Әдеттегі сабырлылықтары мен төзімділіктерінен жазбай, не көрсе де, туған қотандарында көріп келе жатқан төрт үй үшін бұл таң қуаныш таңы болып атты. Жалғыз бұл үйлер емес, кешеден ертең ауылымызда ақ түйенің қарны жарылған сүйінішті бір оқиға болады деп осы жаққа ертерек ат басын тіреген өзге ағайындар үшін де.
Бәрі де алғаш іңгәлап өмірге келіп, кіндік қандары тамған, бал балалықтары, жастық шақ, қызықты дәурендері мен ат жалын тартып мінген еңбек жолдары осы ыстық топырақтаөткен бір ауылдың ұл-қыздары. Көңілге көркем, жүрекке қымбат осы шағын ғана мекеннен жан-жаққа тарыдай шашылғандарымен, туған ауыл деген шіркін, қашанда керегінде бәрін жинап ала қояды екен.
Бұл Тапшылды кішкентайымыздан білеміз. Туған апамыз Шәйкен осы елге, Жолай жездемізге ұзатылғанда енді-енді ес білген баламыз. Маңайы қандай көрікті еді. Қайыңмен аралас құба тал жал-жал болып, ауылдың шетін жанай тұратын да, біз келіп-кетіп жүргенде, содан уыс-уыс қарақат, бүлдірген теретінбіз. Қазір ол ағаш та, әрі дендесең жолыңды тежейтін сулы томарлар да жоқ. Тып-типыл. Оны айтасыз, дала жолымен келе жатсаң, бұрынғы шоқ-шоқ қалың ақ қайыңдар да әбден селдіреп, жұрнағы ғана қалғандай ойға тірейді. Неге десеңіз, бұл жақта да өткен жылдары бей-берекет ағаш кесу сұрапыл болды. Тап бір елге қастықтай. Ол әлі де жалғасып жатса, таңданудың қажеті жоқ.
Соның бәріне шарасыз табиғат қарсы тұра алмаса да, Тапшыл деген ауыл әлі берілмей, мойын ұсынбай келеді. Бәрі дегеніміз бір жағынан нарық қыспағы, бір жағынан осындай-осындай күйкі тірлік, берекетсіз әрекеттеріміз. Іргедегі Кеңес ауылы жоқ. Жалғыз ғана туған жердің шырақшысындай Нәдірбек атты азаматының шаруа қожалығы отыр. Одан әріректегі аты дүрілдеп тұрған Терновка (Шұбарайғыр) ауылында біреулер 500, біреулер 400 үй болған дейді. Осы күні оның да жұрты ғана жатыр. Ауылы аралас, қойы қоралас бұл елді мекендер картада осы күні жоқ. Ал, тәуелсіздігімізге 25 шақты үймен кірген Тапшылда әлі төрт үй түтін түтетіп отыр. Кешегі кеңес өкіметі тұсында да үй саны не азаймай, не көбеймей бір қалыпты отыратын. Соған қарағанда, мына кейінгі жағдайлардың дүмпуімен ендігі бұл ауыл картада болмауы керек еді. Жоқ, Тапшыл әлі бар. Ел бірте-бірте көшіп, қарасы азайғанымен, босаған үйлерге дейін сыры кетсе де, сыны кетпей қотанда әлі тұр. Ауылға кіріп келе жатып, жанымыздағы серіктеріміздің солай, ауылдағы үй саны әжептәуір ғой деп ойлағандары да содан.
Иә, тараса да, тараған елді мекендердің соңғысы болып тарағалы отырған бұл Тапшылда бір қадір-қасиет бар. Мүмкін ауыл тарамас та. Тым болмаса, шеттен қандас ағайындарды әкеліп орнықтырса, мал ұстап, тіршілік етуге тұратын-ақ бір жер осы Тапшыл дер едік. Кезінде Сәкен Сейфуллин ағамыз жер бөлісі мәселесімен осы араға жақын Аймақ деген жерде жаз бойы үш ай жатып, төңіректегі ауылдарды отырықшылыққа бейімдеп, бастарын қосып кеткенде атауын тап күресіне бұрып, Тапшыл деп ұйғарған елді мекеннің өзіне тән тарихы да осал емес. Сол жолы Сәкен аузымен іргедегі мал-жан ортақ болсын деп Ортақ аталған, Кеңес өкіметі деген сөзден Кеңес атауы берілген, Жақан Сыздықов атамыздың өлеңіндегідей, Қарағаш атауын иеленген ауылдармен тағдырлас әрі бауырлас. Төрт ауылды Даңқой елінің бір елі.
Мақаламыздың басына оралсақ, осы Тапшылда бүгін үлкен қуаныш. Ата-баба жолын қастер тұтқан ұрпақтары «бізде де Алланың бір үйі болуы керек» деген ізгі ниетпен намазхана ашпақшы. Бәрі орынды, бәрі дұрыс. Мұндай діни орын тек халық көп шоғырланған жерлерде ғана болуы шарт емес. Төрт үйлі Тапшылға да ол керек. Іргедегі Кеңес ауылы тарап, жалғыз үй қалғанымен, қотанда тұрған мешіті Құрбан айт, өлім-жітімде халықтың жан-жақтан жиналып, құрбан шалуларына, ас берулеріне сауапты бір қасиетті орын болып отыр.
Осы бір ой ауыл азаматы Орал Алдабергеновты көптен толғандырады екен. Орал осы Тапшылдың бүгінгі өз туған топырағына қарасын болып жүрер үлкені, жаны жомарт, қолы ашық іскер перзенті. Тапшылдай шағын ауылдан үлкен биіктерге көтеріліп, ірі шаруашылықты басқарды, гектарына 30 центнерден өнім берген астықты алқаптарда Мемлекет басшысын қарсы алып жүрді. Кейін шаруа қожалығын құрса, қазір де туризм бизнесімен айналысады.
Өткен қазан айынан бері сол Тапшылда жақсы бір әңгіме шығып жатты. Абзал азамат өзінің әкесі Рақымжан, одан шаңырақ иесі болып туған бауыры Бақыт тұрған үлкен кең үйлерін мешітке беріпті. Бұл бір шағын ауылдағы құт дарып, бақ қонған, талай іргелі азаматтар түлеп ұшқан құтты орда еді. Мешітке айналуына әбден лайық. Әкелері Рақымжан атай да ел басқарып, талай қыс-жазын осы ауылдың ыстық-суығына арнаған қадірлі жандардың бірі болатын. Марқұм Бақыт інісі болса, алғаш осы Тапшылда фермерлікті қолға алуымен бірге, жігіттің де жайсаңы еді.
Сол жақсылар шаңырағы енді ауылға өң берер, иман мен ізгілікке шақырар Алла үйіне айналды. Шағын Тапшыл әлі тұрғанымен, жоғарыда айтқанымыздай, тарап та жатқаны ақиқат. Сондықтан, жағдайға байланысты біраз уақыт бос тұрып қалған үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу әрі мешітке лайықтап ішкі жобасын өзгертуге тура келді. Сөйтіп, төбесі қайта жабылып, шатыры көтерілді, едені қайта төселіп, іші өзгертілді. Басына алтын түстес күмбез орнатылып, көп ауылда көріп жүрген осы күнгі еңселі мешіттің өзі болып шыға келді. Бұған сырты да көпкөрім қалыпқа келтіріліп, талғамға сай қоршалғанын қоссақ, осы бір үйді елдің ортақ игілігі – Алланың ақжарылқап үйіне айналдыруға аз еңбек сіңірілмегені көрініп-ақ тұр.
–Бұл алдымен, Орал ағамыздың елге деген үлкен пейілі. Осы атқарылған жұмыстардың бәріне кемі бір жаңа көліктің құны кетті. Бұл арада әңгіме ағамыз осы сауапты іске жұмсаған 7-8 миллион теңгенің төңірегінде болып тұр. Біз сол ақшаны орнымен іске асырып, әрбір ескертуін, қосқан ұсынысын екі етпеуге тырыстық, – дейді үйді мешітке лайықтау жұмыстарына басшылық жасаған Бұршақбай Төлеков бауырымыз.
Бұршақбай да осы Тапшыл ауылының тумасы, Даңқой елінің белді азаматтарының бірі. Үнемі елдік істерде, көпшілік шараларда білек сыбана кірісіп, алдан көрініп жүрген жігіт. Аузы дуалы, сөзі өтімді. Ауыл жастарын сол қасиетімен үйіріп алып, бір кісідей сауапты іске жұмылдырып жіберген. Сондықтан, талайдың ойына да келмеген Тапшыл ауылында мешіт ашылуына ерекше еңбек сіңірген адамның бірі Орал Алдабергеновпен бірге осы Бұршақбай Төлеков. Біз айтқандай, осы бір елді аман сақтап қалудың шұғыл шаралары болмаса, орны ғана қалудың аз-ақ алдында тұрған Тапшыл мұндай қадамға барады деп кім ойлаған?! Бірақ, «ауыл ажары – азаматынан» дегені бар. Біздің көріп, көз жеткізгеніміз міне, сол.
Ойдан-қырдан ағылған қалың елдің алдында алдымен сөз тізгінін алған осы құдайы істің себепшісі Орал Рақымжанұлы толқулы көңілмен қарапайым сөйлеп, Тапшылын бағалай келген ауылдастарына, шақырылған және шыдай алмай өздері жеткен қонақтарға ақ алғысын жаудырды.
–Біздің ауылдың жағдайын білесіздер. Мешіт десек, молда ұстауымыз керек. Үлкен елді мекендердің өзінде мұның қисыны келе бермейді. Мешіттеріміздің ашық тұрғаннан да жабық тұратын кездерін жиі көріп қаламыз. Сондықтан да, асылыққа бармай, бұл үйді намазхана деп атауды жөн көрдік. Кез-келген қажетінде осы елдің керегіне, қасиетті дінімізге есігін айқара ашып, қызметін көрсете береді, – деуі сол екен, көпшілік те бұл жөн сөзді құптап, іліп әкетті.
Осындайда жарты құрт, жарты кәмпиті жерде қалмайтын қазақтың құт шашуын-ай. Оны да аналар, әйелдер жағы аямай шашып жатыр. Тапшыл ауылындағы бұл толағай шаттық намазхананың тұсаукесер сәтіне ұласып, көгілдір лентаны осы өңірдің аяулы ел ағасы Сансызбай Алпысбаев пен аудан имамы қиды. Одан әрі сөз алған осы топырақтың тумасы, белгілі еңбек ардагері Алтай Нұрғасымов, ауыл қарайтын Абай ауылдық округінің әкімі Бейбіт Сырымбетұлы, Серік Сатымғалиев, тағы басқалары сөзді әріден де, беріден де ұтымды үйлестіріп, қасиетті ауылдың талайлы тағдырын, өткені мен бүгінін, әсіресе, бүгінгі еттірлігінің көз, көңіл қуанышын тебірене жеткізіп жатты.
Иә, қазір халі не болар дегенімізбен, кезінде талай азаматтарымен аты шыққан Тапшыл еді бұл. Біз ара-тұра алдын көрген ақсақалдары қандай еді?! Топ жарған ерен тұлғалары да бір төбе еді. Көкшетау облысындағы қой түлігін ең көп ұстаған «Амандық» кеңшарының директоры, Ленин орденінің иегері Айтқожа Қалымов осы ауылдан болатын. Сабыржан Қожахметов, Ермек Қаженов сияқты өз істерін жетік білетін орденді механизаторлардың есімдері тағы жатталып қалыпты жүрегімізде. Аудандық соттың төрағасы болған Тілеужан ағамыз ше?! Асылхан Қожахметов, Сайлаубай Әбдікәрімовтей жоғары білімді бесаспап мамандарды да енді жоқ деп қалай ұмытармыз?! Кешегі қажылыққа барып, айналасына имандылық нұрын сепкен Жұматай аға, ел қамқоры Мәктай ағалар ше?! Бәлкім, аузымызға түспей жатқан басқа да жақсы-жайсаңдар үшін ғафулық. Сосын ағалар жолын жалғастырған осы Орал, Шәктай Шәріпов, Божан Есмағұлов, Бұршақбайлар. Олар да кезінде шаруашылық, серіктестік, мекеме тізгінін ұстаған осы елдің бір-бір белді азаматтары.
Сөйткен Тапшыл неғұрлым жер бетінен өшпей, осы қалпымен тұра берсін дейді жұрт. Қазір ауылдың жеріне екі шаруашылық ие. Демек, Тапшылдың осы күйінде де келешегі бар деп сенгім келеді. Мұның бәрі намазхананың ашылу салтанатына қатысқан қалың елдің ойы, көптің тілегі.
Осыдан кейін жиналғандар ауыл зиратына барып, ондағы мәңгі дамылдап жатқан ағайынға тәу етіп, құран бағыштады. Осылай аруақтар да бір аунап, жаңа намазханада намазы оқылды. Киіз үйлерге дейін мол дастархан жайылып, үлкен ас берілді. Сол күні әйтеуір, біздің бір байқағанымыз, Тапшыл ауылына небір темір тұлпарларда бірінен соң бірі ерсілі-қарсылы ағылып жатты. Мұндайда «өшкенді жандырып, өлгенді тірілткен Тапшылым, жарайсың!» деген ризашылықтан басқа көкейді не тербейді?! Біз де қуаныштан осы сөздің төрелігіне жүгіндік.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.