Шырағын жағып елінің, ақтаған көптің сенімін

Көзің көргенімен, көңіл аудара бермейтін жайлар аз емес қой. Кейде биік бағаналардың басына өрмелеп, сақылдаған сары аязға, қара қарғаның миы қайнайтын ыстыққа қарамай еңбек етіп жүрген электрмонтерлерді көргеніңмен, осы бір мамандықтың күнгейі мен көлеңкесіне назар аудара бермейсің. Щучинск қаласындағы №2 орта мектепті ойдағыдай аяқтаған жас жігіттің алдында кез-келген бозбалалар тәрізді мамандық таңдау мәселесі тұрған. Неге екенін кім білсін, бала жасынан энергетиктердің жұмысы қызықтыратын еді.

Бірақ, қолынан келе ме, жоқ па сол жері ғана балаң көңілді қобалжытатын. Былайғы адамға тылсым сыры мол болып көрінетін тоқтың жайын түйсіну де оңай-оспақ шаруа емес шығар. Әйтсе де Рахат Тайжанов болашағын осы мамандықпен байланыстырғысы келді.

Іштегі ынта-ықылас аздық етері күмәнсіз. Жақсы маман болу үшін ең алдымен білімді болуың шарт. Сонда ғана өзің жан жүрегіңмен қалаған мамандықтың майталманы бола аласың. Рахат Қонысбайұлының өзінше пайымдауы да осы төңіректен табылып жатты. Балаң арман жетектеп Щучинск қаласындағы жоғары техникалық колледжге әкелген. Оқу күрделі болғанымен, қиынға соқпады. Ынта-ықыласы қос қолтығынан періштедей желеп-жебеп отырды. Адам алға ұмтылған соң алынбайтын қамал бар ма? 2014 жылы қолына диплом тиген соң «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне электрмонтер болып орналасқан.

Сырттай қарағанда сүйкімді болып көрінгенімен, өзіндік қиындығы жетіп артылады екен. Электрмонтерінің жұмысы шаш-етектен. Әйтсе де бойындағы қажыр-қайратының арқасында қиындық атаулыны жеңіп, кәсіби шеберлігін шыңдай берді. Ақадал еңбек қашанда абыройға бастайтын баспалдақ емес пе? Тындырымды атқарылған шаруасы басшылық тарапынан бағаланбай қалған жоқ. 2015 жылы қалалық электр желісінің шебері болып жоғарылады. 2019 жылы электр желісі участогінің басшысы атанды, қарамағында 9 адам бар.

Бір кезде өзі түртініктеп жүріп тілін меңгерген тылсым дүниенің қыр-сырын енді жастарға үйрететін, соларды баулитын деңгейге де жетіп қалды. Бұлар Ақжар, Біржан сал, Уәлиханов, Бурабай аудандарындағы электр желілерінің ақаусыз жұмыс істеуін қадағалайды. Желі болған соң кішігірім ақау орын алуы да әбден мүмкін. Ол күн бе, түн бе, қыс па, жаз ба, уақыт таңдамайды ғой. Көңіл таразысына салып безбендеп қараса, электрмонтерінің жұмысы да кәдімгі жедел жәрдемнің, әйтпесе өрт сөндірушілердің жұмысына пара-пар екен. Айталық, титімдей ғана ақаудың қырсығынан тұтас ауылдың, әйтпесе ауданның электр қуатынсыз қалуы да ғажап емес қой.

Ал, оның қаншалықты шығын екенін есептеп шығудың өзі қияпат шаруа. Бар жұмыстың іркіліп тоқтап қалуы өз алдына, азық-түлік қоймаларындағы, дүкендердегі мұздатқыштарда сақталған қаншама тауардың бүлініп кетуі де ықтимал. Ол дегеніңіз кәсіпкерлер үшін шығын. Жалғыз азық-түлік қана емес, аудандағы немесе ауылдағы бар шаруа электр күшімен атқарылатыны белгілі. Тоқтан ажырасақ, төбесінен ұрған танадай қалт тоқтайды.

–Біз әрқашан уақытпен санаспай еңбек етуді үйренгенбіз, – дейді Рахат Қонысбайұлы, – жұмыс ыңғайы солай. Біздің топта кілең сайдың тасындай іріктелген, бір-бірінің жан дүниесін қас-қабағынан ұғатын ынтымағы мол адамдар жиналған. Солардың ішінен өз мамандығының шын шеберлері ретінде Жеңіс Бекбасаров пен Виталий Шлотгауэрды ерекше бөліп айтқым келеді. Менің осы әріптестерімнің ерен еңбегі өкшемізді басып келе жатқан жас толқын үшін үлгі-өнеге болуға әбден лайық деп айтсам, ешбір артықтығы жоқ. Ертеректе біздің салада жергілікті ұлт өкілдері аз істепті. Қазір көбейіп келе жатыр. Бұл өте дұрыс. Қазақ баласының маңдайына мал бағуды ғана жазып қойған жоқ қой. Қазір ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жастар техникалық мамандықты игеру керектігін өте орынды айтуда.

Бүгінгі үлкен бір мәселе, жастарды еңбекке тарту. Рахат Қонысбайұлының пайымдауынша, ел жастары қоғамға пайдалы әртүрлі мамандықты игеріп, ең алдымен соның шынайы шебері болуы шарт. Сонда ғана ырыс несібең үйіріледі. Қазір оған барлық мүмкіндік туғызылып отыр. Кәсіптік білім ошақтары әр жыл сайын сан алуан мамандық бойынша жастарға үлкен өмірге жолдама беруде. Бұл тараптан мемлекеттің қамқорлығы ұшан-теңіз екендігін айта кеткен ләзім.

Шынында да кешегі дағдарыс кезінде он саусағынан өнер тамған өзге ұлт өкілдері атажұртына қоныс аудара бастағанда, мұндағы ағайынның арасында енді кім токарь, кім слесарь болады деген сары уайым да айтылып қалатын. Ден қойса, талпынса, кез-келген шаруаны өзіміздің жастар да жапырып жібереді екен. Оны біз бүгін тілге тиек етіп отырған кейіпкерлеріміздің тірлігінен көруге болады.

–Ең дұрысы адал еңбек ету, – дейді Рахат Қонысбайұлы, – адалдан тапқан нан тәтті деген жоқ па бұрынғылар. Біз осы елеусіз еңбегіміздің арқасында елімізге қызмет етіп жүр емеспіз бе? Бала кезден баураған арман-мұратым бар еді. Ол туған елге титімдей болса да бір септігімді тигізу. Жанымызда шүберекке түйіп дегендей, биік бағананың басына өрмелеп бара жатқанда ойымызға орала бермегенімен, бойымызда сондай ынтызарлықтың бары анық.

Кейіпкеріміздің кестелеп өрген ой-пікірінің арғы жағындағы азаматтық ұстанымына дән разы болғанымызды несін жасырайық?!

Б.ҚАЙЫРЛИН.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар