Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
РК-2 қазандығы қалыпты жұмыс істеп тұр - АРҚА АЖАРЫ

РК-2 қазандығы қалыпты жұмыс істеп тұр

Облысымыздың Аршалы ауданында, одан кейін Екібастұз қаласында болған жағдайлар күтпеген жайлардан ешкім де сақтана аламыз деп айта алмайтынын анық көрсетіп берді. Осыған байланысты кеше Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау жылу» ЖШС-ының РК-2 қазандығында болып, ондағы қысқы жылу берудің жай-жапсарымен танысты.

Серіктестіктің бас директоры Руслан Мақышевқа қойылған бірінші сауал істің нақты бүгінгі жайын қамтыды.

–Қалаға сапалы жылу беру үшін кәсіпорынның қуаттылығы жете ме? – деді облыс әкімі. Бұл сауалға жауап берген басшы 1998 жылы РК-2 қазандығында әрқайсысы сағатына 100 Г/калорийді құрайтын қуатты екі КВТК-100-150 су жылытқыш қазандықтың іске қосылғандығын атап өтті. 2007 жылы РК-2 бас ғимаратында дәл осындай үшінші су жылытқыш қазандығы орнатылыпты. Қазіргі қазандықтың белгіленген жылу қуаты сағатына 300 Г/калорий, – деді бас директор.

Серіктестік басшысының айтуынша, биылғы жылу беру маусымына 384,4 мың тонна көмір, оған қоса, 21600 тонна мазут қажет болып отырған көрінеді.

–Бүгінгі көмірдің қоры 44568 тоннаны құрайды. «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Екібастұз көмірін, ал, «СК энергетикалық сервистік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Майкөбе көмірін жеткізуге келісім-шарт жасалған, – деп сөзін жалғастырды Руслан Мақышев.

Облыс әкімінің осы келгенінде жылу орталығы алғашқы аязды күндері бетпе-бет келген проблемалар талқыланды.

Бұл орайда, Руслан Мақышев егер пәтерлер суық болса, мұның өзі пәтер иелері  кооперативтері тарапынан үйлерді қысқа дұрыс дайындай алмау мәселесімен байланысты екендігін жеткізді. Сондай-ақ, мұндайда жылу жүйесін өз бетімен қайта құру, белгіленген сұлбаны өзгертудің де кері әсері тиюі мүмкін. Келесі бір проблема, жертөлелерді дұрыс назардан шығарып  алудан, яғни, диаметрлері әртүрлі тұрбалар қоюдан, оларды қосу сұлбасының дұрыс болмауынан, материалдардың сапасыздығынан да туындайды.

Ермек Маржықпаев жыл сайын қысқы жылу беруде белгілі бір мәселелер туындайтын Жайлау, Юбилейный, Боровской шағын аудандары туралы да өз сұрағын қойды.

–Жайлауда насостарды ауыстырдық. Қазір онда қиындық жоқ. Ал, Юбилейный мен Боровской  шағын аудандарына келсек, оларда да бұл мәселелер шешілу үстінде, – деді бұл сауалға Руслан Мақышев.

Облыс әкімінің айтуынша, мұндай жағдайларды назардан шығаруға болмайды.

–Жөндеу жұмыстарымен күні бұрын айналысу қажет. Сонда ғана кем-кетіктерді уақытында түзеуге болады. Жылу-электр орталығының, яғни, ТЭЦ-тің құрылысы басталғанша біз бұл қазандықтармен әлі 5-6 маусым жұмыс істейміз. Ол уақытқа дейін тиісті шаралар қолдану керек, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Мұнымен бірге, кадрлық резерв, дебиторлық және кредиторлық қарыз, 2023-2024 жылдарға арналған жұмыс жоспары туралы сауалдар да көтерілді.

–Жылу беру маусымына нашар дайындаламыз. Бұл халыққа қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативтері, соңғы кездегі жаңа құрылымдар, барлығына да қатысты мәселе. Температуралық режимде айырмашылық көп. Пәтерлерде ол +15 пен +24 градус аралығында десек, қателеспейміз. Барлығы қашан жылу берушілер келіп, олқылықты түзеткенше күтіп отырады, – деп атап көрсетті облыс әкімі. – Соған қарамастан, биыл дайындық орайында біраз алға басушылық байқалатындығын да айтуымыз керек. Осы қол жеткен нәтижені баянды ету үшін тұрғындар да, жылу берушілер мен басқа қызмет өкілдері де бір-бірін қолдаулары керек. Ал, тез шешілуі қажет мәселелерде ешбір бейқамдық болмауы тиіс.

Иә, бұл сөздің жаны бар. Көптеп-көмектегенде ғана биылғы қысқы жылу беру маусымын тұтастай облысымызда да, Көкшетау қаласында да ойдағыдай өткізеріміз анық. Әзірге «Көкшетау жылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің РК-2 қазандығы бір қалыпты жұмыс істеп тұр. Қатал қыстың қалған айларында да осылай болып, келесі қысқы жылу беру маусымына да одан сайын  тыңғылықты дайындықпен келуімізге жазсын.

«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар