Тәуелсіздік – халқымыздың бақыты

Тәуелсіздіктің 31 жылында  елімізді барлық әлем таныды. Мемлекет басшысының ерен еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстан әлем таныған тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіздік – біздің мәңгілік рухани құндылығымыз, халқымыздың бағы.

Жер жаһандағы әр адам еркіндікте, азаттықта ғұмыр кешу бақытын көксейді. Сол еркіндік үшін, азаттық үшін аянбай айқасып, жанын қияды. Еркіндік, азаттық біздің халқымыздың ежелгі арманы еді.

Тәуелсіздік үшін күрес қанша қасиетті болса, сол күрес тарихы да, оның қаһармандарының есімдері де қасиетті. Сол арман күні кешеге дейін жалғасып, отыз жыл бұрын бақыт құсындай қолымызға қонды.

Отыз бір жыл бұрын туған Тәуелсіздік құрдастары бүгінде үлкен азамат, бірі басшы, бірі өнер мен спорт саңлағы, бірі диқаншы, бірі ғалым. Олар елімен бірге өсіп, жетіліп, жаңғырып келеді. Осы балалар нағыз Тәуелсіздік шежіресіне, өзгерістері мен өткелдеріне тап болған балғындар. Барлығы ұстаздан білім алып, білім саласында қол жеткізген жетістіктердің куәгерлері.

Білім саласының 30 жылдық тарихына көз жіберер болсақ, оны бірнеше кезеңге бөлуге болады. 1991-1994 жылдарды білім беру саласының заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру кезеңі, 1995-1998 жылдарды білім беру жүйесін және оның мазмұнын жаңартуға күш салынған жылдар десек болады. Ал 1999-2004 жылдары білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру мәселелеріне көңіл бөлінді. 2005-2010 жылдар аралығында білім беру жүйесі нарықтық экономикаға бейімделді. 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін – жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың ұлттық моделі қалыптасқан уақыт.

Қазақстан Республикасы Білім туралы заңының 8-ші бабына сәйкес, білім алу жүйесі жеті сатыдан тұрады: мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Республика орта мектептерінде үш тілде сабақ берудің жаңа стандарттары сынақтан өткізілді. Қазақстанның Болон процесіне жедел кіруі нәтижесінде еліміз үш деңгейлі модельге енді: бакалавриат-магистратура-PhD докторантура.

Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім деңгейі мен іздену шеберлігіне байланысты. Педагогикалық қызметке ынтасы жоғары, білім беру саласындағы үнемі жаңарып отыратын өзгерістерге икемді, жаңа технологияларды меңгере отырып, оқу-тәрбие үрдісінде қолдана алатын шығармашыл маман болуы тиіс. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолында ұстаздардың алатын орны ерекше. Білім мен ұстаз, теңіз бен қайық сияқты егіз ұғым.

Меңдігүл  ЖАМАНОВА,
Көкшетау қаласындағы  №21 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар