— «Бурабай» республикалық оңалту орталығының директоры қызметіне Саягүл Қайыргелдина тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, 12 қазаннан бастап Саягүл Айдарқызы «Бурабай «республикалық оңалту орталығы« шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарады.
Саягүл Айдарқызы 1973 жылы 9 тамызда дүниеге келген.
Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің « биология « факультетін, Қарағанды заң академиясының « құқықтану « факультетін, Мәскеу қаласындағы Халықаралық қалпына келтіру медицинасы университетін « қалпына келтіру емі және медициналық оңалту « мамандығы бойынша, Астана медицина университетін «д енсаулық сақтау саласындағы менеджмент және маркетинг « мамандығы бойынша бітірген.
PhD докторы, ҚР ҰҒА профессоры ғылыми дәрежесі бар. «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 1990 жылы №3 Киев орта мектебінің тәрбиешісі болып бастаған.
Әр жылдары ЖОО-да оқытушы, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медицина орталығының «Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығында» инновациялық және білім беру қызметі басқармасының халықаралық медициналық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі, бас сарапшысы, бас менеджері қызметтерін атқарды.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медицина орталығының санаторийлер өкілдігінің басшысы лауазымында болды, кейін Қарағанды медицина университеті курортология орталығының басшысы болып жұмыс істеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас курортологы.
Ғылыми басылымдардағы 51 мақаланың, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 1 оқулықтың, 2 ғылыми зерттеудің, 3 авторлық патенттің, Қазақстан курорттарына арналған 1 монографияның авторы.
Фото : gov.kz