Жаңа жыл мейрамында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайық

Құрметті көкшетаулықтар мен қала тұрғындары! Баршамыз асыға күтетін Жаңа жыл да таяп қалды. Осы мерекені тойлау кезінде Қытайдан және тағы басқа шетелден әкелінген, сертификаты жоқ пиротехникалық жарылғыш, жанғыш заттардың заңсыз сатылып, адам көп жиналатын орындарда, балалардың кез-келген жерде бей-берекет атып ойнауы салдарынан өрт оқиғаларына, тағы да басқа қайғылы жағдайларға жол беріліп, сонымен бірге, өздерінің де күйік жарақатын алу фактілері кездесіп жатады.

Осындай қайғылы жағдайларды болдырмас үшін Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері сауда орындары мен базарларға рейдтер ұйымдастыруда. Оның барысында сертификатсыз, лицензиясыз пиротехникалық жарылғыш заттар мен фейерверктерді сатқан кәсіпкерлерге және ереже талаптарын сақтамаған азаматтарға Қазақстан Республикасының тиісті заң талаптарына сәйкес әкімшілік шара қолданылатынын ескертеді.

Жоғарыда атап көрсетілген жағдайларды болдырмас үшін әрбір азамат, кәсіпкерлер, мектеп қызметкерлері тарапынан балаларға бақылау жасап, қадағалап отыруды баршамыздың қауіпсіздігіміз және міндетіміз деп түсінгеніміз абзал.

Жаңа жыл балалар үшін де, ересек адамдар үшін де қуаныш, қызығы мол мереке. Бұл мейрамда көңілге кірбің түспеуі үшін барлық сақтық шараларын қарастырып, іске асырған жөн.

Сондықтан, Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасы төмендегі өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін естеріңізге салады:

-мереке өтетін орындардың барлығын алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету;

-шырша кеші өтетін ғимараттың эвакуациялық қосымша есіктерін ашып қою;

-әрбір мекемеде өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында кезекшіліктер  ұйымдастыру;

-ерікті өрт жасағы үнемі дайын болуын қадағалау және өрт сөндіргіштерді жарамды күйінде сақтау;

-шыршаны бөлменің қақ ортасына орналастыру керек және шырша мен бөлме төбесінің арақашықтығы 1 метрден кем болмауы керек;

-шырша орнатқанда оған келетін электр желісінде кернеу 12 В-дан аспауы керек;

-электр желілері қызатын болса немесе басқа да ақаулары кездесе қалғанда оны дереу тоқ көзінен ажырату керек;

-шыршаны мақтамен көмкеруге жол бермеу;

-өрт қауіпсіздігін насихаттайтын үнпарақтарды көрнекті жерлерге ілу;

-жарық шамдарын жанғыш заттармен көлегейлеп, күңгірттенуіне жол бермеу;

Өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, Жаңа жыл мерекесі кезінде өз-өзімізге ұқыпты болайық, ағайын!

Егерде өрт қауіпсіздігі шаралары туралы сұрақтарыңыз болса, 101 және 112 немесе 25-80-32 телефон нөміріне хабарласып сұрауларыңызға болады.

Есенгелді ҚАЖҒАЛИЕВ,
Көкшетау қаласы ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау капитаны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар