Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатыгез қоғамның қасіреті - АРҚА АЖАРЫ

Қатыгез қоғамның қасіреті

 Күні кеше Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық театр фестивалінің салтанатты ашылуы болып өтті.  Театр фестивалінің шымылдығы қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған М.Әуезов атындағы қазақ Ұлттық драма театрының әртістерісахналаған Жабал Ерғалиевтің «Қас қағым» метофизикалық трагедиясымен ашылды.  Қойылымның режиссері Елік Нұрсұлтан.

Театр фестивалі аясында Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Көкшетау театрларының ұжымдары жазушының мерейтойына байланысты пьесаларын сахналайтын болады. Фестивальдің ашылу салтанатына Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов қатысып, өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың құттықтауын жеткізе келіп, өзінің де жүрекжарды ақ тілегін айтып, мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді. Ақмола облысы әкімі атынан өнерпаздарға ықылас гүлі табыс етілді.

Көкшеге Әкем театры бастаған өнер ұжымдары келеді деген сәттен-ақ өнерсүйер қауым өздерінің сүйікті актерлерімен жүздескенше асықты. Фестивальдің ашылу салтанаты аншлагпен өтті. Ал, қойылым қандай десеңізші! Сол қойылымда көтерілген мәселені жүрекке жеткізген актерлердің шеберлігін сөзбен жеткізу мүмкін еместей. Жылап отырып, ой түйдік, ой түйдік те тағылым алдық. Сол тағылым ғұмыр жолыңа өлмес құндылық сыйлайтын мәңгілік мирас, кей сәтте жүрегіңді  емдейтін дәру емес пе?!

Иә, қазіргі қоғамға да, адамға да жан жылулығы жетпейді. Материалдық құндылық жетерлік, ал, рухани жұтаң боп барамыз. Жанында мың сан адам болса да жалғыздықтан жапа шеккен мың сан тағдыр бар. Біз қойылым барысында танып-білген Жәзираның жай-күйі жанайқайы, жүрек сөзі осындай ойларға жетеледі бізді. Соны жүрекке жеткізе білген автордың шеберлігіне сөзсіз иланасың һәм тәнті боласың, терең ойдың құрсауынан, шешімі жоқ сан сұрақтың шырмауынан шыққандай, жауап тапқандай күйде боласың.  Еріксіз жылайсың, сезімге сенесің, жүрекпен сырласасың, бақыттың бағасын білесің һәм бүгініңе шүкір етесің. Міне, автор мен режиссер, актерлер бір-бірін сөзсіз түсінгенде, бірлесе бір арнада тоғысып өзара тандем жасаған ғажап үйлесімнің жемісі осындай болады! Мұның астарында еселі еңбек жатқаны сөзсіз. Еселі еңбек демекші, Жабал Ерғалиевтің осынау «Қас-қағым» метофизикалық трагедиясы Қырғызстандағы халықаралық театр фестивалінде «Үздік спектакль» аталымы бойынша Бас жүлдені жеңіп алғанын атап өткеніміз орынды.

Иә, өмірдің толғауы шексіз, толғамы терең  ғой. Айт-айтпа жалғыздық деген жақсы дүние емес. Қазақ жалғыздық деген Тәңірге ғана жарасқан дегенді бекерден-бекер айтпаса керек. Бойжеткен Жәзира да баянсыз сезімнің құрбаны болып, сол сезімнің шырмауынан шыға алмай жан сырын ашып айтар жан таба алмаған соң белгісіз дертке душар болғандығы да осы жалғыздықтың салдарынан болар. Оны тыңдайтын құлақ жоқ, байқайтын көзсоқыр. Мансапқор әке мен оның жауыздыққа құныққан қорқынышты ортасы Жәзираға  өз әсерін тигізбей қоймады. Туғанынан таба алмаған жан жылуын психиатрдан тауып, жан жарасын емдемек болған бойжеткеннің бұдан кейінгі тағдыры тіпті аянышты. «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші!..» деп ағынан ақтарылып сан сырын жеткізген  Жәзираның  жанайғайына құлақ түрмеу мүмкін бе? Ата-анасынан жылулық таппаған Жәзира психиатр маманнан сая тапқаны да бүгінгі күннің айна қатесіз өз шындығы. Біз өзгеге келгенде жанашырмыз. Бірақ, жанымызда жүрген жанның жан күйзелісіне, жан дүниесіне үңіле бермейтініміз де өтірік емес. Міне, бүгінгі қоғамның ең басты қателігі де осы. Жалғыздықтың кесірінен  қателік те, жауыздық та, қасірет те туындайды емес пе? Қойылымның өн бойында трагедияға толы сәттердің болуы осының анық айғағы.

Тәні емес, жаны дертке душар болған Жәзира қыздың тағдырына қатысты әрбір сәтті қалт жібермей тамашалаған көрермен оның ауруханадағы азабы ауру қоғамның кеселі екендігін сезбеді емес, сезді, иланды. Енді міне, шынайы махаббатты, адал сезімді жолықтырдым дегенде өзі қаламаған жанға ұзатылуы да мансапқор әкесінің құрбанына айналғандығының бір көрінісі еді. Бұл бұл ма, ең аяныштысы сүйген, сенген адамының құрбаны болғандығы еді. Иә, шынымен де сүйген адамың өлімге қиса да қарсылық таныта алмайсың ғой…

Аталмыш метафизикалық трагедия махаббатсыз, имансыз, сенімнен жұрдай қоғамның қорқынышты болмысын айшықтайды. Біз кейде мойындауға қорқатын, көріп тұрсақ та, жүрегіміз сезсе де байқамауға тырысатын,  селқостық танытатын өмірдің кейбір сәттері айна қатесіз берілген. Жалпы бүгінгі қоғамда бас пайдасын бәрінен жоғары қоятын мансапқорлар жоқ емес қой, қыз тағдырын ойыншық қылғандар жоқ емес деп айта аламыз ба?

Бір байқағанымыз қойылымның өн бойында бір қорқынышты тылсым сезім,  үрей бар. Алуан түрлі жарық эффектілері, қорқынышты бейнелер, саңқылдаған дауыстар, сақ-сақ күлкі, көмескі бөлме, жындыхана… бәрі-бәрі кәдімгідей үрей туғызады. Сонымен қатар,қойылымның өн бойында тосын шешімдер көп. Кейбір шығармада қазір немен аяқталатыны да белгілі-ақ болып тұрады. Көрермен болып отырып-ақ топшылай бересің. Ал, бұл жолы оқиғаның шарықтау шегі тіпті тосыннан болды. Біз уайым кешіп, жүрегімізбен жылап ойлап отырған Жәзираның тағдыр жолы жай ғана бір науқастың қиялынан туған бейне екендігін білгенде мойынсына алмай қаласың. Сенер-сенбесіңді білмей сан сұрақтың жауабын іздейсің. Осы ретте актерлердің кәсіби шеберліктеріне басыңды иіп, алғыс білдіргің келеді. Әрбір рөлдің иіні қанған. Талантты актерлердің жасағымен, атап айтсақ, Азамат Сатыбалды, Зарина Карменова, Айдос Бектемір, Асылбек Боранбай,  Алмас Маупасов, Дәрия Жүсіп, Шынар Жанысбекова есімді өнер тарландарының таланттары тәнті етті. Әсіресе, психиатр Сәбит рөліндегі Азамат Сатыбалды өз ісінің кәсіби шебері екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Зарина Карменова болса қыз сезімінің мөп-мөлдір, қыз жүрегінің нәп-нәзік, көңілінің ақ адал екендігін көз алдымызға әкеліп, тағы бір мәрте қыз баланың тағдырына қоғамның өзі жауапты екендігін ұғындыра білді.

–  Қойылымнан алған әсерден әлі арыла алмай тұрмын. Әсіресе, Жәзираның рөлін сомдаған актрисаға тәнті болдым. Осы қойылымнан кейін жақындарыма көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Қойылым өмірдің маңызы мен мәнін, қадірін түсінуге ой салды, – дейді Зеренді ауданынан арнайы осы қойылымға келген көрермен Дина Ақтайқызы.

Иә, драматург, режиссер, актер үшін де ең бастысы халық ықыласы. Халық жақсы қабылдаса, жүрекке жеткені. Ал, кешегі қойылымда халықтың ықыласы ұшан-теңіз болғаны анық. Жазушы Жабал Ерғалиевтің шығармаларына ден қойған сайын осы бір тылсым дүниенің сырына қаныға түскендей сезімге бөленетінің бар. Жазушы бақыты осы емес пе?

      Р.S: … Қойылымнан кейін үйге барар жолда сахнадағы кейіпкерлердің тағдыры ой тереңіне жетелей берді.  Жүрек неге иланды?  Көңілді толқытқан не? «Барлығы – қатыгез қоғамның қасіреті». Анығы осы.  Сыбырлап сөйлеген сөздерімді жел ұрлап жатқандай. Әр жерде бір жанған қала шамдары мұңая қарайды. Өз өміріңді сүреңсіз деп қабылдасаң, жарық шашқан шамның өзі нұрландыра алмайтынын ұғындырды жүрек. Себебі, әрбір жан өз өмірінің шырақшысы.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар