Курортты аймақтың бір келбеті

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

Ақмола өңірінде ел туризмінің күретамыры саналатын Бурабай курорты теміржол вокзалы ауқымды жаңарту жұмыстарынан кейін салтанатты түрде қайта ашылды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба аймақтың туристік әлеуетін арттырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтермек.  Салтанатты жиынға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин қатысып, нысанның стратегиялық маңызына тоқталды.

Бурабай Қазақстанның ең сұранысқа ие курортты аймағы саналатындықтан, вокзал елдегі ерекше назар аударылған 20 негізгі туристік теміржол хабының қатарына енген болатын.

Елдос Рамазанов өз сөзінде Щучинск қаласындағы вокзалдың реконструкциясы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті.

– Бүгінгі ретте маңызды тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Бурабай курорты вокзалының салтанатты ашылуы өтуде. Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың атынан баршаңызды осы маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Инфрақұрылымның әрбір жаңа нысаны  алға жасалған нық қадам. Алайда, кейбір жобалардың маңызы жай құрылыс аясынан әлдеқайда кең. Мұндай жобалар жаңарудың және болашаққа нық қадам басудың символына айналуда. Бурабай курорты вокзалы осындай жобалардың қатарында. Ежелден теміржол жаңа мүмкіндіктерге бастайтын жол болып, қалалар мен тағдырларды байланыстырып, адамдар үшін кең өріс пен жаңа көкжиектер ашып келеді. Қазақстанның қалыптасу тарихы болат магистральдардың дамуымен тығыз байланысты. Теміржол саласы мамандарының еңбегі арқасында еліміз экономикалық байланыстар орнатып, жаңа кеңістіктерді игерді және тұрақты өсудің берік негізін қалады. Қазақстанның кең-байтақ аумағы, ірі қалалар арасындағы қашықтық және бірегей географиялық орналасуы теміржолды ел экономикасының басты қан тамырына айналдырды. Негізгі теміржол желілерінің құрылысы мен дамуы заманауи Қазақстанның бейнесін айқындайды, – деді ол.

Ауқымды жаңғырту жұмыстары барысында вокзал ғимаратының қасбеті мен ішкі бөлмелері толықтай ретке келтіріліп, заманауи стильде жаңартылды. Сонымен қатар, барлық инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялық жүйелер жаңа талаптарға сай ауыстырылды. Жолаушылардың пойыз күту уақытын жайлы өткізуі үшін арнайы күту аймақтары кеңейтіліп, қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Ерекше атап өтерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін кедергісіз қозғалыс ортасы мен қажетті жағдайлардың барлығы толық жасалды.

– Халқымыз «қонақжайлылық табалдырықтан басталады» деп бекер айтпаған. Ал, бұл табалдырық бүгінде Бурабай курорты вокзалы болып отыр. Ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына толық сай келетін заманауи көлік нысаны құрылды. Вокзалдың жаңа кейіпте ашылуы Мемлекет басшысының көлік-инфрақұрылымдық жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың тікелей нәтижесі болып табылады. Президент заманауи инфрақұрылым тұрақты экономикалық өсудің, халықтың өмір сүру сапасын арттырудың және өңірлеріміздің туристік әлеуетін дамытудың берік негізі екенін бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Осы ауқымды жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Вокзалдарды қайта жаңғырту жұмыстары теміржол инфрақұрылымын жаңартудың үлкен бағдарламасының бір бөлігі екенін атап өткен маңызды. Қазіргі уақытта біздің облысымызда тағы он бес теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін, ауқымы жағынан теңдессіз жоба, – деді сөзін жалғаған Е.Рамазанов. – Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан жандарға ерекше алғысымды білдіремін. Олардың қатарында жобалаушылар, құрылысшылар, инженерлер, теміржолшылар, мердігер ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бар. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз осынау маңызды жұмысты табысты аяқтауға мүмкіндік берді. «Даму деңгейі салынған нысандардың санымен емес, олардың адамдарға ашатын мүмкіндіктерімен өлшенеді» деген тамаша сөз бар. Біздің жаңа вокзалымыз да алдымыздан дәл сондай зор мүмкіндіктерді ашып отыр. Бұл нысан тек ыңғайлы көлік торабы ғана емес, сонымен бірге, Щучье-Бурабай курорттық аймағының заманауи төлқұжатына айналатынына сенімдімін. Алда бізді жаңа міндеттер мен жаңа жобалар күтіп тұр. Туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Мақсатымыз Щучье-Бурабай курорттық аймағын Орталық Азиядағы ең үздік туристік бағыттардың біріне, ал, Ақмола облысын  тұрақты өсудің, жаңа мүмкіндіктер мен жоғары өмір сүру сапасының мекеніне айналдыру. Біз жай ғана жаңартылған ғимаратты ашып отырған жоқпыз. Біз туризмді, экономиканы және адамдар арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып отырмыз. Бұл вокзал игі кездесулер мен бақытты саяхаттардың мекеніне айналсын. Жаңартылған вокзалдың ашылуы құтты болсын, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Нысанды қолданысқа беру туристер мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы көлік дәлізін қалыптастырады. Мамандардың айтуынша, атқарылған жұмыстар вокзалдың өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, қызмет көрсету мәдениетін де мүлдем жаңа сапалық сатыға көтергелі отыр.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар