Жан жылулары  көңілімізден шықты

Қалада тұрамыз. Зейнеткерміз. Қартайдық. Жас ұлғайған сайын ерте кезде тиген суықтар кәрілік жеткен шақта үлкенді-кішілі әртүрлі аурулар болып көріне бастайды. Мысалы, бас ауруы, көздің көруінің нашарлануы, белдің, тізенің сырқырауы, қан қысымының көтерілуі не төмендеуі, тағы басқа үйреншікті сырқаттар.

Осындайларды емдеу, алдын алып, болдырмау мақсатында Көкшетау қалалық №1 емханасында есепте тұрамыз. Осындағы бізді бекіткен отбасылық учаскеде тексеріліп, көрініп жатамыз. Белгіленген тәртіппен 2-3 ай арасында шақырып алып айнаға түсіреді, жүрек, асқазан, бауыр, бүйректің жұмысын сараптамалап, қанның талдауын алады, оның құрамын, ондағы холестеринді, қанттың мөлшерін анықтап, тиісті дәрілерді жазып беріп, емдейді. Жыл сайын күзде тұмауға қарсы ақысыз екпе аламыз. Пандемия кезінде вакцинаның екі дозасын да алдық.

Айтайын дегенім, қазан айының ортасында күндізгі стационарға жатып емделдік. №1 емханаға қарайтын «Виамедис» бөлімшесінде жұбайым екеуіміз 7 күн ем-дом алдық. Бұл орталықтағы ақ халатты абзал жандар: дәрігер Татьяна Штрауб, Бақытгүл Жуварова, мейірбикелер Жанар Қожахметова, Салтанат Нұрмағанбетова өз мамандықтарының хас шебері екеніне көзіміз жетті. Жымия күліп, жылы шыраймен қарсы алудың өзінен кәрі адамдарға ем қонғандай. Асықпай, тиянақтап сұрап отырып, барлық жағдайды анықтап ем-дом белгілейді де мейірбикелерге жібереді. Жанар Ахметжанқызы мен Салтанат Амангелдіқызы денеге салған иненің әсерін сезбейсің. Жеті күн бойы жанбасқа салған уколдың, білектегі қан тамырына салған иненің орындары көгерген де жоқ, ауырған да жоқ.

Күлімдеп жүріп, өз істерін тиянақты тындырып жатқан осы екі мейірбикенің шеберліктеріне риза болдық. Аталық, әжелік үлкен алғысымызды айтып, еңбектеріне табыс, сәттілік тілеп, ақ батамызды бердік. Осы алғысқа толы ой-пікірімізді «Арқа ажары» газеті арқылы білдіруді жөн көрдік.

Орал РАХИМОВ,
зейнеткер, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар