Ақмола облысында прокуратура органдарының үздік қызметкерлері марапатталды

Жыл сайын 6 желтоқсанда прокуратура қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі – прокуратура органдарының құрылған күнін атап өтеді.

Кәсіби мереке құрметіне “Көкшетау” мәдениет сарайында салтанатты жиын өтті, онда саланың үздік қызметкерлері мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Құттықтау сөзінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев прокуратура елдің, өңірдің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі кепілі болып табылатынын атап өтті.

“Ведомство жұмысының негізгі қағидаты халық игілігі үшін қызмет ету болып қала береді. Уәкілетті прокурорлар азаматтардың мүдделерін қорғауда, жария-құқықтық қатынастарда әлеуетті дамыта отырып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің нормаларын табысты қолданады. Өйткені, әрбір шағымның артында адам тағдыры тұр”, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Өңір басшысы заңдылықты нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне зор үлес қосқан ардагерлердің – Сәдуақас Бекболат, Бақыт Сұлтанов, Гүлнар Сағынова, Владимир Афанасьев және басқалардың үлесін ерекше атап өтті.

Кәсіби мереке құрметіне мінсіз қызметі және өз міндеттерін үлгілі орындағаны үшін қызметкерлер сыныптық шендермен марапатталды, сондай-ақ “Мінсіз қызметі үшін”, “Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл”, “Қазақстан Республикасының прокуратурасына 30 жыл” медальдары, “Прокуратура үздігі” төсбелгілері, ҚР Бас прокурорының дипломдары мен алғыс хаттары, облыс әкімінің хаттары және прокурордың грамоталары табысталды.

Іс-шара барысында жеті жас қызметкер салтанатты ант қабылдауға қатысты.

Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаевтың айтуынша, бүгінде прокуратура органдарының өкілдері азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында мақсатты жұмыс жүргізуде және ҚР Конституциясымен кепілдендірілген құқықтарды қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

“Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, прокуратура қызметкерінің жоғары атағын абыроймен алып жүруді, оны лайықты істермен ақтауды тілеймін. Бірыңғай топпен біз барлық маңызды міндеттерді шешуді жалғастырамыз. Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық және жұмыста үлкен табыстар тілейміз”, – деді Айдос Майлыбаев.

 212 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар