Ауруханада жаңа мамандандырылған бөлімшелер ашылды

Жуырда Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында уақыт талабына сай гематология және ревматология бөлімшелері ашылып, жұмыстарын бастады.

Бұрын осы емдеу мекемесінде болғанымен, заман қыспағына орай қысқартуға іліккен, ал, қазір қайта құрылып жатқан бұл бөлімшелер облыс тұрғындарына көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Аурухананың онкологиялық орталығы базасында орналасқан гематология бөлімшесі облыстағы қан ауруларымен ауыратын науқастарға, соның ішінде лейкоздар, лимфомалар, анемиялар және қанның ұю жүйесінің бұзылыстары бойынша толық көлемде көмек көрсететін профильді бөлімше болады. Мұнда жоғары дозалы химиотерапия және заманауи емдеу әдістері, соның ішінде таргеттік терапия қолданылатын болады. Бұл пациенттерді басқа өңірлерге жібермей-ақ, заманауи клиникалық стандарттар деңгейінде өзімізде емдеуге мүмкіндік береді.

Терапиялық бөлімшенің №2 базасында ұйымдастырылған ревматология бөлімшесі тірек-қимыл аппараты ауруларын және ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, анкилоздаушы спондилит сияқты аутоиммундық жүйелі патологияларды диагностикалаумен және емдеумен айналысады. Бөлімшеде заманауи гендік-инженерлік және биологиялық терапия әдістері қолданылып, бұл емдеудің тиімділігін арттырып, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін болады.

– Президентіміз атап өткеніндей, елімізде медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға ерекше назар аударылуы тиіс. Аталмыш профильді бөлімшелердің ашылуы осы бағыттағы нақты қадам және бұл іс медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Бұған дейін қан аурулары мен аутоиммундық патологиялары бар пациенттер облыстан тысқары жерлерге барып емделуге мәжбүр болатын. Енді өзімізде осындай бөлімшелердің құрылуы бұл мәселені жергілікті жердің өзінде оң шешуге жағдай туғызып отыр, – деп атап өтті өз сөзінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.

Жаңа бөлімшелердің меңгерушілері медицинаның осы саласы бойынша облыстың штаттан тыс бас мамандарының міндеттерін де атқарып, профильді қызметтердің жұмысын үйлестіреді және медициналық көмектің сапасын бақылауды жүзеге асырады. Ал, бұл өз кезегінде пациенттерді емдеудің бірыңғай жүйесін қамтамасыз етіп, өңірдегі мамандандырылған медициналық көмекті одан әрі дамытып, нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Өйткені, қай салада да жұмыстың мамандандырылған бағытының өз тиімділігін көбірек беріп жататындығы бар. Сол сияқты, бар әлеуетті бір жерде шоғырландырып, мамандардың білігі мен күш-жігерін бір арнаға тоғыстырған мұндай арнайы бөлімшелерде іс өнікті болатындығын тәжірибе де көрсетіп келеді. Олай болса, көпбейінді облыстық ауруханада ашылған бұл жаңа емдеу орындарының жұмысына сәттілік тілеп, науқастардың бір ортадан дәрігерлерге көрініп, ем қабылдауы олардың денсаулықтарына да оң әсерін тигізеді деген сенім білдіреміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар