ӘКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ
Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Щучинск қаласында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға 47 пәтердің кілті табыс етіп, 102 жасқа келген қария Иван Фризді туған күнімен құттықтады.
Тұрғын үйлер әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат аясында берілді. Пәтер алғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар және тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де азаматтар бар.
Өңір басшысы тұрғындарды баспанамен қамту әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Бүгін 47 отбасы үшін маңызды күн. Олар жай ғана пәтер емес, жаңа әрі жайлы өмір бастау мүмкіндігіне ие болып отыр. Әлеуметтік қолдау жаңа Конституцияда ерекше атап өтілген. Мемлекеттік көмекпен мұқтаж жандарды қолдау – біздің басты міндетіміз, әсіресе, тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесінде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үй көлемі жыл сайын арта береді. Бүгінге дейін Бурабай ауданында 85 отбасына пәтер кілті табысталды, жыл соңына дейін тағы 100-ден астам бурабайлық баспаналы болады, – деді Марат Ахметжанов.
Щучинск қаласының тұрғындарына 42 пәтер «Altyn Tau» тұрғын үй кешенінен берілді. Бұл – қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, абаттандырылған аумағы бар заманауи көпқабатты тұрғын үй. Пәтер алғандардың қатарында мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған Темірбековтер отбасы да бар.
– Көпшілігіміз үшін бұл – көптен күткен қуанышты сәт. Біз бұл күнді бірнеше жыл бойы күттік. Пәтер алу арманымыз орындалып, енді балаларымыз үшін жылы да жайлы өз үйіміз бар, – деді Әлия Темірбекова.
Сонымен қатар, 4 пәтер Қатаркөл ауылы мен Бурабай кентіндегі кезекте тұрған азаматтарға берілді, ал, Щучинск қаласынан бір отбасы «Алтын-2» тұрғын үй кешенінен баспана алды.
Осы ауданға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Марат Ахметжанов Щучинск қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, ондағы қызмет алушылармен және мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Орталықта 100-ге жуық зейнеткер мен I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, соның ішінде әртүрлі бос уақытты өткізу мүмкіндіктері бар: үстел ойындары, музыкалық және көркемөнер үйірмелері, кітапхана, тігін ісі кабинеті, сенсорлық бөлме және гүлдері бар қысқы бақ.
Өңір басшысы 102 жыл бұрын Донецк облысында дүниеге келген Иван Фризді туған күнімен құттықтады. 1957 жылы ол Қазақстанға қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек еткен, зейнетке шығар алдында ұсталықпен айналысқан.
2020 жылдан бері Иван Иванович орталықта тұрып келеді. Жасына қарамастан, ол белсенді өмір салтын ұстанып, көркемөнерпаздыққа қатысады, гармонь тартады және аумақты абаттандыруға көмектеседі.
Марат Ахметжанов мерейтой иесіне денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, оның өмір жолын еңбекқорлық пен рух күшінің үлгісі ретінде атап өтті. Кездесу соңында өңір басшысы орталық басшылығына қажетті жабдықтар сатып алуға арналған ақшалай сертификат табыстады.
Айшықты Мәдениет үйі
Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов Қатаркөл ауылындағы Мәдениет үйін аралап көрді.
Жаңа екі қабатты Мәдениет үйі 200 орынға арналған. Ғимаратта кітапхана, концерт залы, би залы, сондай-ақ, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге және шығармашылық үйірмелерге арналған басқа да бөлмелер қарастырылған.
– Қатаркөлде 30 жыл бойы Мәдениет үйі болған жоқ. Ал, бізде шығармашыл адамдар көп. Суретшілер де, жазушылар да, музыканттар да бар. Жаңа ғимарат – ауыл тұрғындары үшін нағыз сый, – деді зейнеткер Қабдрашит Махметов.
Қатаркөл тұрғындарын 24 жылдан бері шығармашылығымен қуантқан «Гармония» хор ұжымы халық әндері байқауларының бірнеше мәрте лауреаты, ал, екі жыл бұрын «Веснянка» вокалдық тобы құрылған. Шығармашылық ұжымдармен кездесуде облыс әкімі Қатаркөл тұрғындары үшін бұл мәдени нысанның маңыздылығын атап өтті.
– Өнер – әр адамның өмірінің маңызды бөлігі. Ауылдағы мәдениет ошағын сақтауға үлес қосқандардың барлығына алғыс айтамын. Енді жаңа ғимаратта шығармашылықтың дамуына жаңа серпін беріледі, – деді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, өңір басшысы жабдық сатып алуға арналған ақшалай сертификат табыстады.
Бурабай ауданы.
![]()

