Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, белгілі өнертанушы Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы 70 жасқа толып отыр. Рух – қазақ танымында қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Қазақ халқы рухтың маңызды құбылыс екенін баяғыда-ақ білген.
Рух тәңірінің жебеуімен, ата-баба қанымен жалғасып келетін, белгілі бір тұлғаның мәнін айқындайтын үлкен күш дегенді санасына сіңірген қазақтар тектілік ұғымын қандағы қасиетпен байланыстырып, оның үзілмеуіне мүдделі болған. Тегінде баяғы қазақтың «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деп айтуында терең мән бар. Қазақ ұғымында рух – тек, негіз ретінде алып қарастырылған. Рух – күйкіліктен, пендешіліктен, қарабастың қамынан биік тұратын қасиетті дүние. Рухтың биіктігін еңкеймеген баспен, иілмеген кеудемен, бүгілмеген тіземен өлшеген. Рух – шашақты найзадай айбарлы, алдаспан қылыштай өткір, қара балтадай берік. Тегінде өр Махамбеттің, «Мен шарға ұстаған қара балта едім, Шабуын таппай кетілдім, қайраса қайта жетілдім» дегенінде осы рухтың қайтпас қайсарлығы, қайта жетіліп, түлер мүмкіндігі айтылып тұрғанын аңдамау мүмкін емес.
Рух – адам болмысын айқындайтын философиялық ұғым екендігін философ Ғарифолла Есім де арнайы қарастыра келіп, «рухтың жанға да, тәнге де қатыстылығын, сайып келгенде жанның тәнсіз формасы» екендігін айтады. «Рух дегеніміз өзі – адамды аңсау, оның қасиеттерін ашу, пендесі мен жаратушысының табиғи байланыстын сезіну» – дейді.
Рух туралы ой әлем философтарын мазалағаны рас. Том-том кітаптар жазылды. Кереғар көзқарастар сайысты. Олардың барлығын түгендеу біздің мақсат емес. XIX ғасырда өмір сүрген дат философы Серен Кьеркогер рух жайындағы философиялық ойларында «Адам – рух. Ол шексіздікпен шектіліктің, мәңгілік пен уақытшаның, қажеттілік пен еркіндіктің бірлігі. Адам рухани бағытты таңдаудың негізінде нағыз тұлғаға айналып, өзінің ерекшелігіне, өлместің дәрежесіне жетеді» – дейді. Осы Кьеркегор қалыптастырған экзистенциализм категорияларының ішіндегі ең жасампазы, әрине, ТАҢДАУ категориясы.
Таңдау болғанда да ол – өнегелі, өміршең таңдау.«Таңдауға шешім қабылдаудың өзі өте маңызды, бұл жерде басты нәрсе пайымдау емес, еріктің, жігердің болуы» – дейді. С. Кьеркогер. Еркін таңдау сол тұлғаның ішкі мазмұны үшін шешуші мәнге ие екен. Таңдау – тұлғаның еркімен, еркіндігімен болатын іс. Ал, еркіндік тұсалып, тұқырып қаламайтын, азат болмысқа қарай самғағысы келетін ақсұңқар құстың көкке қанат қаққанымен бірдей. Ерік пен жігерден болатын таңдау әманда күрескерлік таңдау болып шығады. Моральдық таңдаудың нәтижесінде күрескерлік рухпен шыңдалған тұлға өлмейтін, өшпейтін болмысқа ие болады.
О.Шпанглердің «Біз үшін қан – өмір символы. Ата-бабаның қаны ұрпағының тізбегі, қатары бойынша өзіндегі бар қасиеттерді сақтай отырып, өзіне тән тәуелділігін, тактісін және уақыт фазасын сақтай отырып ағады» деген пайымында үлкен мән бар. Бұл жеті атадан бері қан араластырмайтын біздің қазақтар үшін де тіптен маңызды. Дәл бүгінгі конференцияда айтылуға тиісті әңгіме осы жайында болмақ. Ол – Иманжүсіп Құтпанұлының күрескерлік рухы туралы хақындағы толғаулы сөз.
Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай өз заманында Сыр бойында датқа болған адам екенін жақсы білеміз. Түстіктегі қоқандықтардың қоқаң-лоқысына төтеп беріп, соған қарсы күрескен аз қазақтың бірі, осы Тұрғанбай датқа болғаны тарихта жазылды. Ол 1820 және 1854 жылдардағы көтерілістің басында болады. Соңғы рет Шілікте болған қанды оқиғада қоқандықтар Тұрғанбайды тірідей ұстап, азаптап өлтіріп, сүйегін Шыршық өзеніне тастаған екен. Тұрғанбай датқа өмірден озған соң, ел ішінде аласапыран басталып, әркім бас сауғалап босып кетеді. Тұрғанбайдың бәйбішесі қайнысы Басықара мен баласы Баймырзаны алып, құм ішін паналайды. Жеме-жемге келгенде Баймырзаны құм арасына қалдырып, Басықараны құтқарып қалады.
Тоғыз айында-ақ тағдырдың тәлкегіне түскен Баймырзаны Арқаға кетіп бара жатқан керуен басы Дайрабай батыр бауырына салып алады. Сөйтіп, Баймырза аты белгісіз ұмыт болып, Құтпан аталып кетеді. Дайрабайдың тәрбиесін көрген Құтпан да асыл тегіне тартып, жау жүрек, батыл, халықшыл азамат болып өседі. Арқа бойында бас көтерген Кенесары көтерілісіне қатысып, Кене ханның сарбаздарының қатарында ұзақ жылдар болады. Көтеріліс басылған соң Арқа бойына, Ертіс өңіріне келіп, тұрақтап қалады. Құтпанның Кенесары көтерілісіне өз ықтиярымен белсене қатысып, батыр атануы сол тектен жалғасқан өз мінез болса керек.
Құтпаннан Шоңай, Ақшабай, Иманжүсіп деген үш ұл және Бәдіш деген қыз туады. Иманжүсіп Құтпан батырдың кенжесі. Иманжүсіптің екі жасында Құтпан әулеті туған-туыстарымен Ақмола өңіріне келіп, Күйгенжар мен Қарасу аралығын жайлап, қыстайды. Құтпанның Ақмолаға келуі шамамен 1865 жыл. Бір сөзбен айтқанда, Иманжүсіптің балалық, жастық шағы осы Ақмола өңірінде өтеді. Осы жайдың өзі Иманжүсіптің сал-серілік өнерді бойына сіңіруіне, әншілік, саятшылық дәстүрден үйренуіне, еркін ойлы азамат ретінде көзқарасын қалыптастыруға көп әсерін тигізгені сөзсіз еді.
Ол бала жастан шешен тілге, өнегелі сөзге, ақындық қабілетке бейім болып, Арқаның атақты дүлдүлдерінің әндерін орындап жүреді. Жылқы малына ерекше үйір болған Иманжүсіп Теңбілкөк. Сарымойын деген сәйгүліктерін баптап, бәйгеге қосып, ат әбзелдерін өзі жасап, дырау қамшы өріп, оны қару ретінде пайдаланып, еркін өмірдің базарын кешеді. Қамшыгерлігімен ерте аты танылады. Тік мінезді, бір беткей, кесімді, ер тұлғалы Иманжүсіптен шенді-шекпенділер, болыстар ыға бастайды.
Ел ішіндегі әділетсіздік, зорлық-зомбылық, қара халықтың мұң-мұқтажы оны ерте есейтеді. Сөйтіп нар тұлғаның күрескерлік дәуірі басталады. Қайтсем еліме себімді тигіземін деген Иманжүсіп жанкештілік әрекетпен болыстыққа таласып түсіп, жеңеді. Алайда, Иманжүсіптен сескенген ұлықтар қапысын тауып, болыстықтан шеттеді де, өзін түрлі жалалармен қуғындай бастайды. Оның осыдан былайғы өмірі қуғын-сүргінде өтеді. 1905, 1912, 1914 жылдары жер аударылып, Өскемен, Лепсі, Қапал жақта болады. Қуғыннан құтылдым-ау деген Иманжүсіп ақыры Сыр бойындағы атамекеніне біржола қоныс аударады.
Қазан төңкерісі арқылы орнаған Кеңестік үкімет те Иманжүсіптің маңдайынан сипай қоймайды. Ұлтшыл, басбұзар ретінде танып, қуғындай бастайды. Ақыры атамекенінен ауып, Сарысуға келіп, бас сауғалайды. Қайда барса да Қорқыттың көрі болған заманда Иманжүсіптей текті, арлы, арда азаматқа орын жоқ еді. Оның даңқынан, ерекше болмысынан, ел ішіндегі қадірінен большевиктер де өлердей қорықты. Ақыры, Мойынқұм-Сарысу көтерілісіне басшылық қылды деген жалған жаламен тұтқындап, ОГПУ-дің шешімімен 1931 жылдың 2 наурызында ату жазасына кеседі. Оның күрескерлік рух пен сағынышқа толы, мағынасы терең, поэтикалық көркемдігі келісті, диапазоны жоғары, иірім қалтарысы мол «Сарымойын», «Бұғалы мен Тағалы», «Ішім өлген дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Сарыарқа», «Сарыбел» секілді ғажайып әндері ел есінде қалды, қазақ ән өнерінің өшпес жауһарларына айналды.
Ал, Иманжүсіптің ұлы Нұрхан кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың майдангері. Нұрхан Иманжүсіпұлы саналы ғұмыры Кеңес үкіметіне қызмет етумен өтсе де, балғын шағын балалар үйінде өткізген, тегін жасыруға мәжбүр болған, «халық жауының баласы» деген жаладан көз ашпай кеткен арда туған азамат еді. Ол да осы ғұмырында ұл-қызына тектіліктің үлгісін көрсетіп, әділдік, шындық, арлылық турасында үйретіп кетті. Міне, сол ұрпақтың бірі – бүгінгі той иесі, қазақтың рухты, қайсар, білімді қызы Раушан Нұрханқызы.
Раушан Нұрханқызының бойынан біліктілік, адалдық, тазалық, шыншылдық, қарапайымдылық, өжеттік секілді асыл бір қасиеттерді көрсем, мен оны әлбетте ата-баба қанымен жалғасып келген тектіліктен дер едім. Раушан апай да өз заманының қаһарманы! Басқасын айтпағанда анау жылдары Көкшетауда бастап кеткен «Шоқан жолдары!» жаңа ғасырмен бірге көш түзеп, болашаққа бара жатыр. Раушан Нұрханқызының атасы Иманжүсіптің жоқшысы болып, рухани шырақшысына айналып, мектеп, музей ашуға мұрындық болып, Құтпан әулетінің қорымын қоршатып, соның жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкештілікпен жүгіріп жүргендігі, ерлікке пара-пар іс дер едім!
Біз сөзімізді атақты Лев Гумилевтың «пассионарлық тұлға» турасындағы ұстанымымен аяқтағымыз келеді. «Пассионарность обладает важным свойством: она заразительно. Это значит, что люди гармоничные (а в большой степени – импульсивные), оказившись в непосредственной близист от пассионариев, начинают вести себя так, как если бы они были пассионарны».
Жаратылыс болмыстың өзінен етене туған, «найзағайдың өзіндей» деп Стефан Цвейгтің Гельдерлинді теңегеніндей қараңғы, қапас тірліктің, маубас, ұйқыдағы қоғамның төбесінде жай отындай ойнайтын, бәлкім Альбер Камюдің кейіпкерлері секілді ішкі жан дүниелеріндежарылыс жасап, әлеуметтік ортада дауыл соқтыратын, өзінің бар саналы ғұмырын мақсатты ізгі жолға ғана арнайтын пассионарлық тұлғалардың әр кезеңде туып тұратыны заңдылықта шығар. Махамбеттің «Мен кескекті ердің сойымын, кескілеспей басылман» дегені осыған саяды.
Біз көктей шолып шыққан Тұрғанбай әулетінен тараған ұрпақтың барлығы да пассионарлық тұлғалар. «Малым жанымның, жаным арымның садақасы» деген арлы, текті қазақтың бір ғана әулеттен тараған шоғыры, шоқ жұлдыздары, теңбілсіз қара көктері!
Ерболат БАЯТ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
қауымдастырылған профессоры, PhD доктор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.