Көкшетаулық фельдшер: Әрқайсымыз күніне орташа 12 шақыртуға барамыз

– Көкшетау қаласындағы «Viamedis» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты жедел медициналық көмек орталығының фельдшері Филипп Ким науқастарға медициналық көмек көрсетуден еш аянып қалған емес. Тіпті жұмыстан тыс уақытта да ол мұқтаж адамдарға көмектесуге тырысады. Ауру азабын тартып, көмек сұрай келген науқасқа қарайласу, қолдан келген медициналық көмек көрсетуді ол өзінің кәсіби міндеті, әрі адами парызы деп санайды. Осы ретте, жан-жағындағыларға мейірімнің шуағын себезгілеп жүрген кәсіби маман Филипп Ким ҚазАқпарат тілшісіне нағыз фельдшердің қандай болуы керектігі туралы өз көзқарасымен бөлісті.

Филипп ешқашан дәрігер боламын деп ойламапты. Оның медицина саласына келуіне өзіндік себебі бар. Өндірістік жарақат алған анасын күтіп баққан ол медицина саласының адамзат баласына пайдасы қаншалықты екенін түсініп, дәрігер болу туралы шешім қабылдайды.

«Дәрігерлер анама ота жасап, аяғынан тік тұрғызды. Соны көргеннен кейін мен де медицина қызметкері болуды шештім», – деп еске алады кейіпкеріміз.

Шахтинск қаласының тумасы Филип бастапқы да бағдарламашы мамандығы бойынша білім алған. Кейін бұл оның мамандығы емес екенін түсінеді. Дегенмен, ол денсаулық сақтау саласындағы еңбек жолын қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде санитар болып бастайды. Саланың ыстық-суығын енді сезіне бастаған жас жігіттің арманы науқастарға алғашқы болып медициналық көмек көрсету. Оны бұл асқақ арманы адастырмайды. Ата – анасы қолдауымен ол Қарғанды қаласындағы медицина колледжіне оқуға түседі.


«Мен Қарағанды қаласындағы колледжге жедел медициналық көмек фельдшері мамандығы бойынша оқу түстім. Оны бітірген соң Шахтинск қаласында жедел жәрдем бригадасында фельдшер болып жұмыс істедім. Кейін атам отбасымен бірге кіндік қаны тамған жері Ақмола облысына оралды. Мен де отбасымен бірге осында көшіп келіп, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жатырмын», – деп жалғастырды Филипп.

Кейіпкеріміз жұмыс істейтін Жедел медициналық көмек орталығы өмірге қауіп төндірмейтін созылмалы аурулардың асқынуын және жеңіл жарақаттарды білдіретін төртінші қоңырау санатына қызмет етеді. Алайда, адамдар ауру белгілерін дәл айта алмайды, сондықтан кейде басы ауырған науқасқа барған фельдшер инсультпен ауырған адамды құтқаруы мүмкін. Сонымен бірге кейбір адамдар дене қызуы 37 градус болған кезде де жедел жәрдем шақыртып жатады. Оларға дәрігерлер, әрине, келеді. Бірақ та, осы кезде өзге бір науқас өлім ауызында жатуы мүмкін. Осының барлығы жедел жәрдем бригадасының қызметкерлерінің жұмысшы қаншалық ауыр әрі жауапты екенін көрсетеді.

Филипптің әріптестері де оның ауысым аяқталғаннан кейін де дәрігер болып қала беретінін және біреудің көмекке мұқтаж екенін көрсе, бірден қол ұшын созатынын айтады. Алайда Филипптің өзі мұндай жағдайлар туралы айтуға құлықсыз. Ол мұны кәсіби міндеті әрі адами парызы деп санайды.

Фельдшердің пікірінше, дәрігердің басты қасиеттерінің бірі-үнемі даму, оқыту және өзін-өзі жетілдіру. Егер дәрігер, мейлі фельдшер болсын басында теориялық тұрғыдан түк болмаса, онда ол адамға медицина саласында жұмыс істеудің керегі жоқ. Колледж де, университет те маманға базалық білім беріледі, ал негізгісін тәжірибеден алады.

Сонымен бірге ол дәрігер үшін өзінің эмоциясын ұстай білу маңызды екенін атап өтті.

«Сіз айналаңыздағы жағдайға немесе қорқынышқа қарамастан көмек көрсетуге міндеттісіз. Кейде науқастың туыстары жанжал шығарады, бірақ сіз оларға емес, ең бірінші ауырып жатқан адамның өміріне алаңдауыңыз керек. Бұл жағдайда сіздің алдыңызда кім тұрғаны маңызды емес, науқасқа біржақты қарамау керек. Сол себепті, науқасқа медициналық көмек көрсету – менің кәсіби міндетім әрі адами парызым деп есептеймін», – деп түйіндеді дәрігер.

Филипп жұмыс істейтін жедел медициналық көмек орталығында 10 фельдшер жұмыс істейді. Әрқайсысы күніне орташа 12 шақыртуға барады.

Дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде медицина қызметкерлері жұмыс істеу өте ауыр болды. Бірінші толқынында кімді қалай емдеу керектігін ешкім білмеді, ауруханаларға науқастар лық толды. Қазір бәрі қалыпқа түсіп, жұмыс сәл жеңілдеп отырған жайы бар.

Айта кетсек, Ақмола облысында жедел жәрдем шақыру 6,8 пайызға төмендеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар