Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шетелден келген студент жастарға қазақ тілін үйретуде - АРҚА АЖАРЫ

Шетелден келген студент жастарға қазақ тілін үйретуде

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бүгінде 300-ге тарта шетел азаматын білім нәрімен сусындатып отырған оқу ордасы. Студенттердің дені Ресей, Пәкістан, Үндістан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген азаматтар. Басым бөлігі жалпы медицина саласын меңгеріп жүр.  Осы тұста өзге ұлт өкілдеріне аз уақыт ішінде мемлекеттік тілді үйретіп, ұлттық болмысты дәріптеп жүрген мамандардың ерен еңбегін елемеу әсте мүмкін емес.

Шетелдік студенттерге қазақ тілін әріптен бастап үйреткен Анар Букаева, Гүлгүл Ысқақова және Аягөз Исина есімді ұстаздармен сұхбаттастық. Олар тілді үйретудегі тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты ойларын жеткізді.

Анар Айтқалиқызы Букаева қазақ тілі магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының лекторы:

– Менің ойымша, мемлекеттік тілді дамыту үшін ең алдымен қоғам, оның ішінде қызмет көрсету орындары қазақ тілінде сөйлеу керек, сонда барып жастар сөйлейтін болады. Мысалы, автобустарда аялдаманы неге үш тілде хабарлайды?  Автобуста аялдамалардың үш тілде хабарланғанын естігенде, біздің елде мемлекеттік тілді үйренбеуге барлық жағдай жасалған деп ойладым.

Менің ойымша, автобус аялдамаларын тек қана қазақ тілінде хабарласа, қай ұлт болсын, ересек адам болсын, жас болсын өз аялдамаларын өтіп кетпес үшін қазақша хабарламаны тыңдап, тілді үйренуге талпыныс жасар еді. Сол сияқты, дүкен, шаштараз, банк қызметкерлері тек мемлекеттік тілде қызмет көрсетсе, тілге деген  сұраныс артар еді. Жастар арасында мемлекеттік тілді дамыту үшін қоғам, заң орындары қазақша сөйлеу керек, сонда барып мемлекеттік тілді үйренуге сұраныс болады. Қоғам қазақша сөйлемесе, жастар сөйлемейді.

–Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін қандай реформалар еңгізу қажет деп ойлайсыз?

–Жоғарыда айтып өткендей, қоғамдық орындар қазақша сөйлеуі керек. Мысалы, халыққа қызмет ету орталығы, банк, шаштараз, дүкен, барлық қызмет көрсету салалары қазақ тілінде сөйлесе, мемлекеттік тілге деген сұраныс болады.  Осы салалардың мемлекеттік тілде сөйлеуін біздегі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы заң орындарымен бірлесе отырып, бақылауға алу керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту керек деп айтамыз, барлығы сөз жүзінде қалады, енді іс жүзінде қолға алу керек деген пікірдемін.

–Қазақ тілін дамыту үшін педагогтар тарапынан қандай жұмыстар атқарылуы керек?

–Педагогтар қазақ тілін қайтсек үйретеміз деп жұмыс істеп жүр ғой, қоғам қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір біз осы үш оқытушы қазақ тілі қоғамымен бірлесіп, әлеуметтік желілер және YouTube каналы  арқылы қазақ тілін үйренуге арналған бейнесабақтар әзірлеп жатырмыз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, сұранысын арттыруға  қолымыздан келгенше еңбектеніп жүрміз, еңбектене береміз де деп ойлаймын.

Гүлгүл Жеңісқызы Ысқақова, педагогика және психология магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті әлеуметтік және жасерекшелік педагогикасы кафедрасының лекторы:

Тіл ‒ әртүрлі этнос адамдарының, ұлт пен ұлттың, мемлекет пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін көпір іспеттес. Қазақ тілін оқыту барысында келесідей міндеттерді. Тіл үйренушілерге өз пікірін еркін жеткізу, сауатты жазу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс коммуникативтік қарым-қатынас жасай алу, яғни, әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін жүзеге асыруға тырыстық.

Тілді мазмұнсыз меңгеру мүмкін емес. Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, болмысы танылады. Мен бірінші күннен шетелдік студенттеріме қазақ тілінің ең негізгі заңдылығы ‒ үндестік заңы екенін түсіндіріп өттім. Аталған заңдылықты жақсы игеріп алса, қалған грамматикалық тұлғаларды игеру оңайға түседі. Негізінен, тілді оқытуда лексикалық минимумды игеруге аса назар аударамыз. Десек те, сөйлем құрастыруға қажетті актив қолданылатын грамматикалық тұлғаларды міндетті түрде үйрету керек.

Шетелдік студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынталары жоғары, тілді игеру үшін барлық күш-жігерлерін салып оқиды. Айтқанымды бірден қағып алып, келесі күні бұлжытпай өзіме айтып беріп отырды, сөздерді жаттауда жарыс өткізіп отырдық. «Бізге келесі сабақта мына тақырыпты үйретсеңіз, мен сөйлемдерді қатесіз құрайтын боламын» деген студенттер тарапынан ұсыныстар да болды. 3-4 ай көлемінде бес жүз тілдік бірлікке дейін игеріп, соларды тәжірибеде қолдануға тырысады. Өз нәтижелерін олимпиадаларда, түрлі іс-шараларда көрсетіп отырды.

Нақтыласақ,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған шетелдік студенттер арасында қазақ тілінен өткізілген І Халықаралық олимпиадаға қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, медицина факультетінің 1 курс студенті Sabih Ul Hassan жүлделі ІІ-орынға ие болды. Жетекшісі: аға оқытушы, п.п.ғ.м. Г.Ж.Ысқақова.

Онлайн олимпиада екі кезеңнен тұрды: І кезеңде қатысушы лексика-грамматика, оқылым, жазылым бойынша берілген тапсырмаларды орындады; II кезеңде қатысушылар «Қазақ елі осындай!» атты тақырыпта шығармашылық жоба ұсынды. Sabih Ul Hassan  екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, білімін көрсете білді.

–Латын әліпбиіне көшуге қатысты ойыңыз қандай? Білім саласына, мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтірмей ме?

–Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу уақыт талабы болып отыр. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі – болашақтың кілті десек, ал, оған көшу еліміз үшін аса маңызды кезеңдердің бірі болатыны ақиқат. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік беретін, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміздің дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтар ескеріледі деген ойдамыз.  Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қолдану тілді оқытуда ұтымды болады деп ойлаймыз, өйткені шетелдік азаматтар латын қаріптерімен жазылған мәтіндерді қиындықсыз оқи алады.

–Өзіңіздің шығарған бірталай еңбектеріңіз бар. Тағы тіл тақырыбында жазған кітаптарыңыз жайлы айтып бере аласыз ба?

–Біздің біліміміз әлемдік қауымдастықта бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуі керек. Білім беру жүйесін дамытудың негізгі стратегиялық бағыты ретінде оқытуға инновациялық модельдер мен технологияларды енгізуді қарастыру, әрине, маңызды. Алайда білім беруді реформалау дегеніміз ‒ тек техникалық үдерісті игеруден ғана тұрмайды, ол білім мазмұнының тереңдетілуінен, оны білім алушыға оқытуда тиімді әдістерді қолданудан, ұсынып отырған оқу құралдарыңыз бен материалдарыңыздың мазмұнынан тұрады. Сол себепті ұсынылып отырған зерттеу жұмысы қазіргі білім сапасын арттыру мәселесінен туып отырған қажеттілікке негізделеді.

Кез келген тіл үйренуші өзінің тілдік білімін жетілдіру үшін міндетті түрде көркем әдебиет, газет-журналдар оқып, ондағы материалды өз бетінше түсіне алу керек. Бір аудиторияға арналған мәтіндер басқа аудиторияға өзекті болмауы мүмкін. Егер тіл үйренуші қазақ тілінің В1, В2 деңгейін меңгеру үшін көркем шығармаға жүгінетін болса,  бастапқы мәтін – түпнұсқа осы адресаттың коммуникативтік мүмкіндіктерін ескере отырып, өзгертілуі тиіс, яғни мәтін лингвистикалық тұрғыдан бейімделуі тиіс. Осыған орай, бірнеше автор бірлесе отырып, көркем мәтіндермен жұмыс түрлері, бейімделген көркем мәтіндермен жасалатын тапсырмалар жинағын ұсынған болатынбыз. Нақтыласақ,

  1. Ысқақова Г.Ж., Букаева А.А. Қазақ тілі (В1В2 деңгейіне арналған): Оқу құралы, Көкшетау: «Ш.Уәлиханов атындағы КМУ» баспасы, 2019 -174 б.
  2. Ысқақова Г.Ж., Жиеналина А.М., Рамазанова А.Е. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі бейімделген көркем мәтіндер: Оқу құралы. ‒ Нұр-Сұлтан: «Алтын кітап», 2019.‒186 б. Аталған оқу құралдары қазақ тілін В1,В2 деңгейінде меңгеру үшін қолданылады.

ҚР БҒМ ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша 2020-2022 жылдарға арналған жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында «Көпмәдениетті кеңістік: Қазақстан халқы фольклорын зерттеу»жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жетекшісі: Ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Рыспаева Д.С.  Аталған жоба аясында тілдерді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгеруде қолданылатын ертегі мәтіндерін ұсынып, балаларға арналған кітапты баспадан шығардық: Қазақстан халқы ертегілері. Сказки народов Казахстана. Folk Tales of Kazakhstan. Сост. Д.С.Рыспаева, Н.М.Боргуль, Ю.В.Астафьева, А.К.Әшімова, Г.С.Ахметова, Г.Ж. Искакова. – Кокшетау, 2020. – 274 стр. Аталған кітапты балалардың оқылым дағдысын қалыптастыруда, Қазақстанда тұрып жатқан 24 ұлттың ертегілерімен таныстыруда қолдануға болады.

Аягөз Оразбекқызы Исина, қазақ тілі магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының лекторы:

–Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жалпы медицина мамандығында шетелден келіп, білім алып жатқан студенттер баршылық.  Шетелдік студенттерге мемлекеттік тілді оқыту және оны тиісті дәрежеде игерту  қазіргі күндегі басты мәселелердің бірі болып табылады. Оқытушы белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі жаңа технологияларды қолдануы қажет. Сол себепті, сабақта қолданылған әдіс тыңдаушылардың өз ынтасын, ішкі қозғаушы күшін жұмысқа бағыттауды ұстанады. Бірақ, оқытушы қай әдісті таңдамасын, оның тіл үйренушінің қабылдауына жеңіл, тиімділігі мол, нәтижелі болуын, ең негізгісі, дидактикалық мақсат-міндеттерге сәйкес келуін ескеруі қажет.

Шетелдік студенттерге қазақ тілін игеру үшін сабақ қызықты, әрі тартымды болуы тиіс. Сабақтың қызықты, сапалы өтуі тікелей оқытушының шеберлігіне байланысты. Сондықтан, оқытушы студентке білім беруде әр түрлі оқу үрдісінің жаңа технологияларын тиімді қолдана білуі, тақырыпты саналы, сапалы меңгеруіне бағдар беріп отыруы тиіс. Оқытушы әрдайым ізденісте болса ғана, студенттердің қазақша сөйлеу дағдылары қалыптасып, тілге деген қызығушылықтары артады.

 Шетел азаматтарын қазақ тілін үйретуде қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?

–Шетел студенттерін оқыту барысында мынадай әдіс-тәсілдерді қолданамыз:

— түсіндіру әдісі – бұл әдіске ауызша баяндау — түсіндіру, әңгіме, сұрақ-жауап түрлері жатады.

— көрнекілік әдіс – сурет, көшірме, сызба, кестені  пайдалану, т.б.

— техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі – демонстрациялық әдіс, яғни, экран бейнесі арқылы фильм, кино, фрагмент, т.б, техникалық құралмен жұмыс істеу.

— жаттығу әдісі – ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс, тақтамен жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ойын элеметтерін пайдалану жұмысы.

 Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтып берсеңіз. Олар қанша уақытта мемлекеттік тілді үйрене алды?

Шетелдік студенттерге қазақ тілі шет тілі болғандықтан, әрине оларға алғашқыда тілді үйрену өте қиын. Әрбір сабақ сайын қазақ тілі пәнінің оқытушылары тілдік дыбыстардан бастап дұрыс айтқызып, жазғызып үйретеді. Қазақ тілінің қарапайым деңгейін меңгеру барысында,  шетелдік шәкірттеріміз 3 ай оқығаннан кейін жақсы нәтижелер көрсетеді. Өздері туралы мәліметті 10-12 сөйлем көлемінде айта алады. Сондықтан да, оларға қазақ тілі оқу өте қызықты деп ойлаймын.

Осы орайда, жалпы медицина мамандығының 2 курс студенті Mohammed Nayimuddin Farhana есімді Үндістан азаматының  қазақ тіліне қатысты ойын білдік.

–Қазақ тілі – омонимдер мен синонимдерге бай тіл екен. Сол себепті де бірден еркін сөйлеп кету қиын. Бірақ, маған сонысымен де қызықты. Өзім де, қатарластарымда ерекше ынтамен оқимыз. Оқытушыларымыз теория мен практиканы қатарластыра отырып, ерекше методикаларды қолдану арқылы үйретеді. Өте тиімді әдістерді пайдаланады десем артық етпес. Ауызекі тілде аз уақыт ішінде сөйлеп кетуге болады. Әрине, көп нәрсе білім алушының ынтасына да байланысты. Өз басым дүкенге барып қалағанымды еркін сұрап алуға шамам жетеді,– дейді студент.

Қазақ тілін туа бітті қазақ балаларының өзі толық меңгерді деу қиын.  Тілдік құрылымы мүлдем басқа өзге ұлт өкілдеріне, соның ішінде Үндістан, Пәкістан еллерінен келген студенттерге қазақ тілін үйретіп, нәтижесін олимпиадада көрсете білген ұстаздардың педагогтық шеберлігін атап өтпеске болмайды,

Сұхбатты жүргізген Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар