Белгілі ақын-жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың  туғанына – 90 жыл

Нұрғожа Нарымбайұлы Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған.

1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін тәмамдаған. Мұнайлы жеті жылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылыҚазақмемлекеттікуниверситетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң мектептеұстаздықеткен. 1958-1963 жылдары Қостанайоблыстықгазетінде, 1963-1965 жылдары «Тыңөлкесі» газетіндеқызметатқарған. 1965 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Целиноград облысаралықбөлімшесінің басшысы болып тағайындалып, көп жылдар бойы еліміздің теріскей өңірінде қазақ әдебиетінің дамып, жаңа  таланттардың өсіп-жетілуіне зор үлес қосады. Кейін «Сарыарқа» журналының шығуына мұрындық болып, осы басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды, онда да талай жас таланттарға қамқорлық көрсетті.

Қазақ поэзиясында өз үні мен орыны бар ақын кешегі кеңестік жүйеде өзі тұратын өлкедегі теперіш көрген қазақ ділі мен тілінің тамырынан үзіліп қалмауына айтарлықтай еңбегін сіңірді.

1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап арқалы ақын қолынан қаламын бір сәтке де тастамай, оқырмандарына «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі», тағы да басқа соқталы шығармаларын ұсынды.

Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған. «Қаракүйік» атты кесек романында құбылмалы, тол­қы­ма­лы заман ахуалын, қазақтың тағдыр-та­лайын, ақиқат болмысты шығармашылық зерделілікпен шынайы сипаттады.

Ұлы Ғабит Мүсіреповтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Сағи Жиенбаевтың, жақын достары сапында болған Нұрғожа Нарымбайұлының елі мен оқырманына айтары да, толғары да әрдайым ұшан-теңіз болатын.

Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағыныңМ.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006). Көптеген мемлекеттік марапаттар иесі.

(20 қазан күні сағат 11.00-де астана қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында қарымды қаламгер Нұрғожа Нарымбайұлы Ораздың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді).

Сарыарқа сал домбыра секілденіп…

Нұрғожа ОРАЗ

Халықтың жүрегі

Тіл – халықтың жүрегі,

Жүрексiз қалай жүредi?

Елдiк қалпын сақтаған,

Мың-мың жылғы тірегі.

Ашуланса айбарлы,

Жауға сілтер білегі.

Қонағына құрметін,

Тіл жеткізе біледі.

Сәбиі де қазақтың,

Тілге елігіп күледі.

Абай, Мұқаң түлеткен,

Ғабең сипап гүл еткен,

Тұмаш, Қадір жыр еткен,

Мұқағали маржандай,

Тiлдi тiзiп сыр еткен,

Ана тiлiн ардақтап

Алып шыққан түнектен.

Сол асылдар сылаумен,

Бізге жеткен тiл еді.

Адам айтса нанғысыз,

Бүгін қалай жүдеді?

Кеше ғана жайнаған,

Иранбақтай гүл еді.

Егеменді елім де,

Осы тілге түнеді.

Қазақтың жаны қиналған

Бұл не деген сын едi?

Аруақты халқымның,

Тұйыққа басын тіреді.

Жүрегіме жалғасқан,

Баба салттың тілі еді,

Кел, ағайын, сілкінші!

Ана тілін ардақтап,

Асқақтасын ұлы елі!

Өмір барда өлім бар

Батырды алған,

Байды алған,

Алмасқанда қайғы, арман.

Жалғандықты мойындап,

Туыстары қайғы алған.

Жәбiраил келгенде,

Жиған малы жай қалған.

Сен кетті деп селт етпей,

Өрісті өмір жайқалған.

 

Алдап соғар бұл өмір,

Тұрлауы жоқ тұл өмір.

Жалтыл сәуле – дүние,

Тез сөнетін күл-көмір.

 

Аран ашып арбасқан,

Сол жалғанға жармасқан,

Пенделерде нысап жоқ,

Жаға жыртып, қандасқан.

 

Өршеленіп бәрі де,

Жастiкі – жас, кәрі де,

Мансап атын мінбекші,

Өрлеу үшін әріге,

 

Ақылдыға алдырмас;

Білімдіге – тарғыл тас;

Пысықтардың ермегі;

Арман қылар балғын жас.

 

Бүгін бар да ертең жоқ,

Бойға тиер оқ пен шоқ.

Сол мансаптың маңайы,

Жан жаралар дертті оқ.

 

Қарасын ол батырған,

Ар мен ғылым, ақылдан.

Соңғы үшеумен меңгерер,

«Ғылым – шың!» деп батыл жан.

 

Білімі өрге баспалдақ,

Хан-Тәңірі шақырған.

Оған туын тіккен күн,

Озғаны анық батырдан.

 

Сол шың ғана өмірде,

Гүл егетін көңілге.

Жұрттың еткен еңбегі,

Жан бiтiрген өңірге.

Осыны ұқсаң ажалдан,

Қорқып мұңға көмілме.

Өмір барда, өлім бар

Тiлегiңдi арт Тәңірге!

ЖАРЫҚ ДҮНИЕ ІШІНДЕ

Уа, кең аспан!

Жарық, нұрлы тiршiлiк,

Жарқырайсың таң иесі күн шығып.

Аппақ асыл дүниемен астасып,

Табиғат та жасап жатыр құлшылық.

 

Аппақ сезім күн нұрымен астасып,

Сол сезімге жанды бөлеп тастасып,

Менi сiрә, көре ме екен сол бір нұр,

Аспаныма болған мәңгi жас ғашық.

 

Жан шуағым мөлдірлігін байқатпас,

Бұл да ақ сәуле екеуі бір айғақтас.

Тұтастықтың аңғарымы қиын ғой,

Мынау сен деп ерекше ен байлатпас.

 

Мен ғой осы жетпіс бесті игерген,

Қай тұстамын дейтін де бір күй келген.

Өзiмдік қып тынысымды, арманды,

Ақыл-ойды лирика ғып үйренгем.

 

Сол асылым – лирикамды әспеттеп,

Күн нұрына бөлеп келгем өшпес деп.

Түнде айдың сәулесіне шомылттым,

Ешбiр қауiп кездеспедi кес-кестеп.

 

Жүрдім әр кез аппақ нұрға оранып,

Келді ақтықпен әрбір таңым оралып.

Сол күйінде жан сезімім – аппақ сел,

Өзге көзге көрген емес тоналып.

 

Уа, осынау, аппақ жарық дүние,

Сенің пәктік ақтығыңа күн ие.

Менi де сен асылдығың – сәулеңмен,

Жуасың кеп аппақ нұрлы үйімде.

 

Осы күймен жарқын жүріп өтермін,

Сен үнемi алақанда көтердің.

Қараған көз шағылысар сәулесің,

Сол тасаңда білінбестен көп ердiм.

 

Сәуле түссе – мөлдірлікті аңғармас,

Сөйтiп жүрiп келіп қапты тарлан жас.

Осы күйде ерекше боп байқалмай,

Өте шығар пәктігімен қалған жас.

Маусымдар

Кіреукелі күз келді күнді жапқан,

Аспан астын билейтін бұлтты ұнатқан.

Ашуы бір тарқамас аю шалдай,

Үй-орамын зәһармен бұрқыратқан.

 

Бозқырауы ашудың ызғарындай,

Басылмайды бойда бір сыз барындай.

Етек-жеңін түрініп, үлпілдек жаз,

Кеткелі тұр қашатын қыз қамындай.

 

Қыс хабары қыраулы ерте жеткен,

Оңды-солды бұлтты айдап ентелеткен.

Жаз шегiндi берерiн берiп болып,

Табиғатты тәттімен еркелеткен.

 

Miнe, осылай маусымның алмасуы,

Жаз болса да әлемнің алғаш ұлы.

Бір қалыпта тұрмайды даму деген,

Бой көрсетер кейiнгi жалғас іні.

 

Адам да сол – төрт дәурен кешетіні,

Кешіп өмір өткелін өсетіні.

Балалық шақ, жас дәурен, жігіттік шақ,

Баспалдақ боп, қарттық қой жететіні.

 

Әр кезеңнің келісті мінезі бар,

Әрқайсына ылайық гүл егіп ал.

Сонда өмірің өтеді гүлдеуменен,

Сенен үлгі алатын түлегің бар.

 АУЫЛЫМ ЖҮРЕГІМДЕ

Жоқ! Жоқ! Олай баттитпа жаман сөзді!

Бәріне де заманның балаң төзді.

«Құрып бітті ауылың!» – дегенің не?

Айқара ашқан бүгінде санам көздi.

 

Мен тірімін әзірге, бойым ширақ,

Өз басыма ауылымды алғам жинап.

Бәрі сол бір баяғы жұмағымдай,

Қондырды әкеп миыма талғам сыйлап.

 

Сол баяғы күйінде паң ауылым!

Бір кірпіші сынбаған қалауының.

Ойымда тұр басымды мекен етіп,

Отын алып жүректің алауының.

 

Жаным жұмақ ауылымды қабылдаған,

Мекендейтін басқа жер табылмаған.

Қозғап кетсе кейде бір шерменде ойлар,

Аласұрып, аптығып дабыл қағам.

 

Бар сезімді бойдағы аттандырып,

Ішімдегі алауға ақпан кіріп.

Iрi шайқас болады өрт тұтанып,

Жүргенімде ауылымды мақтан қылып.

 

Орны жатқан тып-типыл отыз үйдің,

Елес келсе алаулап отсыз күйдім.

Қабағымнан қар жауып, көзден жаңбыр,

Өртті басып, үйімнің орнын сүйдім.

 

Дегенмен де бой ширап, жүйке бекіп,

Мұң мұнары әлгі бір жаспен кетiп.

Жүрегiме ауылымды жинап алам,

Тәтті елесін өшпестей жалынды етіп.

ТЫНЫШТЫҚ ЖОҚ АҚЫНДА

Ойды қалай бөгеймін тасқындаса?

Тасқындар ма терең ой асқынбаса.

Үнемі бір алып күш ала қашып,

Елжіретіп жүректі мас қылмаса.

 

Бір күн, бір сәт болсайшы ойдан бөлек,

Болмаса да еш адам «ойлан» демек.

Теңіздегі балықтай толқынға асық,

Толқындарға кім мені қойған бөлеп?

 

Ой толқыны Каспийден айнымайды,

Сол толқында ойнаған Ай да ұнайды.

Жел сапырып, желпінтсе теңіз бетін,

Өмір мені тасытпай жай қоймайды.

 

Бұрылыс пен бұралаң шақтары көп,

Айдын көлдей тып-тыныш жатқаны жоқ.

Үнемi бiр арпалыс тау өзені,

Секілденген секіртер шатқалы көп.

 

Теңіз асты таулары тосып тұрған,

Кемелердің апатын жосық қылған.

Секілді ғой өмірдің астарлары,

Жанды егілтіп кететін тосын құрбан.

 

Мың-мың сала өмірдің өрісі бар,

Керегіңді мөлшерлеп бөлісіп ал.

Мүмкіндігің жетпеске құлаш ұрсаң,

«Ақыл тапшы» деп жұртың теріс ұғар.

 

Міне, осындай ойлардың жетегімен,

Қанаттанып қиырға кетемін мен.

Әр адымы өмірдің жырға толы,

Оқыс ой тек тартпасын етегімнен.

***

Тәуелсіздіктің таңынан,

Маужырап тұрған дала ма?

Мөлдіреп тұнық малынған,

Қайғысыз, тыныш замана.

Тыныш-ақ Есіл ағысы,

Талдарын самал тербейді.

Тек қана бұлбұл дауысы,

Тұныққа қалғу бермейді.

 

Содан кейін суырады қолқамды,

Суырады, тасытады ол қанды!

Суырады жүрегімнің түбінен,

Шығарғандай сiлелетіп сорпамды.

 

Күйдің үні солқылдатып тамырды,

Тұла бойды түршіктіре сабылды.

Күрсінгенде домбыраның шанағы,

Арманды ойым бағытынан жаңылды.

 

Қос ішекпен сурет бұл салынған,

Жанды дыбыс мұң-мұнарға малынған.

Ұлы адамның – данышпанның хабары,

Туған болар жанын жеген жалыннан.

 

Тебірентіп, толқытады ұрпағын,

Танытады әр заманның бұлмағын.

Тап бүгiн де «Көкейкесті бар ғой» дер,

Домбырадан төгілген бұл ұлы ағын.

САРЫАРҚА

Сарыарқа сал домбыра секілденіп,

Жанымның лүпіліне бекінді еніп.

Армандай адырлары, көл, тоғайы,

Тынысым, демалысым жетілгендік.

 

Сарыарқа сары алтыннан құйылғандай,

Сен менің тәубам жаным сиынғандай.

Самалың бетті сипап жүрек тербер,

Әсем ән, «Саржайлаудай» күйің қандай!

 

Қазақтың мінезіндей мол пішілген

Далаңа сәттілікпен жол түсірген.

Тәңірге күнде алғыс айтып келем,

Қуаныш тойдан да артық тола ісіммен.

 

Өзіңе тартып туған сал, серілер,

Тап сендей батырға да жан берілер.

Дария дана ақылдың иелері,

Туғанда таңырқап бір таң керілер.

 

Болмысың, бар бітімін соны айтады,

Баян мен Көкше атыңды зорайтады.

Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыс тауың,

Тарихын тамашаға толы айтады.

 

Ардағым, асыл Арқам – жұмағымсың,

Сезiмдi суаратын тола ағынсың.

Жаратқан сол жұмақтың лебізінен,

Мәңгілік еркелетер тұрағымсың!

ҰСТАЗ ҚАЛА

Арман қала, орман қала осы деп,

Бар мақсатты Алматыға қосып ек.

Тұңғыш келіп таңдана кеп қараған,

Студенттік топқа кірген қосын ек.

 

Талпынудың бәрі болды осында,

Табылған-ды май-талапты досым да.

Білімнің кең бұлағына бас қойдық,

Іздегенің табылғаны тосын ба?

 

Осы қала бауыр басқан анамдай,

Сенім артып, ақыл қосқан данамдай.

Осы қала кәусәріне өнердің,

Ғашық қылған туып-өскен даламдай.

 

Кең даладан келген балам екенсің,

Келбетіңмен шыңға өрлеуге бекемсің.

Ала білсең армандар көп алдыңда,

Дейді Алматым сол арманға жетерсің.

 

Ұстаз қала жетілдірді жігіт қып,

Маған қонар қасиетті жылытып.

Содан бері жарты ғасыр өтсе де,

Бір сәт оны көргенім жоқ ұмытып.

 

Бүгін тағы келбетіңе қараймын,

Көрсем-дағы кереметін талайдың.

Әсемдікте бұдан өткен қала жоқ,

Жүрегімде түлеген сол, арайлым!

 

***

Алматыда кәрі атадан бата алдым,

Алматыда қайта өң кіріп жасардым.

Алатау тұр ақ басымен асқақтап,

Сол қартыңнан қадірімен асар кім?

 

Алматыда достарымды құштым да,

Қанаттанып Алатауға ұштым да.

Көптен бергі қажып жүрген денемді,

Жігерлендім ыстық сөзге тостым да.

 

–Аға! – десіп, сәлемдесіп жас дарын,

Мақтаныш қып тұрғандайын асқарын.

Күлімдейді көңілімнен гүл алып,

Қуаныштар кернеп қала аспанын.

 

Мен танымай,  олар танып жатқанда,

Көңіл шіркін, килігеді мақтанға.

Жас дарындар, асқарым, бар Алматым,

Айналады іңірде де ақ таңға.

 

«Әдебиет әлемі» – дер бір елміз,

Елдің қамын әлі де асқақ тiлерміз.

Ақыны бар, жазушы бар, сыншы бар,

Талай заман ақ таңдарын түрерміз.

 

Тек осы бір ақыл жиған туыстар,

Сөз өнерін мекен еткен ұлыстар.

Абай туы астынан тек табылса,

Гүл-гүл жайнап тұрар еді тыныстар.

АСТАНАМДЫ САҒЫНДЫМ

Алыс кетсем Астанамды сағынам,

Ойша құрған елесiне табынам.

Асылдығын бейнесінің арттырып,

Жырға айналып жан сырыммен ағылам.

 

Көз алдымда тізбектелген қаз-қатар,

Ғимараттар тебірентіп жырлатар.

Әрқайсысы өзінше әуен – ән бейне,

Симфония үніменен тіл қатар.

 

Сәулеттері қайталанбай сән түзеп,

Беретіндей жырланбаған әнге өзек.

Көз тоймайды қанша қарап телмірсем,

Көрсетеді бояуымен таң безеп.

 

Есіл ерке Астананы аймалап,

Сәулесімен ойнайды-ай кеп қайталап.

Түнде қала сол Есілге сүңгісе,

Тамылжиды таңданғандай Ай қарап.

 

Сарыарқаның самалы да қаланы,

Еркелетіп сипағандай баланы.

Желпиді де жеңіл ғана күрсініп,

Сұлулықты сүйіп, демін алады.

 

Бар қазақты бір өзіне қаратып,

Астананың келеді әне таңы атып.

Шетелдерден келген қонақ сүйсіне,

Жанарына тұрар сәнді санатып.

 

Сол Астанам бірге қазір менімен,

Жадымдағы суретіне елігем.

Тез жетемiн, тоса бер тек сағынып,

Керекуге қонақ бола келiп ем.

 

***

Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген,

Біреулер ғұмыр кешкен күн бетпенен.

Біреулер тағдырының текпісінде,

Басынан бұлқынса да түн кетпеген.

Біреуге халық қамын міндеттеген,

Бiреудi бұқтырумен үндетпеген.

Біреулер ар-ожданын кірлетпеген,

Барын сап күресіпті індетпенен.

Ерлік бар суреттеуге тіл жетпеген,

Өрнектер бәлкім оны түрлеп берген.

Сондай бір тілге тиек ілгекпенен,

Талқан боп күдік пікір тіл кептеген,

Арман ғып айтарыңды сүрлетпеген.

Дәме ғып болашақты гүлдеп келем.

Оралған орынды сөз тілге еппенен,

Тереңге жетелейді білмекке ерен.

«Күн құрсын — дегендейін – тірнектеген»,

Тұтанған жаңа ойды үрлеп келем.

Не жетсін бұл дүниеде батылдыққа,

Өз еркін өзге жанға билетпеген!

СӘБИІМДІ ИІСКЕП

Сәбиімді бір иіскеп, бір сүйсем,

Жетер ме оған айналама гүлді үйсең?

Сол сүйгенге көңіл қошы жетер ме,

Күн сәулесін оранып ап нұр кисем.

 

Нұр бойымды жылытары анық қой,

Жүзіме де түскен сәуле қанық қой.

Бірақ менің жүрегімді жылытар,

Сәбиімнің исі екенін танып қой.

 

Жанымды да елжіретіп, елтітер,

Көңілімді көктем болып желпінтер.

Сол бір сүйген сәтім үшін жан пида,

Ақынынан сол бақытты ел күтер.

 

Бар әлемнің асылдарын жинасаң,

Сол ғажапты маған əкеп сыйласаң.

Сәбиімді бір сүйгенге жетпейді,

Осы сырмен жұрт білмеген күйді ашам.

 

Өйткені, мен бұл өмірге келгенде,

Жарық әлем жыр құшағын кергенде.

Осы иісті, жас иісті сүюді,

Алла аманат етіп маған берген-ді!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар