Мақсат — қызыл суға жол бермеу

Аудан тұрғындары мен мұндағы мамандар тасқынның келуін күтіп отырмай, алдын ала жүйелі түрде және барлық ресурстарды тиімді үйлестіре отырып, жұмыс істеуде. Есіл өзенінде мұзды жару жұмысының шешуші кезеңі аяқталды.

Бұл профилактикалық шара көктемгі су тасқынының негізгі себебін болдырмауға мүмкіндік береді. Жұмыстың жалпы аумағы шамамен 2,5 мың шаршы метрді алды. Наурыз айының соңында мамандар екінші кезеңге кірісті.

Сонымен қатар, Пригородное ауылында да топырақ үйінділері әзірленді. Бұл іске жергілікті қызметтермен қатар, Ақкөл қаласында орналасқан Төтенше жағдайлар министрлігінің 55209 әскери бөлімінің сарбаздары да жұмылдырылды. Әскерилер құм салынған қаптарды дайындаумен белсенді айналысты. Бүгінгі таңда бірнеше мың қап дайын. Елді мекен аумағынан 5 мың текше метрден астам қар шығарылып, экскаваторлар мен өзге де қажетті техникалар жұмылдырылды.

Осы жұмыстарға жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары да атсалысуда, бұл қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бизнестің жоғары деңгейде үлес қосып жатқанын көрсетеді.

Пригородное ауылының әкімі Жанат Мыңбаев атап өткеніндей, қазіргі барлық күш-жігер ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған.

– Қазіргі уақытта үйінділерді нығайту, қар шығару және құм қаптарын дайындау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Барлық шаралар тұрғындарды қорғауға және су басу қаупін азайтуға арналған.

Аудан деңгейінде де қомақты жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері елді мекендерден 32 мың текше метрден астам қар шығарылды. Шұғыл әрекет ету үшін әкімдік жанынан барлық қызметтердің іс-қимылын үйлестіретін арнайы штаб құрылды. Жағдай қиындаған жағдайда 50 адамға дейінгі жедел әрекет ету жасағын тарту қарастырылған. Техникалар, моторлы қайық толық дайындықта тұр.

Тиісті бөлім басшысы Тоқтар Шпановтың айтуынша, тасқын болуы мүмкін барлық учаскелер қадағаланып, қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Кешенді тәсіл, нақты үйлестіру және алдын ала қабылданған шаралар көктемгі су тасқынын сенімді қарсы алуға мүмкіндік береді. Басты міндет – салдармен күресу емес, оның алдын алу. Ал, ең бастысы әрине, көктемгі су тасқынының аудан аумағын айналып өтуі. Осыған қол жеткізілсе, бұл үлкен жетістік болар еді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Жарқайың ауданы.

Ерте келген көктемнің алаң тұсы

Көктемнің келуімен облыс өңірлерінде су тасқынының алдын алу жұмыстары дәстүрлі түрде күшейтілуде.

Биыл да су басу қаупін азайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше аударылып отыр.

Ауданда 19 наурыздан бастап су айдындарында мұзды жару жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар Жабай, Сарқырама және Жыланды өзендерінде жүргізілді. Олар Сандықтау, Балкашино, Каменка және Максимовка секілді бірнеше ауылдық округтерді, сондай-ақ, Владимировка мен Новоселовка елді мекендерін қамтыды.

– Жару жұмыстарынан бөлек, ауданда су басудың алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Олардың қатарында елді мекендердің аумағын тазарту, еріген қар суын бұруды ұйымдастыру, сондай-ақ, су өткізу құрылғылары мен арықтарды тазалау сияқты жұмыстар бар, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әсет Жанғожин.

Бүгінгі таңда осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Қыстан бері 71 мың текше метрден астам қар шығарылды, 1,4 шақырым арық тазартылды және 16 су өткізу құрылысы ретке келтірілді. Бұл міндеттерді орындау үшін арнайы техникалар жұмылдырылды.

Көктемгі су тасқынының алдын алу осы күндері өңірдегі төтенше қызметтер жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мұндай уақытылы және кешенді шаралар қауіп-қатерді азайтып қана қоймай, осы бір сындарлы шақта Ақмола облысы тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Сандықтау ауданы.

сурет qaz-media.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар