Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбекті қорғау – маңызды әрі күрделі мәселе - АРҚА АЖАРЫ

Еңбекті қорғау – маңызды әрі күрделі мәселе

Елімізде еңбекті қорғау айрықша әлеуметтік мәнге ие екендігі белгілі. Алдымен өндірісте еңбектің қауіпсіз әрі жағымды жағдайын қамтамасыз ету керек. Адам денсаулығы – мемлекеттің байлығы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау бағытында өңірдегі бес кәсіпорынға «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек қатынастары, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау саласында жүйелі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Алдымен еңбекті қорғау бағытындағы міндеттер туралы таратып айтатын болсақ, еңбекті қорғау еңбек үрдісінде адамның қауіпсіздігін, жұмысқа қабілеттілігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық, техникалық, гигиеналық, денсаулық сақтау шаралары мен құралдарының заңдық құжаттар жүйесі.  Қоғамда осы мәселелерге мейлінше көңіл аударып, еңбекті қорғау қатаң жүзеге асырылуы қажет. Істі ұтымды ұйымдастыру үшін еңбекті қорғау саласындағы инженерлік-техникалық қызметкерлердің біліктілігіне айрықша көңіл бөлген жөн. Өндірісте айтып келмейтін апат осыған жеткілікті көңіл бөлінбеген жерлерде орын алады.

Таяуда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен қазақстандық еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік қауымдастығымен бірлесіп, еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты өткізді. Әлбетте, кәсіби тәуекелді қашанда дұрыс бағамдаған жөн. Елімізде жыл сайын бір мыңнан астам жұмысшы жұмыс орнында жарақат алады екен. Бұл ресми тіркеліп, белгілі болғандары ғана. Ауыл-елдегі «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дейтіндердің қанша екендері белгісіз. Өндірісте орын алып жатқан оқыс оқиғалардан жылына екі жүзге жуық жұмысшы көз жұмады. Міне, осы деректерді сараптай келе, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің әлі де ақсап жатқандығын түйсінуге болады.

Алдағы уақытта әр жұмысшының электронды денсаулық паспорты жасалмақ. Бұл әзірге ұсыныс қана. Жан-жақты сараптай келе, ұсыныстың ұтымды екендігін айқын аңғаруға болады. Сәл таратып айтсақ, адам жұмысқа орналасқан күннен бастап оның денсаулығы бақылауға алынып, жұмыс барысында зиян келмеуі жан-жақты ойластырылмақ. Сонда ғана қайсы бір зиянды кәсіпорындарда туындауы мүмкін аурудың алдын алуға болады. Ал, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жұмыс орнының талапқа сай болуын мұқият тексеріп отыру керек.

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма еңбек адамдарының еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуға және болдырмауға, облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіріп, еңбекті қорғау барысын мейлінше жақсартуға бағытталған іс-шараларды үздіксіз жүзеге асыруда. Жыл басынан бері басқарма өңірдің 142 кәсіпорны мен ұйымдарында тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 122 еңбекті қорғау тарапындағы нұсқаулықты бұзушылық анықталды. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, оның ішінде еңбек қатынастары орайында 107, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша 15 жағдай орын алып отыр.

Осы бұзушылықтарды жою үшін жұмыс берушілерге 76 ұйғарым берілді. Еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мақсатында жеке және заңды тұлғалардың 746 өтініші қаралды. Оның 332-сі біршама уақыттан бері қордаланып қалған жалақыға байланысты. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде 32 лауазымды және заңды тұлғаларға әкімшілік ықпал етіліп, 6306,7 мың теңге сомасында айыппұл салынды. Облыстың 19 кәсіпорнында 348 еңбек адамына 31,9 миллион теңге көлемінде төленбеген жалақы қордаланылып қалған. Осы орайда, қабылданған шаралардың нәтижесінде 31,9 миллион теңге берешек толық  төленді. Мұндай келеңсіздікке жол берген кәсіпорын басшыларына 19 ұйғарым берілді.

Жалпы көлемі 2,2 миллион теңге әкімшілік айыппұл  салынды. Бір айта кетерлігі, айыппұлдар толық көлемінде өтелінді. Бүгінгі күні мерзімі өткен және ағымдағы берешектер жоқ. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұсынған ақпаратына сәйкес екі кәсіпорында 17 қызметкерге 27,8 миллион теңге берешек бар екендігі анықталған болатын. Жалақы бойынша берешекті өтеу жөніндегі шаралар «Оңалту және банкроттық туралы» заң шеңберінде қабылданады. Оған бақылауды облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жасайды.

Еңбек жағдайы барлық өндірістік көрсеткіштер – еңбектің өнімділігі, жұмыстың сапасы, жұмысшылардың қауіпсіздігі үлкен мәнге ие. Олар адамның жұмыс атқару қабілетіне де шешуші әсер етеді. Негізінде қауіпсіздік техникасы дегеніміз – бұл жұмысшыларға қауіпті өндірістік факторлардың әсерінің алдын алуға бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жүйесі. Мұндай талаптар толық әрі тиянақты атқарылмағандықтан, жұмыс барысында оқыс оқиғалардың кездесіп қалуы орны толмас өкінішке де соқтыратынын да жасыруға болмас.

Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда өндіріспен байланысты 28 оқыс оқиға орын алды. 28 адам зардап шегіп, оның ішінде алты адам қайтыс болды. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тексерулер өткізілді, тиісті актілер жасалды. Жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің жіберген қателіктері айқындалды. Тексеріс қорытындысы шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданды.

Өндірістік жарақаттарды азайту мақсатында ағымдағы жылдың басынан бері өңірдегі 27 кәсіпорында өндірістік объектілерді аттестациядан өткізу қолға алынды. Бір айта кетерлігі, облыстың 914 кәсіпорны мен ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған болатын. 1004 техникалық инспектор оқыс оқиғалардың алдын алу, еңбек адамдарының денсаулығына қатер төнбеу жайын қадағалайды. 222 кәсіпорын мен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың халықаралық және ұлттық стандарттары енгізілген.

Мүлтіксіз жұмыс істейтін ұжымдар да бар. Оларда ұйымдастырылып отырған ілкімді жұмыс өзгеге өнеге. Мәселен, Атбасар қаласындағы «Қамқор-Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне еліміздегі еңбек заңнамасының талаптарын сақтау бойынша жұмыс берушінің қызметін декларациялағаны үшін «Сенім» сертификаты табыс етілді. 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек орындарында зиянды жұмыс көлемін азайту жөніндегі Жол картасы шеңберінде 2128 кәсіпорынмен меморандумдар жасалды.

Амангелді СМАЙЫЛОВ,
Ақмола облысының еңбек инспекциясы
жөніндегі басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар