Ауыл шаруашылығы, жер, экология, жолдар мен инфрақұрылым салалары Ақмола облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енді. Бұл туралы брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаментінің басшысы Арман Рахимов мәлімдеді.
Спикердің ақпараты бойынша, бұл салаларда процестердің ашықтығы болмауына, заңнамалық олқылықтардың болуына, мемлекеттік қызметшілердің өздері тиісінше жұмыс істемеуіне байланысты шешімін таппайтын бірқатар әлеуметтік маңызды проблемалық мәселелер бар. Оларды шешу үшін өңірлік Антикор мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен бірлесіп тиісті шаралар қабылдауда.
Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында аграрийлерді жеңілдікті бағамен дизель отынымен қамтамасыз ету кезінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Департамент облыс әкімдігімен бірлесіп операторларды анықтау процесін ретке келтірді, сол арқылы фермерлердің қатысуымен осы рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Мұның бәрін өңірдің аграрийлері оң бағалады. Бұдан басқа, енгізілген ұсынымдар бойынша Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктері жеңілдікті дизель отынын жеткізу процесін реттеу жөніндегі қағидалардың жобасын дайындады.
Осындай жұмыс субсидиялау саласында да жүргізілді. Тек оның бір түрі бойынша 100 млн теңгеге жуық қылмыстық жымқыру схемасы анықталды. Бүгінгі күні субсидиялар беруге тартылған, облыс әкімінің орынбасарларына дейін, барлық лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі бекітілді.
Жер қатынастары саласында «KOKSHE» ӘКК-де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша Департаменттің бастамасымен Бурабай ауданының бұрын пайдаланылмаған жайылымға арналған 11 жер учаскесі өз еркімен мемлекетке қайтарылды. Қабылданған шаралар округтегі жайылымдық жерлер тапшылығы мен әлеуметтік шиеленісті ішінара төмендетуге мүмкіндік берді.
Бұдан басқа, тұрғындардың шағымдары бойынша құны 3 млрд теңгеге жуық болатын «Ерейментау-Еркіншілік-Аршалы» облыстық маңызы бар автожолының орташа жөндеу сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілді, онда өрескел бұзушылықтар анықталды. Мысалы, іріктелген 29 сынаманың 25-і нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеді. Жүргізілген жұмыстың арқасында мердігер автожолдың барлық тиісті емес учаскелері бойынша кенептің жабын қабатын толығымен ауыстырды, ал кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді, проблемалық мәселелер ерекше бақылауда, дегенмен бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдарды, жұртшылықты мен біздің азаматтарды белсенді тарту өте маңызды. Күшейтілген өзара іс -қимылдың арқасында ғана біз мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын неғұрлым тиімді және жүйелі түрде іске асыра аламыз», — деп атап өтті брифинг барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшысы.