Қазақстан Республикасының Конституциясы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, олардың әл-ауқатын арттыруға және қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын басты құжат. Ата Заңда бекітілген қағидаттардың шынайы мәні халықтың күнделікті өмірінде, тұрғындарға жасалып жатқан жағдайлар мен ел игілігіне бағытталған нақты істерден көрінеді.
Бурабай ауданында жүзеге асырылып жатқан игі бастамалар осының айқын көрінісі деп білемін. Әсіресе ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Себебі әрбір азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы қызмет алуға және қолайлы жағдайда өмір сүруге мүмкіндігі болуы тиіс.
Республика күні қарсаңында Успеноюрьевка ауылында жаңа әкімшілік ғимаратының ашылуы – ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға. Бір ғимаратқа бес мекеме: ауылдық әкімдік, медициналық және ветеринариялық пункттер, полиция пункті мен өрт сөндіру қызметі орналастырылды. Енді ауыл тұрғындары қажетті мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді бір жерден ала алады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, халыққа қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай бастамалар Конституцияда айқындалған әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттарымен тығыз байланысты. Азаматтардың денсаулығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуы – халықтың өмір сапасын айқындайтын маңызды бағыттар. Осы міндеттердің іс жүзінде жүзеге асуы елді мекендердің дамуына және тұрғындардың мемлекеттік институттарға деген сенімінің нығаюына ықпал етеді.
Бурабай ауданында ауылдық аумақтарды дамытуға, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартуға және тұрғындардың қажеттіліктеріне сай жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың жалғасын табуы маңызды. Өйткені ауданның дамуы тек ірі жобалармен емес, әрбір ауылдағы тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартатын осындай нақты істермен өлшенеді.
Менің ойымша, кез келген бастаманың басты нәтижесі – оның халықтың өміріне тигізетін оң әсері. Успеноюрьевка ауылындағы жаңа әкімшілік ғимараты – осының нақты дәлелі. Халыққа қолайлы жағдай жасау, қажетті қызметтерді жақындату және ауылдардың дамуына көңіл бөлу – ел болашағына бағытталған маңызды жұмыстар.
Хамзина Г.О.
Бурабай ауданының Құрметті азаматы
![]()

