнерлері мен белсенділіктерін көрсетті. Аниматорлар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің шырайын аша түсті.
Шара демеушілерінің қолдауымен әр балаға сыйлықтар табысталып, қатысушыларға қаладағы кинотеатрда мультфильм көруге мүмкіндік жасалды. Бұл сәттер балалар үшін де олардың ата-аналары үшін де ұмытылмас, зор әсер қалдырды.
–Біз үшін мұндай шаралардың маңызы өте зор. Көп жағдайда қоғамда аутизм туралы түсінік толық қате болып келеді. Осындай кездесулер арқылы біз жалғыз емес екенімізді сезінеміз. Балаларымыз басқа балалармен араласып, қуанып, өздерін еркін ұстайды. Бұл біз үшін үлкен бақыт. Осы ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыс айтамыз, –дейді ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Майра Штир өз әсерімен бөлісіп.
Ата-аналарға өңірдегі көрсетілетін қолдау түрлерін кеңінен таныстырып, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды біріктіріп, қоғамда аутизм туралы дұрыс түсінік қалыптастыруды мақсат еткен ұйымдастырушылар бұл бастама алдағы жылдары да дәстүрлі түрде өз жалғасын табады деген сенім білдіреді.
Мерекелік шеру соңында қатысушылар бір-біріне алғыс айтып, ерекше балаларға деген мейірім, құрмет пен қолдаудың маңызын тағы бір мәрте айқын сезінді. Шара барысында қалыптасқан жылы атмосфера, балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың ризашылыққа толы көңіл-күйі бұл күннің мәнін одан әрі арттыра түсті.
Ұйымдастырылған іс-шара барша жұртқа аутизмнің үкім емес, тек ерекшелік екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, қоғамда өзара түсіністік пен жанашырлықтың артуына жол ашты. Сонымен қатар, мұндай бастамалар ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап, оларды қолдаудың маңызын кеңінен насихаттайтыны сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

