– Ақмола облысында қатты аязда жолда қалған 80-нен астам адам жылыту пунктіне эвакуацияланды, оның 8-і – бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі жергілікті ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ТЖД мен ПД және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бірлесіп, «Екатеринбор-Алматы» автожолында жолда қалған жолаушылар автобусынан 62 адамды эвакуациялады, оның ішінде 8 бала бар. Көкшетау қаласының әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылған жолаушылардың 10-ы – Ресей Федерациясының, 10-ы – Өзбекстан және 42-і – Тәжікстан Республикасының азаматы. Сонымен бірге, Ерейментау қаласының агротехникалық колледжіне «Астана-Павлодар» тас жолының 187 шақырымында істен шыққан «Сарыағаш-Новосібір» бағытындағы автобус жолаушылары (11 адам, оның ішінде 5 бала) жеткізілді», — деді ТЖД баспасөз қызметінен.
Ведомстводан атап өткендей, бұдан бөлек Атбасар ауданының Бастау ауылында дизель отыны қатып, жүк көлігі жолда тұрып қалған. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен төрт қырғызстандық жылыту пунктіне орналастырылды. Сондай-ақ, Аршалы ауданы амуағында республикалық маңызы бар автожолдан төрт адам және бір автобус құтқарылды.
Осы ретте, Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындары мен қонақтарына жолдардың жабылуына байланысты ескерту хабарлама алған кезде жолға шықпау жөнінде кеңес береді.
Айта кетсек, Ақмола облысында республикалық маңыздағы жолдар қоғамдық және жүк көліктері үшін жабылғаны хабарланған.