Көкшетаудың футбол клубтары өз тарихтарында ең ірі жеңістеріне қол жеткізді
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасында бірінші топта өнер көрсететін Көкшетаудың «Оқжетпесі» қазір турнир кестесінде бірінші орында келеді. Біріншіліктің он тоғызыншы турында өз алаңында 8:0 есебімен «Астана М» клубынан басым түскеннен кейін команда қоржынында 45 ұпай бар. Доп айырмашылығы жағынан да «Оқжетпес» басқа қарсыластарынан көш бойы ұзап кеткен. Жерлестеріміз 59 гол соқса, өз қақпаларына небары 15 доп қана кіргізіп алған. Біздің футболшыларымызбен өткізген ойындары бірдей Қызылорданың «Қайсар» клубы екінші орында келеді. Олардың «Оқжетпестен» алты ұпайы кем.
Енді біріншіліктің аяқталуына алты ойын ғана қалды. Осы кездесулерде сәтті ойын өрнегін көрсетсе, жерлестеріміздің биыл бірінші лигада топ жарып, Премьер-Лигаға өтулеріне барлық мүмкіндіктері бар. Осыған күш салып келе жатқан команда мүшелері әсіресе, өткен турда шабуылда жақсы қимылдарымен көзге түсіп, «Астана М» клубының қақпасына жауапсыз сегіз бірдей доп соқты. Бұл ойында әсіресе, команданың бүгінге дейін өзі енгізген голдар санын жиырмадан асырған ең мерген футболшысы Руслан Болов төрт голдың авторы атанып, покер жасады.
«Оқжетпес» командасының тарихы сонау 1968 жылдан басталатын болса, бұл содан бергі біздің жерлестеріміздің ел біріншіліктеріндегі ең ірі жеңісі.
Стадиондағы жанкүйерлер осыған қуаныштары қойындарына сыймай тарқаса, келесі күні «Оқжетпес» әйелдер футбол клубының мүшелері де «біз ерлерден кембіз бе?» дегендей, өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» әйелдер футбол клубын 32:0 есебімен ойсырата ұтты. Сөйтіп, олар да клуб тарихында бұрын-соңды болмаған аса ірі есеппен жеңіске жетіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Біздің топшылауымызша, бұл тіпті әйелдер футболы арасында әлемдік рекорд болуы да мүмкін. Бұған әрине, Сыр бойында әйелдер футболының әлі жете дами қоймағаны, «Қайсардың» әйелдер арасындағы ел біріншілігіне қатысып келе жатқанымен, сылбыр өнер көрсетіп, соңғы орында қалып отырғаны себеп болса керек. Бұл ойында да команда сүрмергені Анастасия Власова бір өзі 13 гол соғып, тағы бір рекорд жасады десе де болады. Осы жеңістен кейін өз жағдайларын одан әрі нығайта түскен біздің қыздарымыз турнир кестесінде «БИИК-Шымкент» клубынан кейін екінші орында келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.