Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Келелі іс те, кемшілік те бар - АРҚА АЖАРЫ

Келелі іс те, кемшілік те бар

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев халыққа есеп беру кездесулері аясында Астрахан және Егіндікөл аудандарының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында аталмыш аудандарда атқарылып жатқан шаруалар жайы егжей-тегжейлі айтылып, елдің көкейінде жүрген келелі мәселелер қозғалды.

Астрахан ауданында жаңа элеватор салынуда. Сыйымдылығы 50 мың тонна болатын, астықты өңір үшін аса қажетті элеватор құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Жоба құны 2,5 миллиард теңге. Жаңа кәсіпорын еліміздің өзге  өңірлерінен де астық қабылдайды. Одан әрі тазалап, кептіріп, сақтауға да қарымы қаптал жетеді. Мұнда австриялық «Cimbria» компаниясының зертханалық жабдығы орнатылған.

–Тәуелсіздік күні қарсаңында кәсіпорын іске қосылмақ. 20 тұрақты және 21 уақытша жұмыс орны ашылады. Жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңгеден айналады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Руслан Мұқанов, – бізге мұндай кәсіпорын өте қажет. Биылғы ауа райы қолайсыз жылдың өзінде аудан диқандары гектар берекесін орташа есеппен 10,5 центнерден айналдырды. Осыншама астықты тазалап, сақтау бұдан былайғы уақытта қиындық тудырмайды.

Жаңа кәсіпорында жаңа заманның технологиялық жетістігі көп екен. Мәселен, бар шаруа электронды басқару жүйесі арқылы тындырылады. Ұнды Орта Азияға экспортқа шығарады. Ұн қапшықтары шамамен 2-ден 10 келіге дейін болмақ.

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев жалақы мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бұл аймақта жаңа кәсіпорындардың жоқтығына қынжылды. Салық жүктемесі Сандықтау, Аршалы, Егіндікөл аудандарына қарағанда едәуір аз. Жергілікті жерде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қыруар көмек көрсетіліп жатыр. Айталық,  өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға 70 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 40 миллиарды қайтарылмайтын субсидиялар екендігін ескерсек, ауыз толтырып айтуға әбден болатын қамқорлық емес пе? Осыншама қаржы құйылып отырғаннан кейін ауыл шаруашылығы құрылымдары бар шаруасын оңтайландырып, алға басуы керек-ақ. Бизнесті жүргізуге барлық қолайлы жағдай туғызылуда. Жер телімдерін бөлуден бастап материалдық-техникалық базасын нығайту, алғашқы өнімдерін шығарып сатып үлгергенше демеу. Облыс басшысы мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де мейлінше мән беру керектігін еске салып өтті.

–Бүгінгі таңда ауданда 400 басқа арналған 4 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы бір тауарлы-сүт саласының нысаны іске қосылады. Кәдеге аспай жатқан жерді әділ пайдалану да ескерілуде. Мемлекетке 7,2 мың гектар жер қайтарылды. 34 елді мекеннің 33-інде малсақ қауымның қолын байлап отырған жайылым тапшылығы бар. Бұл мәселе де шешімін табады. 94,8 мың гектар пайдаланылмаған жер анықталды. Бұл жұмысты бір жүйеге келтіру үшін комиссия құрылды, – деп түсіндірді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Серік Балжанов.

Облыс әкімі атап өткеніндей, ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркі жаңғыртылуда. Ауданда ең соңғы үлгідегі қазандық салынды. Бұл жерде заманауи шағын аудан пайда болуы керек.

Кездесуге жиналған жұртшылық тарапынан жергілікті ұлт тілін оқып, үйрететін тегін курстарды ашу туралы өтініш айтылды. Кездесу соңында Ермек Маржықпаев еңбек ардагерлерін құттықтады. Қаратөбек ауылының тұрғыны Мұхтар Олжабаев биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтуде. Абыройлы ақсақал ұзақ та ғибратты еңбек жолын бухгалтер болып бастаған екен. Ұйымдастыру қабілетінің мықтылығының арқасында трактор егіс бригадасының бригадирі болып та жұмыс істеген. Жұмыс істеп жүрген кезінде бірнеше дүркін еңбек додасының жеңімпазы атанған. Құрмет грамоталарымен марапатталған. Өмірлік тәжірибесі мол азамат қазіргі күні ауданның қоғамдық істеріне белсене араласуда. Жарсуат ауылының тұрғыны Олжабай Шайтанов 75 жылдығын атап өтуде. Целиноград қаласындағы инженерлік-құрылыс институтын  бітіргеннен кейін прораб болып жұмыс істеген. Ұзақ та өнегелі өмір жолында бірқатар қызметтер атқарса керек. Адал еңбегіне орай марапаттан да кенде болмаған. Қазіргі күні Жарсуат ауылы ардагерлерінің  бастауыш ұйымының төрағасы.

Ұзынкөл ауылының мәдени-демалыс орталығы 2021 жылы аудандық мәдениет үйінің балансына қабылданған. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы жұмсақ шатыр, гидрооқшаулағыш орнатылып, маңайы абаттандырылған. Орталықта кітап қоры мол кітапхана бар. Әдебиеттің көпшілігі жергілікті ұлт тілінде. Бұл жерде бірқатар үйірмелер жұмыс істейді. Осы ауылда Жеңіс саябағы салынуда.

–Биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа шамдар орнатылып, тас төселіп, маңайы абаттандырылды. Орындықтар қойылып, қоқыс салатын жәшіктер орналастырылды, – дейді Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Самал Сүлейменова.

«Ушакова Агро» серіктесігінің негізгі қызметі дәнді дақылдарды өндіру. 2022 жылы тәп-тәуір өнім алды. Гектар берекесі 11 центнерден айналды. Шаруашылықта 82 адам жұмыс істейді. Жалғыз егін шаруашылығы ғана емес, асыл тұқымды қой бағылады. Қазақтың ақбас сиырлары да өз төлі есебінен көбейіп келеді. Бірнеше үйір жылқы бар. Міне, осының барлығы жергілікті халық үшін жұмыс көзі болып отыр.

–Біз кәсіпорынның жұмысшылары мен зейнеткерлері үшін 50 теңгеден нан сатамыз, – дейді жергілікті наубайхана қызметкерлері.

Итальяндық пештерде піскен, дәмі тіл үйіретін нан өнімдері тұтынушылардың сүйікті тағамдарына айналған.

Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі инвестициялық жобалардың нашарлығын айтып өтті. Әсіресе, жолдың жайсыздығына орай шағым түсуде. Ал, су құбыры республикалық баланста. Өңір басшысы білім беру саласын жетілдіруге күш салу керектігіне тоқталды. Денсаулық сақтау саласында алаңдатарлық мәселелер жоқтың қасы. Медицина қызметкерлерінің жалақысы уақытылы төленуде. Қажетті құрал-жабдықтар мен жедел жәрдем автокөлігі сатып алынған.

Азаматтарды қабылдау кезінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның қызметкері өзінің жұмыс мәселелері туралы айта келіп, көмек сұрады.

–Зертханалық сынамаларды тасымалдау үшін арнайы көлік қажет. Көлік болмағандықтан такси қызметін пайдалануға мәжбүрмін, – деді ол, – денсаулық сақтау және әлеуметтік-мәдени нысандардағы су сапасы нормаға сәйкес келмейді. Өңірдегі барлық су айдындарының ластануы байқалады. Осындай келеңсіздіктің кесірінен балалар тері ауруларына жиі шалдығады.  Жергілікті жерде монша салып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын қондырғыларды тексеру қажет.

Екі ауданның ахуалы осындай. Алдағы уақытта қай тараптағы жұмысты ширату керектігі ашық айтылды.

 Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Вероника БУРДА. 

 Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар