Жастарға үлгі-өнеге болатын даңқты еңбек шежіресі

Заманында табаны тастан таймаған  тарланбоздай қоғам байлығын еселеген ерлердің атақ-даңқы, еселі еңбегі ел жадында жатталып, кейінгі ұрпақтың көкірегіне көшсе, өнеге-үлгі болса, дәстүр сабақтастығы да беки берер еді.

Міне, уақыт жылнамасы тәрізді сарғайған газет  бетінде 1966 жылғы оқиға таңбаланған. Сол кездегі көрікті Көкше өңірін дүр сілкіндірген, еңбек адамын құрметтей білетін қоғамның шын қуанышына айналған ғажайып оқиға. Жеті бірдей Социалистік Еңбек Ері! Олардың арасында жалғыз қазақ С.М.Есмағанбетов. Әрі небары 28 жасында осындай құрметті атаққа ие болып отыр. Сөз арасында 1967 жылы осындай атаққа әйгілі диқан, тамаша азамат Тұрлыбек Әбілпейісов ие болған. Екеуі де аруақ қонып, нар шөккен Айыртау өлкесінен.

Біздің негізгі кейіпкеріміз Сүйіндік Мәненұлы 1938 жылы сол Айыртаудың Сарысай атты шоқ жұлдыздай шағын ауылында дүниеге келген. Халық атқа мінген адамның арғы тегін қазбалауға құмар. Өйткені, алпыс екі тамырдағы бас қасиет арыдағы қан арқылы дариды, не болса да тегінен деген ұғым қалыптасқан. Әңгіменің орайын осы бағытта өрбітсек. Болашақ Социалистік Еңбек Ері Сүйіндік Есмағанбетовтың  анасы да тегін адам емес екен, атақты Абылай ханның бас биі болған Қанай бидің ұрпағы.

Шағын ауыл ол кезде қат-қабат науқандық жұмыспен қарбаласып жатты емес пе? Ел ішіндегі еңбекке жарайтын адамдардың бәрі  қарап отырмайтын. Кішкентай жеткіншектер ауыл көшелерінде ойнап жүріп-ақ ұлы еңбектің үрдісін көзімен көріп, сүйектеріне сіңіріп өсетін, әрі қырда туған бала қияға самғағысы келеді емес пе?

Ауылдағы төрт класты білім ошағын аяқтаған соң қозыкөш жердегі Каменноброд селосына келіп, оқуын орысша жалғастырды. Сол кездегі үрдіс бойынша бір класс төмендеп оқыды. Жасынан кітаптан бас алмайтын бала орыс тілін тез үйреніп, құрбыларының алдына шықты.

Ел ішіне 1952 жылдан бастап ағылып жаңа машина, тракторлар келе бастады. Сол кезде бала да болса «ГАЗ-51» автокөлігінің тізгінін ұршықша үйірген аптал азаматтарды көріп, іштей қатты қызығатын еді. Өзі де өскенде дәл осылай Отан игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істесе ғой. Апырып-жапырып істеген шаруасына тәмам ел разы болып, ауыл-аймақтың ақсақал, қара сақалдары ақ батасын берер ме еді. Шынын айту керек, ол кезде техника тізгінін негізінен өзге ұлт өкілдері ұстайтын. Сүйіндік аға да намысқа тырысып, осы мамандықты игергісі келіп жүрді. Мектептен соң автобазада жұмыс істеп жүріп, жүргізушілер курсына оқуға түсті. Алты ай оқып, автобазаның әбден сілікпесі шығып, сау тамтығы қалмаған ескі машинасын алып, жөндеп-жасқап бір жыл жүргізді.

1956 жылы «Червонный» кеңшарына келіп жұмысқа орналасты. Әкімшіліктің талабы бойынша екі ай гаражда слесарь болып еңбек етті. Бәлкім бұл да дұрыс болған шығар. Техника тілін қапысыз меңгеруіне көп көмегі тиді. Моторды жөндеу, кей тұста осалдық танытатын бөлшектерді ауыстыру тәрізді қат-қабат тылсым сырын түйсінді. Электр жүйесін де егжей-тегжейлі меңгерді. Көкірегі сырылдаған ескі автокөлікпен жаңағы шаруашылықтың екінші бөлімшесінде мал қыстағына шөп тасыды, күзде комбайнның бастырған бидайын қырманға жеткізді. Сол жылдың күзінде кеңшар басшылары кілең жастарды комбайншы курсынан өткізуді міндет етіп қойды. Сүйіндік аға да «көппен көрген ұлы той» деп, жаңа мамандықтың жалына жармасты. Оқуды үздік бітіргені не керек, кеңшар инженерлері еңбек әліппесін жаңа бастап жатқан жас жігітке осы да жарайды деген болуы керек, комбайнның ескісін берді. Қаусаған техникамен қайрат көрсете аласың ба?! Сол жылы қиналғаны еңбек ерінің есінде ұзақ уақыт бойы жүрді. Қарғаадым жер жүрсе қирап, қаңтарылып қарап тұратын комбайн қанша жерден қайратты болса да жігерін құм етті.

Бір жақсысы, тепсе темір үзетін жас жігіт алдына қайта-қайта оралған қиындық атаулыдан қажи қойған жоқ, қайта өршелене түсті. Ескі комбайнның суы қайнай берген соң түнде жұмыс істеп көрді. Екі-үш жылдан кейін біршама қуатты комбайн қолына тигені. Сол сәтте тәубе деген. 1965 жылдың күзгі егін орағында доңғалағы әзер қозғалатын ескірген ескі комбайнмен жүріп-ақ, ешкімге дес бермеді. Орақ бітісімен, жер қарада комбайнға жаңа мотор салып, күрделі жөндеуден өткізіп, келер жылдың егін орағына сақадай-сай етіп қойды. Сол жылы дес бергенде, егін де бітік шықты.

Аламан бәйге басталды. Сүйіндік аға осы егін орағында 14500 центнер астық бастырып, аудан былай тұрсын, облыстың мақтанышына айналды. 1967 жылы Арқаның саңлақ майталманына Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызымен қоса, «Ленин» ордені тапсырылды. Бұл уақытта болашағынан үміті мол талапты жігіт білімнің де соңына түскен болатын. Кешкі мектептен соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтына түсіп, агроном мамандығын алып шықты. Еңбек даңқы, аямай жұмсаған қажыр-қайраты, маңдай тері  ердің атын шығарады емес пе?!

–Сол заманда Көкшетаудың даңқы шығып тұрды, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Шияп Әлиев, – еңбектегі ерлерімен шықты. Құрметке бөленді. Халық қана емес, билік те адал еңбек етіп, өзгеге үлгі болған еңбек адамының қадірін білді. Сол әдемі дәстүр бүгін де жалғасын табуы керек. Қазіргі күні кейбір жастардың бойында еңбекке деген құштарлықтың, ынтызарлықтың азайып бара жатқанын көріп, амалсыз қынжыласың. Елімізде ұрпақтан-ұрпаққа алмасып келе жатқан, кейінгі толқынды алға жетелейтін еңбек дәстүрі бар еді. Біз бүгін сол дәстүрді жалғастыруымыз керек. Бұл орайда өмірлеріне өнеге ететін әдемі мысалды алыстан іздеудің еш қажеті жоқ. Осы елден қаншама еңбегімен еленген асыл азаматтар шықты. Солардың еңбекке деген көзқарасын, дәстүрін насихат қылсақ, олқылықтың орнын толтырар едік.

Еңбекте де, оқуда да қамшы салдырмай, алдыңғы қатардан табылған азамат 1974 жылдан бастап трактор-егіс бригадасын басқарды. Үздіктер қатарына қосты. Сол кезде табанды еңбегі еленіп, екінші мәрте «Ленин» орденін омырауына тақты. 1976 жылы Сүйіндік Мәненұлы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді.

Дала сырын жаттаған диқан көп жылдық тәжірибесін біліммен батыл ұштастырды. Ғылыми жаңалықтарды да басшылыққа алып отырды. Заманында «Червонный» кеңшарының кейбір алқаптары жел, су эрозиясына да ұшыраған уақыты болды. Оның зардабы өнім көлеміне әсер ететіндігі белгілі. Жер жайын жақсы білетін  трактор-егіс бригадасының бригадирі бұл мәселені мықтап қолына алды. Сүдігерді күзде сапалы жыртқызып, мол өнім алуға қол жеткізді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін аз ғана дерек келтіре кетелік. Мәселен, кеңшардың астықты алқаптарының гектар берекесі сол жылдары 17-18 центнерден айналыпты. Еселі еңбек көзге түспей қоймайды ғой, Сүйіндік Мәненұлына Қазақ ССР-і ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер атағы берілді. Сол жылы Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесіне екінші мәрте депутат болып сайланды. «Октябрь Революциясы» орденіне ие болды. Жоғарғы Кеңестің сайлау комиссиясының төрағасы атанды. Мәскеудің Ғылым Академиясына жолдама алып, оқуға түсті.

Таяуда ғана қайтпас сапарға аттанған қайсар ердің еңбегі ерлігін толайым тілге тиек етсең, таусылмас дастан. Ең маңыздысы, сол еңбектегі ерлік жас құрақтай жетіліп өсіп келе жатқан жастарды тәрбиелеу үшін қажет.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар