Он үш жыл Қазақ ССР Оқу министрі болған қоғам қайраткері Қажахмет Балахметовты көкшеліктер әрдайым мақтан етеді.
Қатардағы тарих пәнінің мұғалімінен Қазақ ССР Оқу министрі дәрежесіне дейін өскен танымал қоғам қайраткері Қажахмет Балахметов былтыр 95 жасқа толған шағында өмірден озып, қабырғамызды қайыстырып кетті. 6 қараша күні Астана қаласында елге сыйлы ақсақалдың рухына бағышталып, жылдық дұғасы берілмекші. Осыған орай, бұл естелік мақала Көкшенің асыл перзенті, барша мұғалімдер қауымының ақылшы ұстазы болған ұлағатты азаматтың ғибратты ғұмырына арналып отыр.
Кеңес өкіметі орнап, билік больщевиктердің қолына көшкенімен, қазақтардың да басынан қайғының қара бұлты сейілмеді. Қуғын-сүргін мен ашаршылық қала мен ауылды тегіс шарпыды. Балахмет Хайыровтың алашордалықтармен байланыс жасап, байдың қызына үйленгені туралы облыстық газетке жарияланған мақала сүттей ұйып отырған отбасына мірдің оғындай қадалды. Колхоз құрып, жерлестерін ашаршылықтан құтқарып қалған кінәсіз азаматқа қара күйе жағып, сорақылыққа жол берушілер өз ауылының адамдары болып шықты. Көрсетіндінің кесірі балғын бала Қажахметке тимесін деген оймен фамилиясын өзгертуге де мәжбүр болды.
Алайда, Хайыровтар отбасының қуанышы ұзаққа бармады. Бейбіт өмір шырқын соғыс бұзды. Бала Қажахмет те тылда қалған қарттар және әйелдерге қолғабыс жасап, колхозда еңбек етті. Тұрмыс тауқыметі қаншалықты ауыр болғанымен, анасы ұлын Володаровка селосындағы орта мектептің 8 класына оқуға береді. Жастайынан сабаққа жүйрік, өршіл өрен мектептегі комсомол ұйымының хатшылығына сайланады. Қоғамдық бұл жұмыс оның ұйымдастырушылық қабілетімен бірге жігерін шыңдады, жинақтылыққа үйретті.
Орта мектепті үздік бағамен бітіріп, алдына айқын мақсат қойған Қажахмет Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне қатарынан екі жыл емтихан тапсырып, екеуінде де жолы болып студент атанады. Алайда, жоқшылық пен кедейшілік жас жігіттің бағын байлап тастайды. Тіпті, пәтер жалдап тұруға мүмкіндігі болмаған соң оқуын тастап елге оралады. Колхозда жұмыс істеп, азды-көпті ақша жинап, университетке үшінші рет түскенде жатақханадан орын алады. Кәртішкемен екі мәрте тегін тамақтанады. Күтпеген жағдайда денсаулығы сыр беріп, ревматикалық полиартрит диагнозымен ауруханада емделеді. Осыған байланысты барлық пәндер бойынша емтиханды бестік бағаменалдын ала тапсырып, екінші курсқа көшіріледі. Дегенмен де, сырқаты толық айыға қоймағандықтан, тағы да оқуын доғаруға мәжбүр болады.
Елге келіп Казгородок орта мектебінің 5-7 орыс кластарында тарих және география пәндерінен сабақ бере бастайды. Шәкірттері – Белгород, Курск және еліміздің батыс облыстарындағы балалар үйлерінен келген тәрбиеленушілер болғандықтан, бос уақытта олармен жеке жұмыс жүргізеді. Қосымша жұмыс жас маманның ұстаздық қабілетін шыңдауға көп әсер етті. Қызметтен қол үзбей жүріп, Петропавлдағы мұғалімдер және Семей педагогикалық институтын бітіреді. Білікті маман әуелі Сырымбет орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берсе, 1953-1957 жылдары Макинка, Степняк орта мектептерінде директор болып істейді.
Кәсіби білікті маман ретінде ол облыстық оқу білімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болып тағайындалғанда мектептерді сегізжылдық оқу жүйесіне көшіру, мектеп-интернаттар ашу, оқушылардың өндірістік бригадаларын құрумен айналысады. Білім ошақтарының, мектепке дейінгі мекемелердің оқу-материалдық базасы жақсартылып, өндірістік бригадалардың слеттерін өткізеді. Арықбалық ауданындағы Имантау орта мектебінің тәжірибесі республикаға таратылады. Сондай-ақ, ауыл-село мектептерін кадрмен қамтамасыз ету ісін мықтап қолға алады.
Білім беру саласындағы жаңалықтың жаршысы ретінде Қажахмет Балахметовпартиялық қызметке тартылады. Біраз уақыт облыстық партия комитетінің мектеп және жоғары оқу орындары, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып істейді. Бұл жұмыстағы кәсіби біліктілігі ескеріліп, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтың ұсынысымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне жоғарылатылады.
КСРО Оқу министрі М.Прокофьевтің қатысуымен 1974 жылғы жазда Алматыда өткен мектеп оқушыларының бүкілодақтық спартакиадасы Қажахмет Балахметовтың өміріне елеулі өзгеріс енгізді. Мәскеуден келген мәртебелі мейманның келісімімен ол Қазақ ССР Оқу министрі болып тағайыналады. Министр болған он үш жылдың ішінде республикамызда мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсететін жаңа құрылымдар пайда болды, облыстық және аудандық оқу бөлімдерінің аппараты, мұғалімдер білімін жетілдіру институттары күшейтілді. Педагогикалық институттар мен Қарағанды мемлекеттік университетінде жаңа факультеттер ашылды. Республика бойынша «Жастар» балалар спорт ұйымы құрылды. «Мектеп» баспасы жыл сайын 100 әртүрлі әдістемелік құралдар мен оқулықтар басып шығарды.Орта мектептер кабинеттік оқу жүйесіне көшіріліп, ғылым мен озық педагогикалық тәжірибені пайдаланудың кешенді бағдарламасы жасалып, V-VІ мұғалімдер съездері өткізілді.
Қызмет барысында әрдайым адалдық, ашықтық, іскерлік таныта білген Қажахмет Балахметов ешуақытта арына дақ түсірмеген азамат. 1957 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, ол сүйікті ісін онан әрі жалғастырып, он жыл бойы «Балалар қорын» басқарды. Екі жылдан Кеңес Одағындағы балалар қоры халықаралық қауымдастығының вице-президенті болды. 1998 жылы отбасы жағдайымен Көкшетауға көшіп келгенде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры қайраткер ағамызды өзіне кеңесшілік қызметке қабылдады. Қажағаң студенттер арасында «Педагогиканы дамыту тарихы және Қазақстандағы педагогикалық ұғым» курсында лекция оқыды. Көпжылғы қажырлы еңбегі ескеріліп, оған «Ақмола облысының және Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен бірге, елінің мақтанышына айналған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен, «Оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталып, үш мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғанын, он жылдай қазақ-корей достығы қоғамының төрағасы болғанын қалайша мақтан етпеске.
Көкшетау аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезімде Қажахмет аға басқарған оқу минстрлігінің нұсқауларын бұлжытпай орындауға тырыстым. Өйткені, мектеп реформасына қатысты бұл ұтымды ұсыныстар ұстаздар қауымының көңілінен шығып, оларды ерен еңбекке жұмылдырып отырды. Ал, адамгершілігі мол, парасатты, ақылгөй дана қариямен жеке кездескенде тарих тұңғиығына терең бойлағандай әсерге бөлендім. Көкшенің мерейін өсірген асыл ағамыз Қажахмет Балахметовтың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалай отырып, Көкшетау-Ақмола өңірінің мектептеріне, Көкшетау қаласының бір көшесіне атын беру жөнінде ұсыныс айтар едім. Бұл – халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен атақты жерлесімізге көрсеткен шынайы перзенттік құрметіміз болар еді.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» және
«Парасат» ордендерінің иегері.