Қазақстанда баспананы жалға беретін компаниялар құрылуы мүмкін

 – Қазақстанда баспананы жалға беретін жылжымайтын мүлік қорларын құру ұсынылды. Бұл компаниялардың акцияларын алғандарға дивиденд түрінде төлем аударылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеке сектордағы жалға берілетін баспана нарығы тиісті түрде реттелмей жатқанына тоқталған министр: «бұл қызметті әкімшілік ресурспен реттеуге қарсымын. Осы орайда өзіміздің ұсыныстарымызды даярлап жатырмыз. Яғни жалға берілетін баспананың жеке нарығын құрып, бұл салаға инвестиция тартылып, жалға беруден тұрақты табыс алу жоспарланған. Бұл тұрғыда бизнеспен айналыспайтын мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер, дәрігерлер, педагогтер аталған компанияның акциясын сатып алу құқығына ие болатыны ұсынылады. Осы кәсіпорын жылжымайтын мүлікке қаражат салып, баспананы жалға беруден төлем алып, ай сайын немесе әр тоқсанда адамдардың табысын қамтамасыз етуі тиіс», – деді.

Айтуынша, адамдар осындай компанияларға ақша салса, бұл қаражат жылжымайтын мүлікке инвестиция ретінде бағытталады. Баспана жалға берілетін жеке қорға қаражат салғандар тиісті сомада табыс алып тұрады.

«Осындай экономикалық жолмен саладағы мәселені шешкіміз келеді. Тиісті өзгерістерді әзірлеп жатырмыз. Жеке жалға берілетін баспана қорларын құру туралы осындай идея бар. Дәл қазір біз ойлағандай жүзеге асады деп айту ертерек, себебі бұл идеяны әріптестеріміз қолдамауы мүмкін. Жоба аясында нормативтік-құқықтық құжаттар даярланып жатыр. Бұл ұсыныстар Мәжілістің қарауына енгізілуі керек», – деді ведомство басшысы.

 176 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар