Ұлттық-мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтау көптеген мемлекеттік бағдарламалардың басты түйіні. Осындай игі істің басы-қасында жүрген жерлесіміз – Көкшетау қаласының тұрғыны Клара Зияшқызы Асқарова. Оның «Атадан қалған асыл сөз. Рухани жаңғыру» тақырыбында жарық көрген кітабында арғы атасы Әміре қажы туралы жазылған. Біз таяуда Клара Зияшқызымен жақынырақ танысып, ол кісіден кітап кейіпкері туралы сұрастырып, сөзге тарттық.
– Өзіңіз білесіз, егер кімде-кім қажылық немесе Ұмра жасау мақсатында жолға шығып, сол сапарда қайтыс болған болса, онда оған қиямет күні қажылық жасағаны үшін мол сауап жазылады деседі. Ал, екі қасиетті қаланың бірінде – Меккеде немесе Мединада қайтыс болған адамнан қиямет күні жауап алынбайды және оның орны жұмақ екендігіне біз жастайымыздан қанығып өстік. Бірақ, бұл сауап кез-келген пендеге бұйырмайтыны хақ. Арғы атам Әміре қажы Меккеде мәңгілік дамыл тапқан екен. Алланың бұл рақымына ол өзінің адалдығы үшін бөленген болар деп ойлаймын…
Күнделікті күйбең тірлікпен уақыттың қалай зымырап өте шыққанын пенде баласы байқамайды ғой. Әуре-сарсаң, айтыс-тартыс, өкпе-реніш, ырду-дырдуы мол толғауы тоқсан тіршілікті өмірдің өзі деп қабылдаймыз да, ең маңызды мәселелерге бойлай алмай қалатынымыз бар. Әрбір адам өзінің шыққан тегімен, өз ортасымен мақтанады ғой. Бірақ, арғы атасының кім екендігін зерделеп, сол ата-бабасының ғұмыр жолына бойлап, саралап жатқандар некен-саяқ. Арғы атам батыр болған, арғы атам ақын болған дейміз де қоямыз. Иә, ешкімді сөгуден аулақпын. Себебі, бүгінгі заманның талабы басқа. Сол түлкі боп бұлғаңдаған қу заманның соңына ілесеміз деп, шаршап-шалдығып қалғанымыз да өтірік емес. Заманның талабынан бөлек, өлмес мұра болған, ата-баба аманат еткен ұлттық құндылықтарға да селкеу түсіп жатқаны айқын. Жанға бататыны да сол. Міне, осындай ойлардың жетегінде жүріп, мен өзімнің шыққан тегімді тереңірек зерттейін деген түйінге келдім. Ондағы басты мақсатым, ертеңгі күні өз балаларым нағашы жұртының қандай адамдар болғандығын біле жүрсін, ал, өз жұртымнан тараған жұрағат, бауырларым ата-бабасымен мақтансын дедім, – деді ол бізбен болған әңгіме барысында.
–Иә, қыз әуелден жатжұрттық. Біз алдымен өз бала-шағамыздың бақыты үшін бар ғұмырымызды сарп етеміз. Жас кезімізде зерт жұмыстарымен айналысуға уақыт болмағаны да сол. Менің көпті білетін, арғы тегі аталарының тарихымен етене таныс, есімі бүкіл Қызылту, Көкше өңірлеріне мәлім туған ағам бар еді. Өкінішке орай, ағамнан көз жазып қалдым. Ағам Қазбек дүниеден өткенде қолыма ол кісі көзінің қарашығындай сақтаған ата тегіміз туралы тың деректер маған аманатталып берілді. Сол құжаттардың арасында әкем Зияш Асқаровтың өз қолымен жазып кеткен хаты бар екен. Ол хатта Жұмабай атамызбен арғы атамыз Әміре қажы туралы толық баяндалады. Хатта жазылған деректерді оқи отырып, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Шынында тегі жақсының ұрпағы болу қандай бақыт десеңізші! Әкем жазып кеткен жазбалар мен үшін ең құнды дүние. Әр парағында сыр болып төгілген деректерді оқыған сайын таңдана түстім, тереңірек зерделесем екен деген түйінге келдім, – дейді Клара Зияшқызы. Осы сәттен бастап, Клара апай жарғақ құлағы жастыққа тимей күні-түні өз тегінің өткен тарихын қаузалап, біресе архив құжаттарын, біресе көпті көрген көнекөз туған-туыстарымен сұхбаттасып, бір сөзбен айтқанда зерт жұмыстарына ден қоя бастайды.
– Әлеуметтік желі арқылы арғы атам Әміре қажы туралы көп дерекке қаныға түстім. Мәселен, «Казахи Омского Прииртышья» деп аталатын энциклопедияның 37-ші бетінде Әміре қажы туралы баяндала келіп, кітап құрастырушылары туған-туыстары бар болса, редакция алқасымен хабарласуды өтінген екен. Себебі, олар алдағы уақытта Әміре қажы туралы деректерді толықтырып, 2-ші энциклопедияға жариялауды жоспарласа керек, – дейді Клара әпкеміз.
Әміре қажы Қазақстанның солтүстік өңіріне белгілі тұлға, болыс болған әрі өз тұсындағы дәулетті адамдардың бірі көрінеді. Өз руының жерін басып өтетін Батыс Сібір темір жолы құрылысын салу ісіне үлкен үлес қосқан. Әміре қажы мұсылмандар үшін қасиетті орынға екі рет сапарлайды, алайда, тағдыр оған екінші сапарынан аман-есен оралуды жазбаған екен, Мекке қаласында дүниеден өтіп, сонда жерленеді. Ол туралы жарқын естеліктер күні бүгінге дейін сақталған. Тіпті, Омбы облысындағы Москален ауданында «Әміре сайы» («Балка Амре») атты жер бар.
– 19 ғасырда өмір сүрген ата-бабаларымыз қазіргі Омбы облысының Москален ауданының құрамына кіретін Ебейті көлінің жағасында өмір сүрді. Көлдің айналасында төрт үлкен және бірнеше ауылдар орналасқан. Олар Тумба, Қызылағаш, Қарағаш, Саға ауылдары.Әміре қажының жеті ұлы мен қызы болса керек. Солардың ішінде қазақтың алғашқы ағартушы, жазушыларының біріЗейнелғабиден – Әміре қажының бетке ұстар балаларының бірі екендігін баса айтуымыз керек. Ол өз шығармаларына арабша мәнерде, яғни, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи деп қол қоятын болған. Бұл дегеніңіз, жауар руынан, Омбы қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Дегенмен, шындығына келсек, көшпелі рудың жағрафиялық аумағы бұдан әлдеқайда кең еді: яғни, тек Омбы төңірегіне ғана емес, бұрынғы Көкшетау облысының аумағына дейін ұласатындықтан, ең оңтүстігіндегі қоныстарының бірі Сиыршы ауылы болатын. Бұл ауылдың орны қазіргі Дәуіт стансасы тұрған жер, Зейнелғабиден де осында мәңгілік мекен тапқан, – дейді Клара Зияшқызы.
Тағы бір тың дерек,1995 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Алаш мирас» («Халық мұрасы», екінші кітап) құжаттар жинағында Меккеге бару үшін шетел паспортын алған адамдардың мұрағаттан алынған тізімі келтіріледі. Олардың ішінде Қалампыр Әмірина (Әміре қажының зайыбы), үлкен ұлы Нұғыман Әмірин және туысы Шүйке Орманбаев бар. Құжаттағы тіркеу бойынша шетелдік төлқұжаттарды олар 1901 жылы 6 қазанда алған көрінеді. Жесір қалған, Әміре қажының әйелі және ұлы бірге Меккеге қажылыққа барып, дұға жасап, күйеуі және әкесінің қабіріне ескерткіш қойыпты.Осы дерекке сүйенетін болсақ, Қалампыр әже біздің өлкеміздің алғашқы әйелдерінің бірі болып, қажы атанған кісі. Бұл Әміре қажы қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткен соң тіркелген деректер. Яғни, төлқұжат тіркелген күнмен есептегенде Әміре қажы 1900 жылы 54 жасқа келіп қайтыс болды деп пайымдауға болады. Осыдан біз оның туған жылы– 1846 жыл деген қорытынды жасаймыз. Мұны құжатпен растау мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ, бұл нұсқа ең сенімді болып көрінеді.
Әкесінің жақсы атына балалары мен ұрпақтары кір келтірмей, лайықты өмір сүрді. Отбасы тарихында өшпес із қалдырған Әміре қажының барлық ұлдарының ішінде оның ұлы Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи екендігін жоғарыда атап өттік. Ол Уфа қаласы жоғары діни оқу орны – «Ғалия» медресесін бітірген. Ол кезде Ресейде бұл медресе мұсылмандардың ең беделді оқу орны болған, онда рухани біліммен қатар, зайырлы білімге, яғни, математика, физика, химия, философия және тағы басқа ғылымдарға көп көңіл бөлінген. Сол кездегі Қазақстанның көптеген прогрессивті қайраткерлері осы оқу орнында оқыған.Ол 1916 жылы оқуын бітіргеннен кейін, туған жері Сиыршы ауылында қазақ және орыс тілдерінде өз қаражатына мектеп ашады. Ондағы оқу екі тілде жүргендіктен, қазақ-орыс мектебі деп аталады. Бұл да «Ғалия» медресесін бітіруші түлектердің ұстанған бағыты еді. Орыс тілін оқып үйренуді ол қазақтардың әлемдік өркениетке кірігу құралы деп санап, басым бағыт ретінде мән береді.
Мектеп небәрі төрт жыл ғана жұмыс істегеніне қарамастан, осы өңірдегі халыққа білім беру ісінде айқын із қалдырды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 1916 жылы осы мектептің мұғалімі болуы да қызықты дерек. Зейнелғабиден әл-Жауаридің ағартушылық ісі нағыз самғау шағында кілт үзілді, ол 1920 жылы шығармашылық қарымы тебіндеген 37 жасында өмірден өтті. Ал, жалғыз баласы болса, Әнуар екінші дүниежүзілік соғыстан қайтпады.
Егер ерте қайтыс болмаса, онда Зейнелғабиден әл-Жауари ағартушы тұлға ретінде өз халқының тарихына әлі де қомақты үлес қосар еді. Ол 20 ғасырдың басындағы жазушы, педагог, Абайдың ұлылығын жоғары бағалаған адамдардың алғашқыларының бірі. Сондықтан, оның есімінің 1974 жылғы қазақ энциклопедиясына енгізілгенінің өзі тегін емес. Міне, осындай тың деректер, өз жұрағатының шежіресі мен фотосуреттері Әміре қажының шөбересі Клара Асқарованың «Атадан қалған асыл сөз. Рухани жаңғыру» кітабында толық көрініс тапқан. Бұл кітаптың бір данасы Омбы қаласында Пушкин атындағы мемлекеттік ғылыми кітапханасында да бар.
Иә, Омбы облысының Москален ауданында қазір де «Әміре сайы» деп аталатын көркем аймақ анадайдан көз тартады. Ол Ебейті көлін жағалай орналасқан аймақтық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорық мәртебесіне ие, Сібір табиғатының шұрайы болып саналады. Ер есімін елі ұмытпайды,жақсылық өшпейді, көңілден көшпейді деген осы-ау, шамасы. Мұны бізге Әміре қажы мен оның ұрпақтарының ізгі амалдары дәлелдей түсуде. 2022 жылы 20 тамызда біз айтқан Омбы жерінде Әміре қажы бабамызға орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі болып өтті. Оған Москален ауданының басшылары мен басқа да құрметті қонақтар қатысты. Сөйтіп, баба аруағы тағы бір аунап түскендей керемет күй кештік.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.