Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел ырысы қайтсек көбейеді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Ел ырысы қайтсек көбейеді?!.

 Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды. Ел ырысын еселеу үшін не істеуіміз керек? Шалғайдағы шағын ауыл тұрғындарының еңсесін қалай көтеруге болады?

Алдымен Астана қаласын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік белдеуінің бүгінгі ахуалы туралы айта кетелік. Бұл ауқымды іске негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірдің 17 ауданы түгел жұмылдырылған. Қазір облыстағы 128 кәсіпорны осы бағытта жұмыс істеп тұр.

Оның 68-і ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін дайындаса, 54-і ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майын өндіруде. Алты құс фабрикасы тауық еті және жұмыртқа өндірумен айналысады. Дайын өнімдер астананың 58 сауда базары мен 29 сауда үйлерінде тұтынушыларға ұсынылуда. Ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші ұжымдардың өз сауда үйлері де бар. Ең маңыздысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қарқынының кемімеуі. Бұл тұрғыдан алғанда үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында аздаған өсімнің бар екендігін айта кетуіміз керек.

Мәселен, алғашқы жартыжылдықта 69,8 мың тонна сүт және сүт өнімдері өндірілсе, бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,6 процентке жоғары. 14,7 мың тонна ет және ет өнімдері дайындалып, бұл орайдағы өсім қарқыны 2,9 процентке молайған. Сондай-ақ, 130,5  млн дана жұмыртқа астаналық тұтынушыларға жеткізілген. Ой елегінен өткізіп қарасақ, негізгі азық-түлік түрлерінің сәл ғана көбейгендігін аңғаруға болады. Ендігі мәселе нарық заңына сәйкес бәсекелестіктің бәсін арттырып, молшылықты еселей түссе, қымбатшылықтың қадамына тұсау болар ма еді деген дәме.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,8 процентке көбейіп отырғандығы көңілге демеу. Бұл арадағы өсім негізінен ұн өндірісінің 1,6 есеге көбеюі есебінен қамтамасыз етіліп отырғандығын айта кетуіміз керек. Облыс қазір әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің 15-ін өндіріп отыр. Бір қуанарлығы, өз қажеттілігін толық жауып қана қоймай, ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін экспортқа шығарады.

–Бағаны тұрақтандыру үшін өнім көлемін молайтқан абзал, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин, – сол кезде ғана алыс-жақын шет елдерден тасымалданатын тауарлардың орнын отандық өніммен жаба аламыз.

Жабу керек-ақ. Сонда ғана ауылдағы ағайынның бүйірі шығатындығы сөзсіз. Айтпақшы, ет және сүт өндіру барысында өнім көлемін ұлғайтуға ықпал ететін ішкі резервтің бар екендігін екпін түсіріп айта кетуге тиістіміз. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын өнім өндіруде ұйымдасқан шаруашылықтардың үлес салмағы аз болатын болса, қазір бірте-бірте көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан субсидия түрінде қыруар көмек көрсетіліп, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, машина-трактор паркін жаңғыртуға қамқорлық жасалуда. Ал, ел дастарханын толтыруға жеке шаруалардың да айтарлықтай үлесі бар екендігін естен шығармаған азбал. Солай бола тұра олар өз қотырларын өздері қасып, әупірімдеп күнелтуде.

–Біз тек мал сүмесімен ғана күн көріп отырмыз, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Айбек Базарбаев, – «аттылы адамның жанында жаяудың аяғы талады» дегендей, бүгінгі тіршіліктің тынысын қарап отырып, ауыл адамының өкпелейтін жөні бар. Ұйымдасқан шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға ие. Жақсы алсын. Ал, бірер бас қарасымен жалпы өнімді көбейтуге хал-қадірінше үлес қосып отырған малсақ қауым мұндай қамқорлықты неге көрмейді?!

Біздің пайымдауымызша, мәселе дұрыс қойылып отырған сыңайлы. Азық-түлік молшылығын жасауға үлкен ұйымдасқан шаруашылық та, жеке шаруа да өз үлесін қосып отыр.

–Мен мұндай ұсынысты үнемі айтып жүрмін, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – егер жеке шаруа мемлекет тарапынан мұндай қамқорлықты көретін болса, тәп-тәуір қаржылық тұрғыдан ес жинап қалар еді. Ауқымы кең істі былай  ұйымдастыруға болады. Мәселен, ауылдық округ әкімдігі арқылы кімнің қанша сүт немесе ет өндіргені туралы ақпарат жиналып,  субсидия  осындай жол арқылы төленсе, сол кезде табысы аз шаруалардың да, тұтастай алғанда ауылдың да ажары кіріп, бүйірі шығып, оңалатындығы даусыз. Екіншіден, ауыл әкімінің де табыс қазанының қақпағын ұстап отырған соң беделі арта түспек.

Бұл жеке шаруаның тіршілігі, ал, ұйымдасқан шаруашылықтардағы ахуал қандай? Өңірде мал басының көбеюі байқалады. Барлық меншік түріндегі шаруашылық қазір 548,6 мың бас қара мал бағып отыр. 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 233,3 мың басқа  немесе 101,8 процентке көбейген. Соңғы жылдардағы құрғақшылықтың кесапатын ескерген кезде тәп-тәуір көрсеткіш деуіміз керек. Өткен жылы  бойдақ мал ғана емес, сауын сиырлар да пышаққа  іліккен. Малсақ қауым алғашқы жарты жылдықта тірідей салмағы 96,6 мың тонна болатын малды қасапханаға тапсырды. Бұл орайда біршама өсім бар. Ет өндірудің басты талабы – мал азығының  молшылығы. Ұйымдасқан шаруашылықтар болмаса жеке шаруаның табысқа кенеле қоюы күмәнді. Өйткені олардың қолында малға жұғымды құнарлы жем-шөп жоқ.

Бар болғаны шөп пен сабан ғана. Жем қазір қасқалдақтың қанындай тапшы. Әдетте ет бағасы ерте көктемнен қара күзге дейін түсе қоймайды. Шаруа қолындағы бірер тұяғын табиғи жайылымда жайып, оңалдырып барып, күзде ғана жұмсайды. Міне, сол кезде сауда сөрелеріндегі ет өнімдері молайып, біршама бәсекелестік тууы мүмкін. Қазір өңірде бір мезгілде 36,5 мың бас мал бордақылауға қуаты толық жететін 8 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Осы арада жекеменшіктің қолындағы төлді сатып алу механизмін жетілдіріп, ауыл адамдарына қарай бүйрек көбірек бұрылуы керек. Айталық, сүт және ет өнімдерін қанша өндіргенімен, жеке шаруаның көсегесі көгеріп отырмағандығын тілге тиек еттік қой. Кооператив құрылып, ет және сүт өнімдері бір жерге жиналғанымен, ырысты молайтуға аянбай ат қосып жатқан, сол төрт түлік малдың бар бейнетіне шыдап келе жатқан мал иесін ешкімнің ескере бермейтіндігі түсініксіз.

Рас, өңірде ет өндіретін мал фермалары ұйымдастырылуда. Мәселен, 2018-2020 жылдар аралығында облыста 23,3 мың бас етті қара мал сатылып алынып, 402 ферма құрылды. Үстіміздегі жылы 104 ет өндіру бағытындағы ферма құру көзделуде. Алғашқы жартыжылдықта 3,1 мың бас қара малға лайықталған 46 ферма ұйымдастырылды. Қазіргі күні тағы да 7 ферманы құру қолға алынған. Алғашқы бес жылда 700 етті бағыттағы мал бағылатын фермасы қатарға қосылады деген жоспар бар. Ойға алған шаруаның барлығы оңынан оңғарылып кетсе, азық-түлік белдеуіндегі астаналық тұтынушыларды ғана емес, өзге өңірлерді де сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді.

Етті және сүтті мал тұқымын асылдандыру мәселесі де өте өзекті. Онсыз малсақ қауымның көсегесі көгермейтіндігі әлмисақтан белгілі. Бұл орайда да талпыныс бар. Әр жыл сайын табынға асыл тұқымды етті үш мыңға жуық  бұқа қосылуда. Сіңіре будандастыру арқылы бірер жылдың ішінде бар табын толық асылдануы әбден мүмкін. Айталық, 2021 жылы жергілікті 53,6 мың бас мал тұқымы асылдандырылды. Бұл қолдағы барлық малдың 23,9 проценті. Үстіміздегі жылы бұл орайдағы көрсеткіш 26,3 процентке жеткізіледі деп межеленуде. Міне, осындай қарқынмен жүргізілсе, талай жылдан бері үздіксіз көтеріліп келе жатқан түйінді тақырыптың тігісі жатқызылуы әбден мүмкін.

Сүт өнімдерін өңдейтін кәсіорындарды өніммен қамтамасыз ету үшін 56 мамандандырылған тауарлы сүт фермасы жүмыс істеп тұр. Онда 14 мыңнан асам сиыр сауылуда. Ұйымдасқан шаруашылықтардан 100 мың тоннаға жуық сүт өндірілуде. Бұл бағытта да бірқатар жағымды жаңалық бар. Алысқа бармай-ақ, 2021 жылғы көрсеткішті саралайтын болсақ, 2,3 мың сиыр сауатын 19 тауарлы сүт фермасының ұйымдастырылғанын айтуға болады. Үстіміздегі жылы да дәл сондай 11 ферма ұйымдастырылып, олардың әрқайсысында 50-ден мың басқа дейін сиыр сауылмақ.

Облыста дәл қазір ірі көлемде құс етін және жұмыртқа өндіретін 4 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр, оның ішінде Біржан сал ауданындағы «Қазгер құс» серіктестігін айта кетуге болады. Бұл фабрика жылына 300 миллионға жуық жұмыртқа өндіруде. Аршалы ауданындағы «Ижевск» өндірістік кооперативі де дәл осындай көлемде өнімін тұтынушыға жеткізуде. Ал, етті бағыттағы жұмыс істейтін Бұланды ауданындағы «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі жылына 60 мың тонна құс етін өндіруде. Өнім көлемі әжептәуір бес құс фабрикасы да сапалы құс етін өндірумен айналысуда.

Тақырыптың тұздығына қайта айналып соғайық. Екі жаққа да тиімді болатын дүние. Азық-түлік молшылығын жасауға септесіп жатқан жеке шаруаға қарайласатын болсақ, олардың да мал бағуға деген ынтасы артар еді. Ең бастысы, дәл осы қадам арқылы ауылдың тамырына қан жүгіртуге әбден болады.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар