Егіншілік  саласын дамыту мәселелері талқыланды

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірлерге жұмыс сапары аясында «Ново-Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен саланың дамуын талқылады. Онда Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандарының әкімдері көктемгі егіс науқанының барысы туралы есеп берді.

– Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барлық ауыл шаруашылығы шараларын сақтай отырып жүргізілді. 75 мың гектардан астам аумақта қар ұсталып, су үнемдеу технологиясы сақтала отырып, 270 мың гектардан астам ылғал жабу жұмыстары жүргізілді. 95 мың гектар алқапта көктемгі егіс алдындағы өңдеу жұмыстары атқарылып, 6 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге келісім-шарттар жасалды. Егіс алқаптарына барлығы 1000-нан астам трактор, 168 тұқым себу жүйесі, 829 сепкіш шығарылып, 170 мың гектар алқапқа дән себілді, – деп хабарлады Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов. Ал, Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралина:

– Аудан диқандарына мемлекет тарапынан 8 миллиард 200 миллион теңге қолдау көрсетілсе, оның ішінде «КӨКШЕ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы 1 миллиард 465 миллион теңге, азық-түлік корпорациясы арқылы 609 миллион теңге игерілді. Биылғы жылдың төрт айында диқандарымыз 2,9 миллиард теңгеге 40 техника сатып алды. Ауданда инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, оның ішінде жаңа астық өңдеу станциясының құрылысы да бар. Бұл жобаның құны 10 миллиард теңгені құрайды, – деді.

– Бүгінге дейін 274 200 гектар жерге бидай, арпа, сұлы себілді. Жоспарланған 15 000 гектар майлы дақылдардың 12 000 гектарына тұқым себілді. 981 трактор, 138 тұқым себу кешені, сондай-ақ, тіркеме кешендер мен сепкіштер сатып алынды. Жыл басынан бері жалпы құны 2,3 миллиард теңгеге 27 техника мен құрал-жабдықтар сатып алынды, – деп хабарлады Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларына ауыл шаруашылығы саласында бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шараларын атап өтті.

– Мемлекет жеңілдетілген несиелер, жеңілдетілген бағамен жанар-жағар май, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша барлық міндеттемелерді уақытында орындап отыр, –  деп атап өтті Марат Ахметжанов. – Ауыл шаруашылығы жұмыстарын мезгілінде аяқтауымыз керек, сондықтан, артта қалған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржыландыру биыл да басқа көздерден алынған қаражатты пайдаланып, жаңа нысандар салуға болатын кезде бөлінді. Келісім-шартты орындамаған кәсіпорындар несиелері бойынша 5 пайыз емес, 20 пайыз өсім төлейтін болады.

Марат Ахметжанов «Ново-Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқаптарын аралап көрді. Мұндағы көктемгі егіс алқабы 33,6 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Егістік жердің басым бөлігін бидай дақылы құрайды, оған 29 мың гектардан астам жер бөлінген. Қалғанына арпа, сұлы, күнбағыс және бұршақ дәндері егіледі.

Облыс әкіміне қазіргі таңда салынып жатқан тұқым тазалау желісі көрсетілді, бұл өңірдің тұқым қорының сапасын айтарлықтай жақсартып, импортқа тәуелділікті азайтады. Нысан құрамында әрқайсысы 36 000 тоннаға дейін астық сақтауға қабілетті тоғыз қойма бар.

– Біз оны толығымен өз қаражатымызға салып жатырмыз. Әлемдік танымал Cimbria брендінің технологиялық жабдықтарын орнаттық, зауыттың өндірістік қуаты сағатына 10 тонна тұқымды құрайды. Іске қосу сертификатын биыл алуды жоспарлап отырмыз, – деді «Ново-Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Валерий Тюркин.

Сондай-ақ, облыс әкімі заманауи агротехнологиялар арқылы өңделген арпа үлгілері мен тұқымдары қойылған орталық астық сақтау қоймасын аралады. Нысанның қондырғылары заманауи тракторлармен, жүк көліктерімен және ең жоғары жүктемелерге дайын трактор тіркемелерімен толықтай жабдықталған. Әрқайсысының сыйымдылығы 4000 тонналық тоғыз ірі астық сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр, бұл 36 мың тоннаға дейін астықты ысырапсыз сақтауға, егін жинаудың толық сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Юбилейный ауылының инфрақұрылымының дамуына да оң бағасын берді. Мұнда заманауи газ тарату стансасының іске қосылуының арқасында 190 жеке тұрғын үй орталықтандырылған ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтылған. Ауыл шаруашылығы кәсіпорны газ шығынының 30 пайызын өтейді. Ауылды абаттандыру және ауылдық нысандардың құрылысы үздіксіз жүргізілуде.

Марат Ахметжанов өз сөзінде көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау керектігін баса атап көрсете келе, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, озық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар