– Қазақстанда баспананы жалға беретін жылжымайтын мүлік қорларын құру ұсынылды. Бұл компаниялардың акцияларын алғандарға дивиденд түрінде төлем аударылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтуынша, адамдар осындай компанияларға ақша салса, бұл қаражат жылжымайтын мүлікке инвестиция ретінде бағытталады. Баспана жалға берілетін жеке қорға қаражат салғандар тиісті сомада табыс алып тұрады.
«Осындай экономикалық жолмен саладағы мәселені шешкіміз келеді. Тиісті өзгерістерді әзірлеп жатырмыз. Жеке жалға берілетін баспана қорларын құру туралы осындай идея бар. Дәл қазір біз ойлағандай жүзеге асады деп айту ертерек, себебі бұл идеяны әріптестеріміз қолдамауы мүмкін. Жоба аясында нормативтік-құқықтық құжаттар даярланып жатыр. Бұл ұсыныстар Мәжілістің қарауына енгізілуі керек», — деді ведомство басшысы.