Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Германияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың мақсаты не - АРҚА АЖАРЫ

Германияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың мақсаты не

— Германияда оңшыл экстремистер мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар бұл төңкерісті біраз уақыттан бері жоспарлаған, тек оңтайлы сәтті күтіп отырған екен. Дегенмен бүгін таңертең арнайы операция нәтижесінде лаңкестердің жолы кесіліп, 25 экстремист ұсталды. Ал 50-ден астам адам күдікке ілінген.

Жалпы Германияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған кімдер және олар қандай жолмен билікті басып алғысы келгені жайлы ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Фото: DPA PICTURE ALLIANCE

Германия полициясы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып Бундестагқа (Германия парламенті) басып кіруді жоспарлаған «Рейхсбургер» атты оңшыл экстремистер тобына қарсы операция жүргізіп жатыр. Бұл туралы немістің Zeit газеті хабарлады.

Аталған газеттің жазуынша, Германияда сәрсенбі күні таңертең төңкеріс жасауға дайындалды деген күдікпен ондаған адам ұсталды. Таңертеңнен бері ел бойынша 3000 полиция қызметкері 130-дан астам үй мен пәтерде тінту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Төңкеріс жасамақ болғандардың артында кім тұр?

Қазіргі кезде мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысы бар деген айыппен 52 адам күдікке ілінген. Оңшыл террористік ұйымға мүше болған немесе оны қолдаған 25 адам қазірдің өзінде ұсталып, қамауға алынды. Бас прокуратураның дерегінше, олар елдің әр аймағында, атап айтсақ, Баден-Вюртемберг, Бавария, Берлин, Гессен, Саксония, Төменгі Саксония, Тюрингия, сондай-ақ Аустрияның Китцбюэль және Италияның Перуджа қалаларында тұтқындалған.

Фото:Pricke/NEWS5/AFP

Сонымен қоса құқық қорғау органдары күдіктілер қатарында Тюрингия ханзадасы Генрих XIII пен Германия парламентінің бұрынғы мүшесі Биргит Малзак-Винкеман бар екенін мәлім етіп отыр. Аты аталған немістің жоғары лауазымды тұлғалары қазір қамауда.

Яғни бүгін тінту жүргізілген нысандардың ішінде «Германия үшін балама» оңшыл партиясынан Бундестагтың бұрынғы депутаты Биргит Малзак-Винкеманның үйі де бар. Журналистер таңғы сағат 6 шамасында арнайы жасақ Берлиндегі Ванзи тұрғын ауданындағы таунхаусқа барып, есікті бұзып кіргенін жазған.

Бундестагтан кеткеннен кейін Биргит Малсак-Винкеман Берлин аудандық сотына судья болып орналасқан. Берлиннің әділет сенаторы биылғы маусым айында Малсак-Винкеманның конституцияға адалдығына күмән келтіріп, оны уақытша қызметінен босату туралы өтініш берген. Алайда әкімшілік сот бұл өтінішті қабылдамады. Дегенмен оның аталған топта қандай рөль атқарғаны туралы ақпарат әлі белгісіз.

Фото:Reuters

Ал ханзада Генри XIII 1918 жылғы қараша революциясына дейін қазіргі Тюрингия аумағын басқарған ескі дворян отбасынан шыққан. Аталған отбасы мүшелерінің Германия жерінде бірнеше сарайы бар екені белгілі.

Төңкеріс жасамақ болғандардың мақсаты не?

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері бойынша, төңкеріс жасамақ болғандар екі қанатқа бөлінген, олар – «Кеңес» деп аталатын саяси қанат және қарудың көмегімен ГФР үкіметін құлатуды мақсат еткен әскери қанат. Олардың кейбіреуі Бундестагқа шабуыл жасап, неміс депутаттарын кепілге алуды да жоспарлаған.

Ал халықты өздерінің соңынан ерту үшін елдегі электр жарығын өшіруді көздеген.

Сонымен қоса олар болашақ үкіметте кімнің қандай қызмет атқаратынына дейін белгілеп қойған. Дереккөзге сәйкес, «жаңарған» мемлекетті ханзада Генри басқарады деп келісілген. 2013-2021 жылдар аралығында парламент депутаты болған 58 жастағы Малзак-Винкеманды Әділет министрі етіп тағайындаған. Жоғарыда бүгін таңертең екеуі де ұсталғанын атап өттік.

Фото:© Der Spiegel

Ақпарат бойынша, төңкеріс жасауға талпынғандар өздерінің жоспарын нақты қай уақытта іске асыратынын әлі белгілемеген. Кейбіреулер мұны британ патшайымы қайтыс болған күні жасағысы келген болса, ал басқалары төңкерісті қандай да бір табиғи апатпен байланыстыруды ұсынған.

Bild газеті аталған топтың әрекетіне қатысты тергеу тамыз айында басталғанын жазды. Басылымның хабарлауынша, оңшыл радикалдар Германияда билікті басып алуды және монархиялық принциптерге негізделген жаңа мемлекеттік аппарат құруды жоспарлаған.

«Бұл – соңғы жылдардағы терроризмге қарсы ең ірі операциялардың бірі», — деп жазды неміс газеттері.

Ал Zeit басылымының жазуынша, күдіктілердің жоспары «Бундестагқа қарулы шабуыл жасау және саясаткерлерді ұстау» болған. Олар күш құрылымдарының кейбір қызметкерлері лаңкестік топқа қосылып кетіп, соңы «төңкеріске» ұласады деп жоспарлаған.

Фото:instagram.com/polizei.deutschland

Айта кетейік, бұған дейін неміс полициясы монархиялық режимді қалпына келтіру үшін мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалып жатқан «Рейхсбургер» лаңкестік ұйымын басқарды деген күдікпен 75 жастағы зейнеткерді тұтқындағаны жайлы хабарланған еді. Әйел басқарған топ энергетикалық инфрақұрылым нысандарына диверсия жасау арқылы Германияда азаматтық соғыс ашуды көздеген.

Басты фото: Christian Mang/Reuters

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар